СЫР ЖЕРІНДЕ ТЕМІР ҚОРЫТҚАН ЗАУЫТ ТА БОЛҒАН

Алтын орданың салтанаты асқан Сығанақ қаласының тарихта айтарлықтай ізі бар. Қазіргі Қазақ мемлекетінің шегіндегі Көк орданың астанасы болған қала орнының өзімен түбі түріктің бәрі сағынысып көріседі десем, асыра айтқандық емес. 2005 жылы Сыр өңірінде өткен «Қорқыт және Ұлы дала сазы» фестивалінде жер-жерден келген, түркі тектес елдерден келген ғалымдар мен өнерпаздардың иегі кемсеңдеп, топырағына тәу еткендігін көзімізбен көрген соң нық сөйлеп отырмыз. Сол Х-ХІ ғасырларда Сығанақ қаласынан қашық емес Нәнсайдың сол жағалауында Күйеутам, Бестам, Жүніс секілді қалалар болған екен.
Бестамды белгілеп алар болсақ, Шиелі ауданының орталығынан 18-20 шақырым қашықтықтағы Оңтүстік-Батыс бетіндегі жазықтықта кезінде туын тіккен қала қаңқасы. Бұл қаланың басты ерекшелігі мынада: бұл жерде үш зауыттың орны анықталған. Бірі – темір қорытатын, екіншісі – кірпіш күйдіретін пеші бар зауыт, ал үшіншісі – керамика-сыр зауыты делінеді. Кейбір болжамшылар, зауыт санын 7-ге жеткізеді. Сонау жылдары нартәуекелмен археологиялық қазба жүргізген зерттеушілер осы қала орнынан қыш-құмыра сынықтарын, өңделмеген гипс, тас қайрақ және шақпақ тастардың бірнеше түрлерін тапқан. Зауыт орындарынан мыс теңгелердің кезігуі мұндағы көмбенің жұмбақ тұстарын қоюландыра түседі.
Полиметалл рудалары сынықтары және диірменнің ерекше түрінің де қалдық астынан табылуы да осындағы зауыттардың кең ауқымды екендігін білдірсе керек.
Бестам қаласының өз заманында ірі мәдениет және өнеркәсіп орталық болғандығына ой жетектейтін дәлелдемелер ізденген жанды қызықтыра түсетіндігі сөзсіз. Оның стратегиялық маңызы бар екендігіне Нәнсай бойындағы ертедегі керуен жолының Сығанақ қаласына тірелуі дер едік. Бұл жөніндегі жергілікті жерде айтылатын аңыздар осындай ойға жетелейді.
Айтпақшы, Бестамдағы құрылыс қалдықтары арасынан әк-балшықты бор мен ақ шақпақ (кварц) тасты диірменде майдалап қосу арқылы алған деген дерек көзі де қызықты емес пе?! Мүмкін, келешекте өркениет көшіне қажетті әлгіндей материалдарды қайта жаңғыртуға мүмкіндік туар.
Әрине, 1921 жылғы көктемдегі су тасқыны кезінде Нәнсайға дейінгі аралық түгел су астында қалып, көптеген дәйектемелер жойылды немесе жер астына кетті. Кейінгі колхоздастыру, кеңес үкіметінің көзжұмбайлықпен қарау нәтижесінде қажетті тарихи дәлелдемелер, дәйек-темелер көмескілене бастағаны да жасырын емес.
Кезінде атақты ғалым Әуелбек Қоңыратбаев «Бестам қорғалсын!» деген мақала жазып, шырқырады. Алайда, қозғалыс қуаты болмады. Бестам қаласының сол кездегі белгілерінің өзі көзден де, көңілден де өшіп барады.
Батыс Еуропаның тарихшылары көшпелі елдерді абориген (жабайылар) деп атап, олардың ешқандай мәдениеті болмаған десе, мынау қыруар қалалар соның теріс, нәсілдік ғылым екендігін анықтайды...
«Ата-бабалардың өнері, көптеген уақиға тарихы сондай қалалармен анықталатын түрі бар» дейді атақты ғалым Әуелбек Қоңыратбаев өз жанайқайында.
Бестамның тау бетінде негізгі қорғаны болған көрінеді. Олар – сыртқы су қорғаны, екінші топырақ қорғаны және ішкі 2-3 метрлік дуал қорғаны. Кейінгі көзге шалынған аумағының өзі 10 гектардан асатын қала өз құпиясын әлі аша қойған жоқ. «Мәдени мұра» аясында зерттеу жұмыстары жүргізілсе, бұл өз тарихымызға қосылған мол олжа болар еді.
Иә, қыпшақ даласының дәуірі өз тарихының айшықтылығымен құнды.
Нұрмахан ЕЛТАЙ.
Шиелі ауданы, Бестам ауылы.
Тарих 01 тамыз 2017 г. 981 0