“КҮМІСАЙ" ӘНІНІҢ ТАРИХЫ

ТАНЫМ | 21 декабрь 2013 ж. - 00:17 | Көрудің саны: 853
Сыр сүлейлері шоқтығының көрнекті өкілі, атақты жырау, ақын әрі сазгер, Тұрымбет  Салқынбайұлын өзінің сенімді ізбасарларының бірі  Балқашбай Жүсіпов кезінде халыққа кең тараған бір термесінде: «Тұрымбет – ән атасы Кіші жүзде, тоғытқан әннің кесте көп өрнегін» деп ерекше бағалаған. Менің  өз басым Тұрымбет жыраудың  мақамдарын, әсіресе, өзгеше мәнермен орындалатын «Күмісай» әнін жыраулық, әншілік  репертуарымның басты арқауы санаймын. Бұл кісінің әндерін біз бала жастан жаттап өстік. Шіркін, Тұрекеңнің «Күмісай» әні бір керемет дүние ғой! – деген-ді бірде Қармақшыда өткен   бір әдемі кеште Алмас жырау тебірене  сөйлеп.
Бұл әннің шығу  тарихының өзі қызық.  Жас кезінде Тұрекең, менің жарықтық  нағашым,  өзбек елінің Тау-Елібай жерінде  (Тамды ауданы)  серілік құрып жүріп бір байдың  жаңа түсіп отырған келініне ғашық  болған  ғой.  Соны біреу «Тұрымбет әуейі болып жүр» деп Сырдағы  туыстарына жеткізеді. Бұл жақтағы ағайындары, ақсақалдары Тұрымбеттің елге оралғанын жөн санайды.  Сонда түйеге мініп елге көш бұрған   беттегі Тұрекеңнің  ғашық жарымен  қимай қоштасқан әні осы «Күмісай» екен.
– Бұл әңгімеге мен ертеректе Қармақшы өңіріне белгілі шебер  етікші, көне сөзге де жүйрік  кісі Қисықтың Оспанынан қаныққан едім, – деп Алмас жырау сөзін одан әрі жалғастырған. – Ол былай болған. Әскер  қатарынан оралған кезім. Ол кісінің өзі домбыраны солақай тартады, мәсіні де солай тігеді. Бастапқыда  біреуден «Қисықтың Оспаны Тұрымбет жыраудың «Күмісай»   әнін жақсы біледі екен» дегенді естігем. Тұрымбеттің көзін көрген кісі ғой. Оған қалай барудың  жолын қарастырған  болдым. Құр қол барсам, өзім де құр қайтуым мүмкін. Содан әуелі  жөн білетін Сұлтан Сармолдин ағайыма барғанды жөн көрдім. Ол кезде Сұлтекең аудандық Мәдениет үйінің директоры. Кеңсесіне барсам, қабырғада тізіліп тұрған су жаңа домбыраларға көзім түсті. Іздегенім алдымнан табылғандай, көз айырмай қарап қалыппын. Сұлтекең соны сезгендей:     
– Райком шақыртып жатыр еді... Қожеке, жәй жүрсің бе? – деді қулана жымыйып.
– Сұлтеке, мына домбыраның біреуін маған беріңізші.
– Оны қайтесің?
– Бір Қаратамырға ат ғып мінгізем, нағашым еді... (Ол кезде домбыра ескі ақшамен 22 сом тұрады).
– Кімге?!
– Қисықтың Оспанына...
– Немене, мәсі тіктірейін деп пе едің?
– Жо-ға... Осекеңде Тұрымбеттің «Күмісай» әні бар екен. Соны үйренейін деп...
Байқаймын, Сұлтекең ойланып қалды. Сонаң соң:
– Әй, қожам-ау, бұл дегенің үкіметтің мүлкі емес пе? – деді күліп. 
– Үкіметтің мүлкі болса, сендерге беріп жатыр ғой. Сендерге бергені – біздерге бергені емес пе?!
Ақыры болмай, бір домбыраны алып кеттім. Айдап отырып Қисықтың Оспанының үйіне келдім. Аласалау үйдің құрқылтайдың ұясыңдай бір бөлмесінде өзінің үйреншікті кәсібімен айналысып отыр екен. Тозығы жетіп, әр жері жұлым-жұлым болған аяқ киімдер жан-жағында үйіліп жатыр. Жөнделгендерін жоғары  жерге  іліп қойыпты.
– Ассалаумағалайкум! – деп кіріп барған  менің сәлеміме басын көтеріп, аузын жыбырлата  ажырая қараған етікші қарт:
– Уа, қай баласың? Сәлемші болсаң төрге шық! – деді тігіп отырған мәсісін былай  ысырып қойып.
Мен жөнімді айттым.
– Е, айналайын, сен екенсің ғой. Әскерден аман-есен оралғаның дұрыс болған. Менің тірлігім осы ғой... Қатын жоқ. Қорадағы малдың біреуі Қожаныкі. Қонақасыңды жеп кет...
– Рахмет! Алла разы болсын, Осеке!  Нағашымсың ғой...Сізге  ат мінгізейін десем, оның реті жоқ. Мына домбыраны  сыйлайын деп келдім.
– Өйбу, не ғыл дейт...
Домбыраны қолына алып, құлағын бұрап солақай тартып көрді.
– Тәуір домбыра  ғой мынау... Ой, айналайын, талап оң болсын! Ал, енді менде нендей бұйымтайың бар?
– Тұрымбет жыраудың әні «Күмісайды» сұрап келіп отырмын...
Содан көңілденіп домбыраны қолына қайта алды. Жіңішке мойын домбыраны өз ыңғайына бағындырып,  солақай шертіп, біраз ыңылдап отырды. Неткен үн, сұлу ырғақ! Тыңдаған сайын елтіп, емініп барамын. Әп-сәтте әннің әуезін де, сөзін де жаттап үлгердім. Осыны сезген етікші қарт енді мені тыңдауға пейіл бұрды. Оның солақайын оңқайға тез бұрып алып, өз пернемді дөп басқаннан кейін мен де тұңғыш рет «Күмісай» әнін шама-шарқымша шырқаған болдым. Қарасам, Қисықтың Оспаны  екі көзінен жас бұршақтап жылап отыр.
– Аға, неге жылайсыз? – дедім дұрыс айтпадым ба деп ыңғайсызданып.
– Айналайын-ай, көсегең көгерсін! Тұрымбеттің әні өлмейді екен, алысқа самғайды әлі! Сол бақытты сен көресің! Соған енді көзім жетті. Артында ұрпағы өсіп жетіле берсін!  Менің беретін батам осы, қарағым!
Қайран дуалы ауыз қарттарым-ай! Қисықтың Оспанының айтқаны келді. 
1982 жылы  сол Осекеңнен үйренген, бала жырау атағы күллі Сыр бойына, Арқа, Ырғыз өңірлеріне, Өзбекстан, Қарақалпақстан, Түркіменстан жерлеріне кең тараған Сыр сүлейі Тұрымбет Салқынбайұлының «Күмісай» әнін қазақ өнерін шетел жұртына таныстырып, кеңінен насихаттау мақсатында ұйымдастырылған бір үлкен мәдени шараның шеңберінде мен  бекзат Париж қаласында орындау құрметіне ие болдым. Сонда жалғыз Тұрымбет емес, Тұрмағамбет ақын, Базар жырау  шығармаларының  бал, шырындарына, бір сөзбен айтқанда,  Сырдың сұлу мақамдарына париждіктердің құмары әбден қанғандай болды. Мұны мен даңғайыр бабаларымның мейір, шапағаты, олардың аруақтарының  өзімді қолдағаны деп әрдайым перзенттік шынайы көңілмен тебірене еске алып жүремін...
Алты Алашқа танымал игі жақсыларымыз бен жайсаңдарымызға,оның ішінде өнердегі  дарабоздарымызға мейлінше құрмет көрсету біздің елімізде Тәуелсіздік таңы атып, қөк Туымыз көкке желбірегеннен бері ерекше жанданып, жаңа мазмұн мен жарасымды сипатқа ие бола бастағаны көңілге қуаныш нұрын ұялатады. Мұны «Сыр елі – жыр елі» атанған Қызылорда облысының өмірінен де айқын көруге болады. Осындай игі шара жақында осы облыстың жыраулар Отаны атанған Қармақшы ауданында «Тұрымбет – ән атасы Кіші жүзде» деген облыс жырауларының фестиваліне ұласты. Мұндай маңызды шараның жиі ұйымдастырылуы асыл өнердің  онан сайын жандануына, болашақ ұрпақтың  бастау бұлақ тәрбиесіне айнала түсуіне игі ықпалын тигізері сөзсіз.
Тұрымбет жырау Салқынбайұлының «Күмісай» әні Сыр  өңірінде жиі айтылады. Өнер – халықтыкі. Оның басқа да өңірлерге кеңінен тарағанына не жетсін?! Осындай мақсатпен мақаламыздың соңында «Күмісай» әнінің толық мәтінін оқырмандар назарына ұсынуды жөн көрдік. Ән  1896 жылы дүниеге келген.
Қош, аман бол, Күмісайжан, жолыққанша,
Мал, перзентке ер тоймас молыққанша.                                                                      
Өлгенше қызметіңді ұмытпаймын,
Шау тартып жас елуге толыққанша.

Қош, аман бол, Күмісайжан, көріскенше,
Естен кетпей жүрерсің көніскеше.
Білерсің қадір-мәулен кім бар, кім жоқ,
Енді айналып қолыңнан шәй ішкенше.

Қош, аман бол, Күмісайдан, жолыққанша.
Мал, перзентке ер тоймас молыққанша.
Шойтық желке, тар мықын біз бедеу ат,
Шаршамайтын торығып, зорыққанша.

Күмісайжан, біздер көштік Сырға таман,
Армансың қолды бұлғап құмда қалған.
Дүнияда бай болғанмен пайдасы не,
Айрылсаң жаның сүйген ғашық жардан.
Ибрагим БЕКМАХАНҰЛЫ,
жыраудың немересі, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.


Сондай-ақ... оқыңыз:

КЕҢ ДАЛАНЫ КЕУДЕСІНЕ СЫЙДЫРҒАН СЕРІ

КЕҢ ДАЛАНЫ КЕУДЕСІНЕ СЫЙДЫРҒАН СЕРІ

Иманжүсіп Құтпанұлы 1863 жылы қазіргі Павлодар облысы, Ақсу ауданы, Құркөл ауылдық...
ДӘСТҮРЛІ ЖЫРДЫҢ АЛТЫН АРҚАУЫ

ДӘСТҮРЛІ ЖЫРДЫҢ АЛТЫН АРҚАУЫ

Сахнаға Алмас Алматов бастаған Сыр бойынан келген жыршы-термешілер шыққанда,...
ЖЫР  АТАСЫ   ТҰРЫМБЕТ

ЖЫР АТАСЫ ТҰРЫМБЕТ

Жақында Қармақшы аудандық мәдениет үйінде шоқтығы биік өнер иесі, шырқау дауысты...
СЫР СYЛЕЙІ СӘРСЕНБАЙ ЖЫРАУ ЕСІМІ БЕРІЛСЕ...

СЫР СYЛЕЙІ СӘРСЕНБАЙ ЖЫРАУ ЕСІМІ БЕРІЛСЕ...

Қасиетті Сырдың елі ежелден-ақ асыл мұраға, тума таланттарға бай өлке. Жүз жырауды...
“ЕҢБЕКШІ ҚАЗАҚТЫҢ” АРБАКЕШІ

“ЕҢБЕКШІ ҚАЗАҚТЫҢ” АРБАКЕШІ

Ақын, жазушы Қалмақан Әбдіқадыров 1903 жылы туған. Тұңғыш "Сырдария” атты өлеңі 1925...
ӨНЕР ДАРЫҒАН ШЕБЕР

ӨНЕР ДАРЫҒАН ШЕБЕР

 Сәндік қолданбалы өнер түрін күнделікті тұрмыста жиі кездестіреміз. «Ою...
Пікір: