Қызылордада екі ғасыр бұрынғы Құран табылды

Қызылорда облысы Жалағаш ауданындағы Мырзабай ахун мазарынан 19-ғасырдағы көне Құран табылды, деп хабарлайды Baq.kz агенттігінің өңірдегі тілшісі.
Болжам бойынша, аласапыран заманда құнды кітаптарды осы жерге Мырзабай ахунның өзі көмген-ді. Жел мен жаңбыр, күннің көзі тисе де рухани мұралар жақсы сақталған. Мұқабалары шіріп, парақтары жыртылған. Алайда, бір жарым ғасырдан астам уақыт өтсе де жазулары ап-анық көрініп тұр.
«Мен Мырзабай ахунның шөбересімін. Баба қорымын қайта жөндеуден өткізейік деп, қазып жатқанда кітаптың мұқабалары мен парақтарын тауып алдым. Кітаптар тым тереңге көмілмеген. Екі жарым қапқа толды кітаптар. Алланың нығыметінде шек жоқ. Мұқабалары бүтін, сандық ішіне әкеліп салдым, Құран оқып. Бір жарым ғасыр болып отыр ғой енді жердің астында жатқанына. Мұның не сыры барын, не жазылғанын ғалымдар анықтап берсе екен», – дейді ахунның шөбересі Ораз Салқашұлы.
Ахун Азаматұлы Мырзабай шамамен 1833 жылы қазіргі Жалағаш ауданында дүниеге келіп, 1916 жылы дүниеден озған. Діндар ғұлама, әулие, емші. Ауылда мұсылманша сауат ашып, Бұхарадағы «Көкілташ» медресесін бітірген. Біраз жылдар Бируни қаласының маңындағы Тақтакөпір деген жерде ұстаздық еткен. Елге оралғаннан кейін мешіт ұстап, шәкірт тәрбиелеген. Әмме жұртты аузына қаратқан ахунның әулиелігі жөнінде де аңызға айналған әңгімелер көп. Бірінде ол Кеңес үкіметінің күйреп, қарға тамырлы қазақтың ақ таңы ататынын айтқан екен.
Мырзабай ахунның қасиетті Құраны табылды дегенді естіп, бір бөлігін тәбәрік қылып алуға арнайы келгендер бар екен.
«Кітаптары бір сандық болыпты. Ахунның аруағы желеп-жебеп жүрсін деп, ұрпағыма шапағаты тиер деп тәбәрік алдым. Біз енді мұны оқуды білмейміз, бірақ білетіндерге көрсетіп, оқытып, жазып қойсам деген ниеттемін», – дейді ауыл тұрғыны Ерім Телжанұлы.
Мырзабай ахунның шөбересі Ораз Салқашұлы бұл құндылықтарды музейдің қарауына өткізіп, еліміздің рухани жаңғыруына үлес қосқысы келеді.   

Тарих 02 тамыз 2017 г. 709 0