ТАРИХҚА ТАҒЗЫМ– ҰРПАҚ ПАРЫЗЫ

Археологиялық ескерткіштерді зерттеу жолына түскеніме 55-жылдан  артық уақыт болды. Күннің ыстығына да, суығына да төзіп, маса-сонаның талауына түсіп палаткада өмір сүріп тапқан ескерткіштерден ата-бабаларымыздың қолдарымен жасалған бұйымдарын тауып олардың өмір-жайынан мағлұматтар деректер жинауға тырысамыз. Қазба жұмыстары жүріп жатқан жердегі жергілікті  адамдар біздің «алтын іздеп жүр» деп түсінбесе, басшылардың өзі археологтардың жұмыстарына онша мән де бермейді. Сондықтан көптеген археологиялық ескерткіштер із-түссіз жойылып кетіп жатыр. Мәселен, атақты Отырар қаласының үлкен  мешітінің кірпіштерін өткен ғасырдың 50-жылдарында Қызылқұм ауданының адамдары бұзып алып жатқан кезде академик Ә.Марғұлан кез болып оларды тоқтатқан. Бұзылудан аман қалған мешіт орнын ашық аспан астындағы мұражайға айналдырғанда кірпіштердің алынған жері көрініп жатыр. Бұл сол кездегі аудан басшыларының ескерткіштен ешбір хабары болмағандығын көрсетеді. 
Есік қаласының түбінде «Алтын киімді адам» табылған обаның да тарихи тағдыры қиын болған. Бұл обаларға тиісуге болмайды деген заң да бар. Соған қарамастан, Есік қаласының шенеуніктері «автотұрақ салуға оба кедергі  келтіріп тұр» деп оны бұзып алып тастамақ болған. Бұзып жатқанда адам жерленген ағаштан жасалған табыт кедергі жасаған. Мұны көрген бір азамат Алматыдағы Ш.Уәлиханов  атындағы  археология және этнология институтына хабарлайды.  Бұл хабарды естіген археология бөлімінің меңгерушісі Кемал Ақышев өзінің ғылыми қызметкері Бекен Нұрмұхамедовпен Есік қаласына барып, жатқан жағдайды өз көздерімен көрген соң, алтын киімді адамды аршып алған. Егер хабар берілмесе, қазба жұмысы жүргізілмесе, үстіндегі оба алынып, жер тегістелсе алтын киімді адам мәңгі жер астында қалған болар еді. 
Алайда көптеген обалар мен ортағасырлық қалалардың үсті көрші жатқан ауылдардағы қаза болған адамдардың зираттарына айналған. Мәселен, біз зерттеп жүрген атақты Сығанақ қаласының үсті зиратқа айналған. 2003-жылдан бастап қалаға зерттеу жұмысы жүргізгеннен бері Жаңақорған, Шиелі аудандық және «Егемен Қазақстан» газеттеріне қаланың тарихи құндылығының маңызы туралы жаздым. Зираттың басына аты-жөні жазылған адамдардың иелерін тауып, басқа жаққа жерлеуін сұрап 20-30-ға жуығын көшірттік. Бізді тыңдап бұлай істеген иелеріне ризашылығымызды білдірдік. Ал зерттеу кезінде қаланың ортасындағы орталық мешіттің, қаланың солтүстік батыс жағындағы төрт бөлмелі Ерзен хан кесенесінің, қаланың шығыс қақпасының алдындағы Һисамиддин  мен Хусамиддин ғұламалардың кесенесінің кірпіштерін толық алып кеткені көрініп жатыр. Жергілікті қариялардың айтуына қарағанда, бұл істер  1930-жылдары болған. Ғылыми жұмыс жүргізгенде бұл қалада 1927 жылы археолог А.Якубовский болып, бұзылып жатқан мешіттің суретін түсіріп, оны ғылыми журналға жариялағанын тауып алдық. Сол ғалымның   жазуы бойынша мешіттің қамыс, жыңғыл шығып кеткен орнын тауып, қазба жұмысын жүргізіп, негізін құландыдан тазалап алдық. Бұл ғимаратты алғаш зерттеп оны жобасын сызып қалдырған  ғалым В.Каллаур екен. Қазба жұмысы оның жобасын толық анықтады. Сөйтіп біздің қазба жұмысымыз ғимараттың архитектуралық жүйесін толық ашты. Ал Якубовскийдің  қалдырған суреті бойынша ескерткіштерді қайта жөндеу ұжымы ғимаратты қалпына қайта келтіруді жүргізіп жатыр.
Бұл жерде менің айтайын дегенім обалардың бұзылуы бұдан 30-40 жыл бұрын болған. Ал менің Сығанақта зерттеу жүргізгеніме 12 жыл өтті. Ортағасырлық Сығанақ қаласы туралы кітап шығардым. Осы кезге дейін не аудан не облыс әкімдігінен, мәдениет бөлімінен «сіз не істеп жүрсіз?» деген бір адамның болмағандығына таңданып, ойға қалдым. Әкімдердің өз жеріндегі тарихи-мәдени ескерткіштерден еш хабары болмағанына қынжылдым. 
Сөйтіп жүргенде халқымыздың өткен өмірінің айнасы саналатын ескерткіштерге жанашырлық танытқан Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Елеуұлы Көшербаевтың қамқор пейілін сезіп,  риза болдым.  Мені шақырып алып,  Сығанақ туралы кітабымды көрді. Әңгімені ескі қаланың басында жалғастыратынымызды айтты. Айтқанындай Сығанаққа келіп, менің зерттеген ғимараттарымды көріп, қаланы жаяу аралап шығып, оны толық ашуға көмек беретіндігін айтқанда қатты қуандым.   Қаланың қақпасын ашып жатқанбыз, күрішке тоқтатылған судың әсерінен ыза су көтеріліп қазуға мүмкіндік бермей тұрған еді. Тамыз айында күріштің суы жіберілген кезде қақпаның да суы кетіп, қазуды әрі жалғастыруға тура келді. Қосымша қаржы бөлінгеннің арқасында қақпаның негізінің төмен  қарай әлі де жалғасып жатқанын көрдік. 
Жазда Қызылорда облысының тарихи-мәдени мұраларын қорғауға және насихаттауға бағытталған облыс әкімі жанындағы ғылыми-әдістемелік кеңес құрылды. Алғашқы отырысқа 30-ға жуық археолог, өнер саласындағы ғалымдар шақырылған. Кеңес құрамында 25 ғалым енді. Академик К.Байпақов, С.Жолдасбаев, М.Елеуов, Ж.Құрманқұловтар өздері зерттеп жүрген археологиялық ескерткіштердің өте құнды мұралар екендігіне, оларды ашық аспан астындағы мұражайларға айналдырудың маңызына тоқталды. Кеңесте Қармақшы ауданындағы Қорқыт ата мемориалдық кешенінің жаңа эскиздік жобасы туралы Қазақстанның еңбек сіңірген суретшісі Бек Ибраев баяндап өтті. Халық жазушысы Олжас Сүлейменов бұл жобаны ЮНЕСКО тізіміне енгізу мәселесін көтерді.
Кеңестің алға қойған басты мақсаты ғылыми жағынан өте терең және ауқымды. Қызылорда облысы тарихи-мәдени, археологиялық ескерткіштерінің отаны десек, артық емес. Әр дәуірдегі ескерткіштердің көптігі жағынан бірінші орында. Сол мұралардың қорғаушысы, жанашыры болған облыс басшылығының бастамасына сәттілік тілеймін. 
Сәйден ЖОЛДАСБАЕВ,
Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті археология  ғылыми-зерттеу орталығының директоры.
Түркістан қаласы.
ТАНЫМ 23 қараша 2013 г. 720 0