1916 ЖЫЛ

ТАНЫМ | 21 декабрь 2013 ж. - 00:16 | Көрудің саны: 449
Сыр саңлағы, толқынды аққан дария суындай жырдан бастау алған әрі ақын, әрі жырау, орысша, қазақша, арабша сауатты Қаңлы Жүсіп Қадірбергенұлы өмір сүрген кезең Ресейдің отаршылдық саясатының кең өрістеген, сұлтандық пен болыстық жүйенің, қазақ елі арасында ру тартысының қанат жайған уақытымен тұстас. Қаңлы Жүсіп 1916 жылғы оқиғаға байланысты өз жүрегінен шыққан «1916 жыл» деген толғау-термесінде патшаның 1916 жылғы 28 июньдегі жарлығына бүкіл елмен бірге өз қарсылығын білдіріп, ақ патшаның озбырлық саясатын ашық көрсеткіндігін суреттейді.
Мұсахан ӘБДІҚАДЫРОВ.
І
Патшалық шығарды «заң-закүн» деген,
Жүргізді жол-жобасын әкімменен.
Сайлаумен елге басшы қоямыз деп,
Жар-досты жауластырды жақынымен.
Қайырымды халық басқарған 
қайратты ерлер,
Ел-жұртын игрмей ме ол ақылменен.
Қасірет пен көңілі ренжіп, көрмей теңдік,
Күні өтті кедей сордың қапылменен.
Масайрап малы көптер мәз болып жүр,
Тентектің шегі ашылмай мақұлменен.
ІІ
Сайлаумен дүрдараз ғып ел арасын.
Ұлғайтты ағайынның достан қасын.
Соттатып, бірін-бірі Сібірге айдап,
Ол түгіл өлімге де қиды басын.
Ала сот ағайынды етпес нағып,
Сайлауға сарып еткен соң ықыласын.
Күн бұрын сені болыс сайлаймыз деп,
Еттің жік, елдің бірлік шекарасын.
Екі жақты егестіріп соғар сүйтіп,
Еркінше «елуліктер» жеп парасын.
Параны көп бергенді қолдап әркім,
Сайлауда салар соның жақтап тасын.
Адамнан ауызбірлік кеткеннен соң,
Етерсің бар ма аласың, неғыласың?
ІІІ
Июньде 28-інші болды жарлық,
Патшадан алмаққа адам «мәдіқорлық».
Тастаған бұғалықтай байқаусызда,
Халайық таппады амал құтыларлық.
Бұл да ұмыт болар ма екен деп күйзеледі,
Басына адамзаттың түскен тарлық.
Халқы үшін құрбандыққа қиып басын,
Әр жұрттан шықты ерлер жанқиярлық.
Топтанып, тәуекелге бел байласты,
Шаруасын шамадағы жинап барлық.
Еш болды еңбектері есіл ердің,
Жабдықсыз жан қинаумен құр бекарлық.
Қарумен қолда қамшы, белде оң табан,
Жарақ сол жаудан қарсы кек аларлық.
Күн бұрын ауыл ала алған жинап,
Қаруын қазақтардың қолда барлық.
Ерлердің талабы зор, ызасы мол,
Қара үйден қамал жасап құрған жабдық.
Ол кісі ойға салып өлшестірсек,
Секілді жан далбаса таңғаларлық.
Орны жоқ өткенді айтып өкінгенмен,
Болғай тек енді қабылы еткен зорлық.
ІV
Өткен жыл ойдан кетпес тарылған күн,
Көз жасы көл дария боп ағылды күн.
Ұлу жыл мың тоғыз жүз он алтыншы,
Қайғыдан қатын-бала қырылған күн.
Саралап, сан мыңдаған «серке санды»,
Ертіпсіз окопқа деп асынған күн.
Елжірейді іші-бауырың еске түссе,
Шалонға сиғанынша салынған күн.
Ата-ана, аға-ініден айрыларда,
Еңіреп, естен жылап танылған күн.
Қалғандай қайғы-қасірет өміріне,
Қатындар қара киіп жамылған күн.
Жарығы жаңалықтың тарап халыққа,
Көптен жұрт, келді, міне, сағынған күн.
V
Білмекке жай жағдайдың барлап шенін,
Ескермек ерге міндет тең мен кемін.
Алды-артын әр нәрсенің аулайтындар,
Сөзімнің кем-кетігін сөкпес менің.
Дақпыртқа даурықпалы дағдыланбай,
Жұмылып ізденбек жөн жұрт керегін.
Асқақтап айлық, жылдық «амал» үшін,
Ерсі әдет, екі айырмақ елдің шетін.
Мен артық, сен кемсің деп базбіреулер,
Екпіндеп екі иінінен алар демін.
Ақтырмай жөн айтқанды жаудай көріп,
Қиынсыз қай-қайдағы қамдар кегін.
Ел аузы алалықтың әсерінен,
Бітпей жүр «бұлт қысырап» ексең егін.
Шаңынан шабуылдың шықпайды озық,
Кім бермек құр тосқанмен босқа тегін.
Білгірлер басшылық ет, басқар жұртты,
Игерген елдерге ұқсап етек-жеңін. 
Ерлерім, ел болудың жабдығын ет,
Қулардан құр олжалы болмай тегін.
Ізінде айтыс-талас жүргеніңде,
Кетпесін соғып қазан, қурап шөбің.
Ел едік бойында өскен аққан судың,
Малға жай көлеңкесі шыққан нудың.
Түркістан крайына қарайтұғын,
Халқы едік Сыр бойлықта қанша рудың.
Қырсығы кетер кезі болған жоқ па,
Пайдасыз басты ауыртқан құрғап дудың.
Шыға алмай шырмауынан ескіліктің,
Бүлініп бірің қашып, бірің қудың.
Тыңдарлық аға-ініге ілтімасым,
Ретін еске алсын деп ел болудың.
Қаңлы Жүсіп.
(Қараөзек, 1920 жыл).


Сондай-ақ... оқыңыз:

ЖАЗУШЫҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

ЖАЗУШЫҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев белгілі зерттеуші ғалым, Қазақстан Жазушылар одағының...
СЫР СYЛЕЙІ СӘРСЕНБАЙ ЖЫРАУ ЕСІМІ БЕРІЛСЕ...

СЫР СYЛЕЙІ СӘРСЕНБАЙ ЖЫРАУ ЕСІМІ БЕРІЛСЕ...

Қасиетті Сырдың елі ежелден-ақ асыл мұраға, тума таланттарға бай өлке. Жүз жырауды...
АНА ҚҰШАҒЫ САҒЫНЫШ

АНА ҚҰШАҒЫ САҒЫНЫШ

Соғыстан соң үш жыл өтіп, ел есін енді жинай бастаған тұста Бисенкүл апа мен Қасен...
ҚҰБА БИ

ҚҰБА БИ

Құба би Өтебайұлы (1700 ж. – 1796 ж.) – би. Кіші жүз ішінде Шөмекейден шыққан. Сыр,...
САЯЖАЙ ИЕЛЕРІНІҢ ТІЛЕГІ ЕСКЕРІЛЕ МЕ?

САЯЖАЙ ИЕЛЕРІНІҢ ТІЛЕГІ ЕСКЕРІЛЕ МЕ?

«Айтпаса, сөздің атасы өледі» дегендей, көкейді тескен, көмекейді бүлкілдеткен ой...
ЕЛГЕ ҚЫЗМЕТ ЕТУДІҢ ЕРЕН ҮЛГІСІ

ЕЛГЕ ҚЫЗМЕТ ЕТУДІҢ ЕРЕН ҮЛГІСІ

«Елдің атын ер шығарады» демекші, қасиетті Сыр өңірінің мақтанышына айналған,...
Пікір: