РЕСЕЙ КЕҢЕС ОДАҒЫНЫҢ СОҢҒЫ ҚАРЫЗЫН ЖАПТЫ

Ресейдің Қаржы министрлігі Кеңес Одағынан қалған соңғы берешегін жапты. Атап айтар болсақ, осы уақытқа дейін ресми Мәскеу Босния мен Герцеговина мемлекеті алдындағы қарызын өтей алмай келгені белгілі. Өйткені кезінде Югославияның құрамындағы Хорватия, Сербия, Черногория, Словения және Македония елдері тәуелсіздік алғаны белгілі. Аталған елдердің алдындағы қарызын Ресей 2011-2016 жыл толықтай өтеді. 2017 жылдың 21 наурызында Босния мен Герцеговина үкіметаралық келісімге келгеннен кейін барып қана берешекті жабу мүмкін болды.

Қаржы министрлігінің деректеріне қарағанда, қазіргі кезеңде Ресейдің Кеңес Одағынан қалған қарызы бар ел – Оңтүстік Корея ғана. Сондықтан оны да толықтай жабуды көздеп отыр. Ресейліктер кәрістерге 594,3 миллион доллар берешек. Мұны да ертерек жабуы мүмкін. Егер мұндай қадам жасалса, Ресей қазынасына көп шығын келмейтін көрінеді. Елдің бұрынғы Қаржы министрі Алексей Кудриннің айтуынша, 2006 жылдың тамыз айына дейін Ресей Париж кредиторлар клубына мүше елдер алдындағы 21 миллиард доллар қарызын толықтай жапқан. Соның нәтижесінде 7,7 миллиард доллар қаржысын үнемдей алған. Ресей  Лондон кредиторлар клубына мүше елдер алдындағы қарызын да ертерек өтеп, 1 миллиард долларды үнемдеген көрінеді.

2017 жылдың ақпан айында Македонияға 60 миллион доллар қайтарылды. 2016 жылдың сәуір айында Қытайға 400,97 млн швейцар франкін төлеп, одан да құтылды. Сондай-ақ, осы жылы Кувейт қазынасына 1,1 миллиард доллар төледі. Словакия мен Сербияға 1,7 миллиард доллар беріп, олармен де есеп айырысты. 2013 жылы Финляндия, Чехия мен Черногорияға 3,65 миллиард доллар ақша төледі. Әрине, мұның барлығын  да ресми Мәскеу қаржылай өтеген жоқ. Кейбір материалдарды өніммен немесе жоғары технологиялық жабдықтармен де қайтарғанын айта кеткен жөн.

 

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ

Тарих 23 тамыз 2017 г. 569 0