«ШИЕЛІ» КАНАЛЫ ҚАШАН ҚАЗЫЛДЫ?

Облыстың оңтүстігіндегі шөлді аймақты суландыратын үлкен каналдың бірі – «Жаңа Шиелі» каналы. Аталған су жолы 1940 жылы ерте көктемде қазыла бастаған еді. Елді шоғырландыру, егіншілікке бет бұрғызу мақсатында сол кезеңде Жаңақорған ауданында Тайпақкөл каналы, Жалағаш ауданында «Шіркейлі» каналы қатар қолға алынғанды.
«Жаңа Шиелі» каналының қа¬зылуы екі кезеңнен өткізілді. Ал¬ғаш¬қысы ерте көктемде бір айға созылып, 4-5 колхоз күріш дақылын егіп үлгергендігі ескі деректерден белгілі. Әр ауылдан, әр колхоздан жиналған 2 мың адам ұйымшылдықпен жұмыс істеп, канал жұмысы ә дегеннен дұрыс бағыт алған. Канал қазу жұмысының жалғасы сол жылдың күзінде, яғни, 5 қазан күні қайта басталып, бұл шара бүкіл облыстық сипатқа ие болған-ды. Жаңақорғаннан бастап, Аралға дейінгі жұртшылықтың үлес қосуымен 5 айда канал құрылысының негізгі жобасы салынды. 15 мың кетпенші күннің суығына, ызғарына қарамай жан¬кешті еңбек етуінің нәтижесінде келер көктемде тың алқапқа ағын су келе бастады. Ұлтаны 10-12 метр, тереңдігі 3-4 метр келетін каналдың топырағы үш өткелек арқылы сыртқа шығарылып отырылды. Сол топырақпен каналдың ернеуі биіктетілді. Топырақты, лай балшықты қолмен тасымалдауға ата-аналарымыз қанша күш-жігер жұмсағандығын ойша түйсінген кейінгі жас жерден өнген нанның қаншалықты тәтті боларын сезінер еді.
Ұлы Отан соғысы басталар 1941 жылдың наурыз айының соңында қазылып біткен «Жаңа Шиелі» каналының сол кездегі мәліметтерін аудандық «Стахановшы» газетінің арнайы шығарылған «Шиелі құрылысшылары» бюл¬летенінен көруге болады. Осы ерен еңбек үлгісі болған дала жұмысында Шиелі ауданының «Гигант» колхозының еңбеккерлері өз әріптестерінен озып шығып, көшпелі Қызыл туды жеңіп алыпты. Сондай-ақ, «Қызыл Ту» колхозының 70 жастағы кетпеншісі Қ.Ташпанбетов және А.Данияров, М.Оспановтар күндік нормаларын 3 есеге артығымен орындаған екен. Осы науқанға қатысқан Ы.Жақаев ауылының тұрғыны Әбдімәулен Рахметов ақсақал өз сөзінде былай деген-ді:
− Мен ол кезде аудандық комсомол комитеті үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі едім. Аудан басшысы Шушанин деген кісі болатын. Канал қазу жұмысының басында аупарткомның хатшысы Тұрсынқұлов және аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы М.Молстанов жолдастар тұрды, – дейді ардагер ақсақал. Ол кісінің айтуынша, осы қызылтулық Мәулен Ыбыраев өз нормасын жұрттан бұрын аяқтап, демалып отыратын көрінеді. Батпагүл Жақаева, мұрап Абылай Оспанов, колхоз бастығы Пірмаш Нұрбековтердің жарғақ құлағы  жастыққа тимей, көпке ортақ осы шаруаның  дер кезінде игілікке айналуына көп еңбек сіңіргендігін Жақаев ауылының тұрғындары тамсана әңгімеледі. Осы орайда мына бір деректі  де келтіре кеткеніміз жөн-ау. Бір адамның күндік нормасы 18 м3 болатын болса, көптеген еңбек озаты 20-60 м3 жерді қазып, күндік тапсырманы тіптен асыра орындап жүріпті. Олардың қара жұмысқа деген қажырлылығымен қатар келешекке деген сенім күшін тасытып, жігерлендірген болуы керек. Кейінгі жылдары арнасы кеңейтіліп, көлемі ұзартылған бұл каналдың қазіргі жалпы ұзындығы жүз шақырымнан асады. Орташа өлшеммен алғанда секундына  120-140 м3 су жіберетін  канал осы өңірде 54 мың гектар егіндік, жайылымдық, шабындық жерді суландыруға қуатты деп есептелінген.
Көп жылдар бойы су шаруа¬шылығы мекемесінде еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққан мұрап, республикаға ерекше еңбегі сіңген гидротехник Мұхаммедияр Сейтов канал құрылысының кейіннен бірнеше рет жөндеу, кеңейту жұмыс¬тары нәтижесінде маңыздылығы арта түскендігін тілге тиек етті. Шиеліден шыққан 41 Еңбек Ерінің маңдай тері осы каналдың суына қоса тамшылағандығы олардың бүгінгі ұрпағы үшін мақтаныш деп ойлаймыз.
Өз сөзімізді бүгінгі күнге жақын¬датсақ, бұрынғы сағаны, құм, лай батпақтың мөлшерден тыс басып қалғандығынан 90-шы жылдардың соңы, екімыңыншы жыл¬дардың басында атақты Шиелі ауданы егіншілік саласында жос¬парлы өнімдерін ала алмай жүрді. Сондықтан да, 2003 жылы қо¬сымша жаңа саға қазу ұйғарылды. Ауданның сол кездегі әкімі Ерлан Мұстафаев ақсақалдармен, мамандармен ақылдаса келе, осы тұжырымға табан тіреді. Өздерінің ішкі мүмкіншіліктерін саралай келе, облыс тарапынан да көмек болмаса, қиын тиетіндігін де естен шығармады. Қаржы тапшылығы жағадан алып тұрған шақта облыс әкімі Серікбай Нұрғисаев  қаржылық көмек беріп, қолдау көрсеткен еді.  
Жаңа сағаның ұзындығы 1520 метрге созылады. Бұл жұмысты «Мелиоратор» жауапкершілігі шек¬теулі серіктестігі  жүргізді. Ме¬кеме бұл жұмысқа 10 экскаватор, 10 бульдозер, 2 скреперін  қатыс¬тырды. Нәтижесінде каналдың жаңа сағасын қазу жұмысы өз мер¬зімінде сапалы аяқталды. Мамандардың есептеуінше,  жаңа саға арқылы секундына 40 м3 су алуға мүмкіндік бар көрінеді. Яғни, аудандағы барлық инженерлік жүйеден өткізілген 27 мың гектар алқапқа тиесілі аяқсуды уақытылы жеткізіп беруге мүмкіншілік ашылды. Жаңа сағаның қазылуы барысында сол шаруаның бел ортасында Перден Архабаев, тәжірибелі ауылшаруашылық маманы Константин Хван, гидротехник Жүзен Қоңқаев, су шаруашылығының бастығы Абдулла Мақұлбеков, тағы да аты аталмаған көптеген азаматтар жүрді.
Жаңа канал қазылғаннан бастап аудан ағын судан таршылық көре қоймады десек болады. Мұны Шиелі ауданының әр жылды табыспен аяқтап, жоғары еңбек нәтижесін көрсетуімен бағалауға болар. Ал өткен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында шиеліліктер облыс¬та чемпион атанып, зор абыройға кенелді. Тағы бір айтатын нәрсе, шаруа қожалықтары, ұжымдармен қатар ауданның тұрғындары да жеке егістерін егіп, өз әлеуетін көтеруге мүмкіншілік алғандығы. Мәселен, жылма-жыл 2-3 мың гектар көлемде бақша дақылдары егілсе, соншама көкөніс те жайқала өседі. Мұның сыртында картоп дақылын егу тәсілін меңгерген диқандардың да өзіндік үлесі бар. Ағын судан қысылмаса, шиелілік диқандардың егіншіліктің байырғы қалыптасқан озық тәсілінен әлі де жаңылыса қоймасы анық. Оның үстіне Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өміршең бағдарламалары арқылы ауыл шаруашылығына зор мән беріліп, Үкімет тарапынан қолдау жұмыстары жүргізіліп келеді.
Міне, ел ырзығына айналған «Шиелі» каналының қысқаша жылнамасы осылай тарқатылады.  

Нұрмахан ЕЛТАЙ.
Тарих 18 қыркүйек 2017 г. 74 0