Жеті хан жерленген Сарайшықтан Сталин туралы кітап табылды

Жеті хан жерленген ежелгі Сарайшық қаласының орнынан Сталиннің өмірі баяндалған кітап табылды. Бұл туралы жергілікті журналист Нұргүл Ысмағұлова «Хан ордалы Сарайшық» мемориалды кешенінің директоры Молдаш Бердімұратовқа сілтеме жасап хабарлады, деп жазады Tengrinews.kz.
Қызыл түсті қалың кітап киізге оралған күйі топырақтың астынан шыққан. 1949 жылы Мәскеу баспасынан таралған кітаптың бірде-бір беті сарғаймай, сол күйінде сақталыпты. Кітаптың авторының кім екені көрсетілмеген.
Ақсақал туындының неліктен бұлай жасырылғанын тап басып айту қиын екенін жеткізді. «1953 жылдан кейін қарапайым халық сол кездегі саяси ахуалға, қуғын-сүргінге байланысты күдік тудырмас үшін көміп тастаған болуы керек. Болмаса, оның балалық шағынан бастап баяндалған жазбаны жанашырлықпен жасырған болуы мүмкін», – дейді Молдаш Бердімұратов.
Айта кетейік, қазіргі таңда Жайық суы шайып бара жатқан қаланы сақтап қалу үшін өзеннің жағасы бекітіліп жатыр. Бұған дейін Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев бұл жобаға 1,5 миллиард теңге бөлінгенін мәлімдеді. Жұмыс 2018 жылы аяқталуы тиіс. Сонымен қатар, биыл Мәдениет және спорт министрлігі Сарайшықты қалпына келтіру үшін 100 миллион теңге бөлетінін хабарлады. Шаһардың орнын туристік орталыққа айналдыру жоспарланған.
Көне қаланың орны Атырау қаласынан 45 шақырым жерде Жайық өзенінің жағасында орналасқан. Алтын орданың саяси, экономикалық орталықтарының бірі болған қала Қасым ханның тұсында Қазақ хандығының астанасы атанды. Жібек жолының бойында тұрған мұнда 7 хан жерленген. Олар: Мөңке, Тоқтағу, Жәнібек, Әмір Оқас, Қасым хан, Ших Мамай және Жүсіп хандар.
Тарих 22 тамыз 2017 г. 92 0