АЖАЛДЫ ЖЕҢГЕН АБЫЗ

Түрк халықтарының ғасырлар қойнауынан сүрлеу тартқан салқар да шытырман тауарихы табиғат пен тұлғаны түйістірген түрлі құбылыстарды басынан кешіп, бүгінгі толағай белесіне көтерілді. Дәуірлер мен заманалар, қоғамдық жүйелер алмасып халықтың тағдыры тығырыққа тірелген өліара кезеңдерде алаш жұртына әманда көшбастаушы тұлғалары жол көрсетіп отырды. Түркі жұртын алып бәйтерек десек, сол бәйтеректің әрбір жапырағы бүршік атып, әрбір бұтағы қаулап өскен сайын діңі жуандап, қабығы қалыңдап, өзегіне түскен сақина саны арта берді. Толықсыған мәуелі бәйтерек лықсыған дән-дәнегін алысқа шашып отырды. Мұндай кезеңдерде санада сілкініс туады, жұрт танымы түлейді, замана тудырған толғақты сауалдарға кемеңгер даналар жауап беріп, бұл оқиғалар халықтың жадына қатталып, жан дүниесіне бедерлі із қалдырады.
Бұл ретте ажалмен айқасып, өлімді өнердің құдіреті арқылы жеңуге болады деп өнеге қалыптастырып, киелі күй мен қастерлі жырдың теңдессіз құндылық екенін жария еткен Қорқыт ата түрк халықтарын ізгілік пен мәңгілік өмірге шақыратын ұлы ұран, рәміз-код, тағылымды мирасқа айналды, оның ардақты аты алаш жұртына кісілік кілті болып келді. Ұлы Дала өркениетін Қорқыт ата ілгері жылжытты, топтап толықтырды, кемеріне жеткізе кемелдендірді.
Даланың данагөй дара тұлғасы ұлы ойшыл, жырау, сәуегей, абыз, әулие Қорқыт ата түрк халықтарының кеудесіне құдіретті ұран болып ұялады, қара тасты қақ жарып көктеген жасыл желекті шынардай қадым дәуірден бүгінге жалғасқан саялы тұлға болды. Ол – бағзыдан жеткен түпкі сенімді серт етіп, түрік бітігінде «мың жылға, түмен күнге жететін» өсиетін өрнектеген Тоныкөк пен ислам өркениетіне тәу еткен Ясауи аралығындағы рухани кеңістікті ұластырып тұрған біртуар кемеңгер. Жағырафиялық тұрғыдан қарасақ алтын бесік, баба мекен Алтай, оғыз-қыпшақтың атажұрты Сыр бойы, кейінгі кенже топырақ Кавказ бен Анадолы аймағын өз есімі арқылы біріктіріп тұрған толағай тұлға. Оның рухани келбетінде тәңір мен ислам, дала мен қала әпсанасы, оғыз бен қыпшақтың шежіре-дәстүрі түйісіп, жарасымды үйлесім тапқан. Ол кейде ақбас Алтайдан жер жәннаты Жетісуға, Сырдария бойына жөңкіле көшкен, тәкаппар Кавказ бен миуалы Анадолыға жылыстап жайылған жауынгер түркілердің желмая мініп жер бетін шарлаған ұлы ойшылы іспетті көрінеді.
Мәңгілік өмір үшін күресу – бұл адамзат баласының ежелгі ақыл-ойынан, танымынан хабар беретін алыс заманның жаңғырығы. Қорқыт ата әйгілі Гильгамеш сияқты ажалға қарсы арпалысады, өмір суын іздеп, ақыры өлімнің дауасын іздеп табады. Ол дауа – мәңгілік өмір жыры қобыздың күйі. Осылайша Тәңірінің өзіне ұқсатып дара сипатта жаратқан адамның асыл рухын обыр өлімнің мұқалта алмайтынын әйгілеп, жалған дүниеде ұлы өнердің мәңгілік екенін айғақтайды. Қорқыттың өлімге қарсы күресу сарыны – оғыздардың баба жұрты ұлы далада айтылатын алтын аңыз. Күллі адамзат үшін мәңгілік мәнді мәселе болып келе жатқан шексіз уақыт, тоқтаусыз тірлік туралы толғаныс Қорқыт атаны қай заманда да кемеңгер ойшылдардың қатарына қосады, ізгілік пен өмір нұрын дәріптеуші ретінде өзекті ете түседі. Бұл туралы М.Әуезов «Дүниежүзі фольклорында, ескі мифтік, діндік ертегі-аңыздарында осы Қорқыт ата сияқты өмір үшін, өлімге қарсы алысқан бірнеше ұлы бейнелер бар... Соның бірі грек мифінде – Прометей, осетин аңызында – Амран, үнді аңызында – Сиддхартха болса, қазақ ескілігінде Қорқыт болады» деп жазады.
Сол себепті өркениеттер мен дәуірлерді тоғыстырған, ұлы даланың бел ортасында отырған қазақ, қырғыз, башқұрт, қарақалпақ, ноғайда Қорқыт ата аса көне тарихи мәнге ие ежелгі заман өкілі. Қорқыт ата қырғыздарда әулие, тәуіп адам ретінде бейнеленеді. Қырғыздың кейбір аңызында ол ажалдан қашып дүниені кезуші, енді бір аңызында желмаясына мініп бүгінге дейін жаһанды аралап жүрген қасиет иесі. Қазақтың ұғымында ол – тек Тәңірге табынған барлық бақсылардың атасы, пірі. Қобыз аспабын алғаш жасаған ұста, алғаш күй шығарған музыкант, алғаш өлімді жеңген қаһарман, дүниенің төрт бұрышын шарлап жан мен тәннің, рух пен материяның айқасын шарпыстырған ұлы ойшыл. Осылайша тұңғыштық пен жасампаздық мәнге ие Қорқыт бейнесі қазақта архаикалық сипатта. Оның өлімге қарсы күрес жүргізуі, «Қайда барсаң, Қорқыттың көрі» деген қатал тағдырға өнері арқылы тойтарыс беруі адамның ішкі әлеміне оптимистік қайсар рух дарытады, өнердің құдіретін салтанатты етеді.
Ұлы Далада айтылатын аңыздарда Қорқыттың дүниенің төрт бұрышын шарлауы, ақыры әлем ортасы саналатын өзінің туған байтағы – Сырдарияға келіп ажалға дауа табуы, тұңғыш қобызды жасауы көне түркілік ұғымдардың сілемі екенін ғалымдар дұрыс аңғарған. «Саймақтың сары өзені», Сарыарқа, ұзын дария Сыр ежелгі түсінікте ғаламның ортасы болып саналған. Космос тік кеңістікте алып бәйтерек, көлбеу кеңістікте ұлы өзен түрінде болатынын зерттеушілер айқындаған. Олай болса байырғы ұғымда Сырдария ғарыштың орталығы болып саналып, бәйтерек секілді киелі ұйық мекен болған. Алып бәйтерек пен ұлы дария – түрк заты үшін ғаламның қуат-күшін, уақыт пен кеңістіктің қақпасын ашатын құдіретті рәміз. Дәл осы кеңістікке оралған Қорқыт ата мәңгілік өмірдің баламасы күй өнерін тауып, күллі адамзатқа өнер қазынасының уақыт категориясына бағынбайтынын айғақ ете алды.

Қоңыраулы қобыздың қоңыр үні

Түркі дүниесі үшін Қорқыт, қобыз, оғыз, абыз деген сөздер ықылым заманнан бері мәндес, біртұтас құбылыс. Қобыз күллі ыспалы аспаптардың атасы болса, Қорқыт – сол қасиетті қара қобыздың иесі. Қобыз көне болғандықтан оның атауын түрк халықтары негізінен ортақ сипатта атаған. Башқұрт – қыл-кубыз, тыва – хыл хомус, татар – кобуз, кубыз, өзбек, қарақалпақ – кобуз, түрікмен – оклы гопуз, балкар – кыл-кобуз, кобуз, чуваш – хама-копас, моңғолда – хуур.
Қорқыттың өнер арқылы жасаған алғашқы аспабы да, әмбе киесі де қара қобыз. Қобызды ежелгі түркі-моңғол ұлыстары «хор, хуур» деп те атайтынын айттық. Мүмкін оның ныспысы «хор құт», яғни арғы мәні «қобыз құт» деген біріккен сөзден шыққан да шығар деген ой туады. Бәлкім, құттың қорғаушысы, қорушысы деген мағына берер. Қайткен күнде, Ұлы Даланың перзенті болған Қорқыт атауының қасиетті құтқа қатысы талассыз ақиқат.
Жыраулар мен абыздарға, ұзандар мен бақсыларға серік болған аққу кейіпті, қаз үнді, құлағы сылдырмақты, қуыс шанағы айналы қара қобыздың түпкі иесі Қорқыт екені, оны «қарағайдың түбінен қайырып, үйеңкінің түбінен үйіріп, ақ қайыңның безінен айырып, ортекенің мүйізін тиек, желмаяның терісін шанақ, тұлпардың қылқұйрығын қияқ қылып» жасағаны бақсы сарынында айтылады. Үстіне көбе киген, қолына аса ұстаған аузы дуалы Йолықтегін, Құбатегін, Кетбұға, Сыпыра жыраулар хандардың қасында болып замана тарпын, қара қазан, сары баланың қамын қасиетті қобызбен толғаған. «Қорқыт ата кітабында» батырлар жорыққа өзімен бірге қобызды алып жүріп, майдан даласында күй ойнайтын дәстүрі айпарадай етіліп жазылғаны таңғалдырады.
Қорқыт атаның аманат мирасы қобыз десек, қобызды сақтаған да, қобыз күйлерін бүгінгі ұрпаққа жеткізген де қазақ халқы екендігі Алаш елінің ошағының алауын күзеткен текті жұрт болғанымыздың айғағы емес пе?! Қобызын бәйгеге қосқан дәулескер бақсы Кетбұқа, Қойлыбай, бағаналы Балақай, Молықбай, кейінгі буын Ықылас Дүкенұлы – Қорқыт ата дәстүрін жалғастырушылар. Бүгінгі күнге Қорқыт атаның «Қорқыт», «Сарын», «Байлаулы киіктің зары», «Башпай», «Қара қалмақ», «Әуппай», «Желмая», «Қоңыр», «Тарғыл тана», «Ұшардың ұлуы» секілді күйлері мен сарыны көне ғасырдан ұласып жетіпті.
Алаштың алдаспан ақыны Мағжан қарағайдан қобыз шауып алғашқы музыкалық аспапты өмірге келтірген Қорқыт ата туралы:
«Бір күні шошып тұрып көргендей түс,
Кесіп ап қарағайдан қылды қобыз.
Қыл тағып қобызына сөйлетіп ед,
Алтайды күңірентіп шықты лебіз», –
деп жырлайды. Ақын Қорқыт атаны түркі өркениетінің алтын бесігі Алтайда туған, жер бетіндегі алғашқы қобыз Алтайда жасалған деп болжайды. Түркі жұртының киелі қара шаңырағы Алтайда абыз Қорқыт қыл қобызда сарынын бебеулетіп, алты сан алашты аузына қаратқаны айдан анық.
Түркі академиясы ұйымдастырған археологиялық экспедиция бұрнағы жылдары Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданы Алтай тауының сілемі Қарақаба деген жерден қару-жарағын тағынған жауынгер жыраумен бірге көмілген көне қобыз аспабын табуы Мағжан ақын сөзінің ізінде ақиқат жатқанын дәлелдегендей. Академия мамандары бұл жәдігердің мерзімін VІІІ ғасырға көне түркі мемлекетінің дәуіріне жататынын тұжырымдаумен бірге көне қобызды сәтті жаңғыртты. «Қорқыт» поэмасының түйінінде сәуе-гей ақын «шеше алмай жан жұмбағын шерлі Қорқыт... Көрге де қобызымен кірді Қорқыт» деп айтуы – Қорқыт дәстүріндегі абыздардың моласына қобызы бірге қойылатынын тұспалдап тұр емес пе?!

«Қорқыт ата кітабы» – ізгіліктің ұраны

Қара тасты да мүжіп жоқ қылатын алып уақыт пен кеңістіктің қатал талқысына дес бермей құрыштай шыңдалған Қорқыт ата мұрасы барша түркіге ортақ жауһарға айналды. «Қорқыт ата кітабы» әлемнің ақыл-ой қазынасына қосылған інжу-маржан саналады.
«Қорқыт ата кітабы» – даланың данагөй абызына қатысты туған бағалы мәдени ескерткіш. Осы жырды зерттеген В.Бартольд, В.Жирмунский, Х.Короглы, Ә.Марғұлан, Ә.Қоңыратбаев секілді ғалымдар эпостың негізгі сарындары Ұлы Далада ауызша туғандығын тұжырымдаған. Батыс оғыздары арасынан эпосты жазып алушы мұраға әдеби өңдеу жасамай қаз-қалпында бергендігі сөз нақысынан, эпикалық толқынды иірімдерінен байқалады.
Әйгілі дастанның толық аты «Кітаби ғали лисан тайфа оғузан» деп аталады. Жыр екі орында сақталған: Ватикан (12 жыр) һәм Дрезден (6 жыр) нұсқасы. Дрезден нұсқасын хатқа түсірген Абдаллах ибн Фарах. В.Бартольд 1922 жылы орыс тіліне аударған осы нұсқа 1950 жылы Бакуде, 1962 жылы Мәскеуде басылды. Жырды Ә.Қоңыратбаев пен М.Байділдаев 1986 жылы орысшадан, Б.Ысқақов 1997 жылы түрік тілінен аударып жариялады.
ХV ғасырда хатқа түскен, Қорқыт атына жинақталып, топталған «Кітаби дәдә Қорқыт» эпосында оғыздардың кейінгі қонысында пайда болған кейбір ұғым-түсініктер, жер-су аттары, діни сарын қабаттары да бар. Бұл эпостың табиғатынан баба жұртын сағынып, пір тұтқан ел ұзандарының Қорқыттың атын түпқазық етіп, түптөркіні байырғы баба топырақтан бастау алатын жыр аңыздарды Әзербайжан, Кіші Азия аймағында қайта-қайта айтып топтап, жинақтағаны, әдемі эпосқа айналдырғаны білінеді. Жырда ұлы дала эпосына тән телегей теңіз төкпелік, шымыр желі, композициялық кестелі үйлесім кеми түскен. Отырықшы қалалық елдің ертегі айту машығына тән тосын диалог, шытырман новеллалық сарын, айтушының әміршіге бағыштаған тілек сөзімен түйінделетін өзгеше өрнек аңғарылады.
Бұл дастан ғалымдардың пікірінше әзербайжан оғыздары арасында тұтас тұлғалы эпостық шығармаға айналып, толыса түскен. Әйгілі ғалым Ә.Қоңыратбаев дастандардың жетеуі Сыр бойында, бесеуі Кавказда пайда болған деген пікірге бейіл білдіреді. Демек, бұдан Кавказ тарапына Қорқыттың өзі емес жаңа бояумен жаңғырған сөзі барған, қасиетті бабаның рухының ұшқыны жаңа мекенде жаумен қидаласқан қалың ұрпағын жебеген, киелі аруағы Балқан асқан бахадүрлерге пана болған деуге болады.
Анадолы топырағына табан тіреген жүректі де білекті батыр бабалар танымы – Грек философиясына, қалыбы – Рим мемлекеттігіне арқа сүйеген христиандық Батыспен бетпе-бет келгенде, өзіндік кескін-келбетін жоғалтып алмауға септесетін рухани иммунитет іздегені анық. Дін мен дәстүрдің үйлесімінен туған мұндай ішкі қуатты қалқанды түріктер Қорқыт атадан тапқан сыңайлы. Сондықтан Қорқыт ата кітабы – түрк тілі мен тарихының түпсіз тереңдігін танытатын Қашқаридің әйгілі сөздігін, түрк мемлекеттілігі мен мәдениетінің өрелі өрісін көрсететін Баласағұнның «Құтты білігін» және түрк руханияты мен өміршең өнегесін әйгілейтін Ясауидің дана хикметтерін бойына жинақтаған ұлттық кодқа айналды.
Ислам ілімі кең қанат жайған оғыздар арасында хатталған «Қорқыт ата кітабында» Қорқыттың ажалмен айқасуы, бақсылық сипаты айрықша көріне бермейді. Алайда, «дәдә Қорқыт» – сәуегей, қиын сәтте жәрдем беруші, тарыққанға жол сілтейтін ақылгөй, түс жорушы болжампаз, батырға есім беруші батагөй, нақылшыл дана, жыршы ұзан. Дегенмен, оның көріпкелдік қасиетті сипаты әрегідік қылаң беріп отырады. Қазақтағы Қорқытқа тән ажалға қарсы шығу сарыны бұл кітапта Тоқа баласы ержүрек Домрулға қатысты жаналғыш әзірейілге күрес түрінде әңгіме етіледі.
 Кітапта Қорқыт бір жағынан осы эпосты жырлаушы, бір жағынан кейіпкер ретінде араласады. Эпоста Орталық Азиядан ұласқан сюжеттер басымдыққа ие екені қарапайым көзге де айқын көрінеді. Эпостың негізгі сарындары, кейіпкерлерінің есім-сойы, жер-су, ру аттары қазақ даласында мол ұшырасады. Мысалы, Қазылық, Қаратау, Шәуілдір, Түркістан, Қарашық, Домбауыл, Байбөрі, Бамсы Байрақ (Алпамыс), Байшұбар, Бану шешек, Қазан, т.б. Бұдан байқайтынымыз, Қорқыт атаның өмір сүрген өлкесі де, ол туралы жырдың тууына түрткі болған түпкі сюжеттер табиғаты да Ұлы Далаға тән.
Жалпы, дәстүр сабақтастығын, мәдени мұра жалғастығын ескермей оғыз бен қыпшақтың арабайланысы баяғыда аяқталған деп есептеп, ортасына қамал тұрғыза салу қиянат болады. Кавказ тарапына оғыздармен қатарлас қыпшақтар да барғанын, бұл екі ұлыстың қанаттас өмір сүргенін, бірін-бірі толықтырып телқоңыр дәурен кешкенін қазіргі тарихшылар айқындап отыр. Бұл жайында сөз қозғаған Ә.Марғұлан қазақтың құрамында оғыздардың да сілемі бар екенін, бертін келе кейбір (кете, кердері, адай, абдал) тайпалары қазақ құрамына қосылғанын алға тартады.

Түгел түркіге ортақ тұлға

Әйгілі Әлішер Науаи: «Алланың нұры жауғыр Қорқыт ата еді, түркі ұлысы арасында одан даңқты, одан асқан кісі жоқ еді. Оның даңқы ешкімге жеткізбейтін еді. Өзгешелігі, данышпандық атының көп шығуы, неше жыл өзінен бұрынғыны білуі, неше жыл өзінен кейінгіні болжап, келешекті айтып беруі, оның таңғаларлық нақыл сөздері осы күнге дейін бар» деп дала өркениетінің данагөйіне бас иеді.
Түркі әлемі үшін Қорқыт ата дәуірі түбегейлі бетбұрыс, жолайрық заман болғаны шындық. Оғыз, қыпшақ секілді түркі тайпалары Еуразия кеңістігінде сеңдей сапырылысып, қоныс жаңалады, өріс ұлғайтып жатты. Кейбірі ислам дінін қабылдап, кейбірі ескі сенімінде қала берді. Бұл кезеңде ту көтерген оғыз-қыпшақ қауымын рухани жебеуші Қорқыт ата болды.
Оғыз бен қыпшақтың айырылған тұсына халық осылайша сөзбен ескерткіш тұрғызады. Ұлы түркіден сарқыт алған оғыз бен қыпшақ тайпаларының қуатты одағы ІХ-ХІ ғасырларда Сыр бойында өркениеттің үздік үлгілерін қалдырып, түркі әлемінің туын желбіретті. Бұл одақ саяси-идеологиялық қайшылық түскен соң біртіндеп ыдырағаны да белгілі. Алайда, тарих көшінің бұралаңында арасы алшақтаған ағайын ұлыстарды біріктіруші тұлға, ұлы рәміз – кемеңгер Қорқыт ата болды.
Қорқыт ата туралы жыр-аңыздарда теңіздей толқыған, киіктей жосыған оғыз-қыпшақ тайпаларының қилы тағдыр-тәлейі, Алтайдан Сыр бойына, одан Кавказға, әрі қарай Анадолыға дейін жайылған көші-қонының ұзын-ырғасы, соқпақ сорабы бас қосып, елес береді. Сыр бойында жасаған Қорқыт ата оғыз бен қыпшақтың түйілісі, тәңірілік сенім мен ислам дінінің қиылысы дәуірінде ғұмыр кешкендігі, өркениеттер тоғысқан, дала мен қала салты жарысқан жолайырық дәуірдің дәнекерші тұлғасы болғандығы оның бай мұрасынан айқын көрінеді. Ал Оғыз-Қыпшақтың бір ананың қағанағынан жарылған егіздей ұялас кезеңі Сыр бойында өткені мәлім. Қорқыттың атасы оғыз, нағашы жұрты қыпшақ еді дейді көне шежіре.
Қазыналы Қорқыт ата мирасын бағзы заманнан әр жұрт өзіне тәбәрік еткен, сондықтан оның әр ұлыста өзіндік ерекшелікке ие жыр-әпсанасы сақталған. Қорқыт ата уақыт пен кеңістіктің қою мұнарынан арасы алшақтаған алашты қасқағым сәтте біріктіре алатын, басын қосып ізгілік пен жеңіске бастайтын дала дарабозы. Бұл оның оғыз-қыпшақтың еншісі бөлінбеген дәуірде өмір сүрген нар тұлға екенін көрсетеді.
Қорқыт атаның бейнесінде мифтік астарлы бояу қалың болғандықтан кейбір шығармаларда оның 295 жыл жасап, үш әміршіге уәзір болғаны айтылады. Бір деректер Мұхаммед пайғамбарға елшілікке барғанын, Аббас әулеті Бағдатты басқарып тұрған шақта өмір сүргенін алға тартады. Ұшан теңіз мәлімет қорын тексере келе академик Ә.Марғұлан Қорқытты VІІ-VІІІ ғасырда Сыр бойында дүниеден өткен тұлға деген қорытынды жасайды.
Ұлылар бір жерде туып, мың жерде өледі» деген қанатты сөз бар. Қорқыт атаның қабірінің өзі үш жерде аталады: Түркияның Байбұрт ауданы, Кавказда Дербентте, Сырдария бойында Қармақшы ауданында. Жалпы, ұлы қайраткерлердің тыным тапқан киелі орындары қатарынан екі-үш өлкеде орналасқан деп айтыла беретіні бар. Мәселен, әйгілі Арыстан баптың қабірі Қырғызстанда, Отырарда және Сыр бойында бар. Мұндай киелі орындарға кей жағдайда марқұмның сүйегі жатпаса да құрбан шалып, дұға оқитын болған. Қорқыт атаның қазақтағы әпсана-мифтеріне қарағанда, оның бейнесі көне түркілік дәстүрден ажырай қоймағаны білінеді. Ендеше, кейінгі дәуірде болған оғыз көшімен Қорқыт атаның рухы, мирасы еріп барған деуге болады.
Қорқыттың бейітін ұзақ заманалар бойына жел мүжіп, су шайып, әбден тоздырған-ды. 1898 жылғы қазан айында мазардың басына барған белгілі оқымысты Ә.Диваев осыны көзімен көріп, «Қорқыттың ежелгі бейіті өзінің соңғы күндерін бастан кешіп жатыр», – деп күйзеле жазды. Белгілі ғалым В.Жирмунскийдің «Сыр бойында Қорқытты қадірлеудің мың жылдық өнегесі бар» деуі де бекер емес.
«Ғарыш қақпасы» саналатын, жер кіндігі іспетті Байқоңыр маңында ірге тепкен Қорқыт ата кешені мәңгіліктің мәнін меңзеп тұрғандай. Сондықтан, Қорқыт атаның кісіліктің кілтіне нұрлы бастау болатын бай мұрасын адамзаттың ақыл-ой қазынасы тұрғысынан әлемдік кеңістікте дәріптеп, өскелең ұрпақтың кәдесіне жаратудың маңызы зор. Тұңғиық терең философиясы жасампаз өмірге құштарлықты өзек еткен Қорқыт мұрасына дүркін-дүркін қайта үңіліп, дәуір ағыстарына сай қыртыс-қатпарларын жаңаша бағамдап әрі бағалап оты¬¬ру – бүгінгі зерделі қауымның бір парызы.
Дархан ҚЫДЫРӘЛІ «Егемен Қазақстан».
Тарих 08 тамыз 2017 г. 59 0