СҮҢГУІР КЕМЕНІҢ АЙТЫЛМАҒАН АҚИҚАТЫ

Ғасырлар құпиясы болып шегенделіп қалған оқиғалар қоғам өмірінде аз болған жоқ.  Дегенмен, мұндай оқиғалардың бірі Солтүстік теңізде орын алды. Әскери-теңіз оқу-жаттығу жиынында Отан алдындағы міндетін атқарып жүрген  69  ержүрек жауынгері бар №1 атом сүңгуір кемесі Норвегияның Медведжий аралының маңында 105 метр тереңдікте теңіз шыңырауына батып кеткен болатын. Апатқа ұшыраған «Комсомолец» соңғы үлгідегі құпия қайық болғандықтан, оның ақиқаты кешеге дейін айтылмай келді.
Кешегі кеңестік заманда Әскери-Теңіз Флоты саласында жәй қатардағы матрос емес, лауазымдық шені жоғары қызметтегі әскербасылар арасында қазақ ұлтынан шыққан азаматтар саусақпен санарлықтай еді. Апатқа ұшыраған кемеде 1-ші рангалы капитан шеніндегі, әскери-теңіз құрамасы командирінің орынбасары қызметін абыроймен атқарған біздің жерлесіміз Талант Бөріқұлақов бар еді.  
Талант Әмитжанұлы Бөріқұлақов 1947 жылы мамырдың 5 жұлдызында Ресейдің Горкий қаласында дүние есігін ашқан. Қазақта «Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі» деген тағылымға толы сөз бар. Таланттың әскери бағытты таңдауына әкесі тікелей себепші болды. Табиғаттың берген дарындылығымен жас Талант Дзержинский атындағы әскери-теңіз инженерлік училищесін үздік тәмамдап шығады. Сүңгуір қайықтың, дизельді сүңгуір қайықтың қыр-сырына әдбен қанық болған бозбала сан рет практикалық жаттығуларда өз мамандығының майталманы екенін дәлелдейді. Бірнеше рет дизельді сүңгуір қайықпен алыс жолдарға бет алып, талай сындардан өтеді. Ол кейіннен флоттағы саяси қызметке ауыстырылып, қайсар мінезді азамат бас әскери флот басқармасындағылармен бірнеше рет келіспей де қалады. Өйткені, «механиктен» саяси қызметкер қайдан шықсын деп білсе керек. Бірақ, Талант Бөрқұлақов өзінің қызметке деген сүйіспеншілігімен, таланттылығымен, табандылығымен, тілімен, тәртібімен, іскерлігімен, тіпті, түрімен Солтүстік флоттың әскери теңізшілерінің ерекше ілтипаты мен құрметіне бөленеді.
Бүгінгі заманда сүңгуір қайықтар дивизиясы болса, жедел түрде адмирал шені берілетін еді. Ал, Талант екінші рангалы капитаннан жоғарыларда кезегін басқалардан төрт жыл артық күтіпті. Шындығын айтуымыз керек, кеңестік дәуірде бөтен ұлт өкілдерінің әскер саласында, соның ішінде әскери-теңіз флотында жоғары қызметтерге көтерілуіне кедергілер жасалынғаны анық. Талант қазақ жастары арасынан әскер флоты саласындағы ең жоғары оқу орны Адмирал Нахимов атындағы Жоғары әскер-теңіз училищесін алтын медальға бітірген  санаулы саңлақтардың бірі. І рангалы капитан әскери шені мен адмирал (генералдық) қызметін атқарған Талант Бөріқұлақов көзі тірі болғанда биыл 70 жастың жетегіне шығар еді.
Талант Бөріқұлақов Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Өркендеу ауылының тумасы. Таланттың әкесі Әмитжан «Сыр сүлейі» деп аталатын киелі сөздің иелері шыққан, қасиетті топырақ шайырлар мекенінің белгілі жыршысы, орақ ауыз, от тілді шешені, ақынжанды азаматы болатын.
Елімізге тұтқиылдан шабуыл жасаған неміс фашистерімен болған қанқұйлы соғысқа қатысып, батырлығын дәріптеген әкесі Әмитжан Ұлы жеңістен соң, Беларусь жерінде үш жылға жуық әскери борышын өтеуге бел байлайды. Офицер кадрларының сапында жүріп, дархан еліміз бен жеріміздің қорғаныс қабілетін күшейтуге көп еңбек сіңіреді. Жеңістен кейінгі жылдары Әмитжан өміріне өз жаңалығын алып келді. Өзімен қан майданда бірге болған орыс қызы Клавдия Николаевнамен дәм-тұзы жарасып, отбасын құрады.
1947 жылы 5 мамырда Әмитжан тұңғыш рет перзентті болады. Бала¬ның болашақ ғұмырына сеп болатын бір тылсым күш есінде болса керек, нәрестеге «Талант» деген ат беріледі. Араға бір жыл салып, Әмитжан әскер қатарынан босайды. Қарап отырса, елден шыққанына тура алты жылдың жүзі болыпты. Туған елге, туған жерге, ағайын-туысқа деген сағыныш сезімі де күннен-күнге ұлғайып, бір бүйрегі өскен өлкесіне ауа береді. Сөйтіп, туған елге оралуға бел байлап, жеңгеміз Клавдияға өз байламын жеткізеді.
Осылайша, Әмитжан мен Клавдияның тағдыры екі айырылады. Шалғай алыста жүрсе де, Әмитжан өз перзенті алдындағы әкелік борышын ұмытпайды. Таң шапағынан Таланттың тілеуін тілеп, оның амандығы үшін дұғасын оқып жүреді. Таланттың алғаш мектеп табалдырығын аттауы, оны тәмамдауы, адмирал Нахимов атындағы жоғары теңіз училищесін үздік бітіруі мен үйленуі, немерелі болуы арасындағы барлық тойларға қатысып, қолынан келген көмегін көрсетеді. Өз бауырынан шыққан перзенттің үйіне жолаушылап барып, бір ауық мауқын басып қайтып жүрді. Таланттың болашағынан зор үміт күтетін, азамат боларына сенетін. Ал, Талант болса, өз қатарының алды, сегіз қырлы, бір сырлы болып ержетеді.
Пешенеге жазылған тағдыр болар, Әмитжан ұлының қайғылы қазаға ұшырағанын көзімен көріп, құлағымен естіген жоқ. Мұндай азапты оның көтере алмасы анық еді. Алайда, әлемді дүр сілкіндірген бұл қайғылы оқиға бүкіл дүние жүзіне жайылып, соның арасында қазақ атты қайсар халықтың бір өкілі бар екені паш етілді. Жауынгерлік тапсырманы мүлтіксіз орындағаны үшін (қаза тапқаннан кейін) Талант Бөріқұлақов КСРО Жоғарғы Кеңесінің жарлығымен «Қызыл Жұлдыз» орденімен наградталған.
Біреудің есінде болса, енді біреудің есінде қалмаған оқиға уақыт өткен сайын өз жаңалығын әкеліп, жаңғыра түсуде. Талант Бөріқұлақов ешқашан ұмытылмайтын ерлік жасады.
Жауынгерлік сапта мәңгілік есімі қалған сол 42 жауынгердің арасында біздің жерлесіміз, сүңгуір кемелер құрамасының саяси істер бөлімінің бастығы, І рангалы капитан Талант Бөріқұлақов та бар еді.
Арада қанша жылдар өтсе де, 1989 жылғы сәуір айында Солтүстік көк теңізде К-278 «Комсомолец» атом кемесінде өрт шығып, шыңырауға кетуінің шындығы ұзақ уақытқа дейін айтылмай келді. Араға 10 жыл салып, дүние жүзінде теңдесі жоқ атом су кемесінің өртке шалдығу себептерін тексеруге шешім шыққанда «Курск» кемесінің қайғылы оқиғасы орын алды. Құрамында бір нүктеге бағынатын ядролық қаруы бар әскери кеменің нендей жағдайда апатқа ұшырауын жариялау ол кезде мүмкін емес-ті.
Мұндай апат бұған дейін де бірнеше рет орын алған болатын. 1990 жылы 15 наурызда тірі қалған бірнеше экипаж мүшелері «Красная звезда» газетіне ашық хат жазып, оқиғаға ашық пікірлерін білдірді. Бұл жерде өлгендердің соңында қалғандардың сөзі есепке алынбады. Экипаж да, оның жеке құрамы да апатқа ұшырамауға тиіс еді. Сол кездегі әскердегі тәртіпсіздік, іс-қимылдың есепке алынбауы жаппай бассыздықтарға алып келген. Кеме басшылығының өртті өз күштерімен сөндіруге деген арпалысы ешбір нәтиже бермеген. Әйтсе де, оның зардабы одан да күшті болуы ықтимал екені даусыз. Экипаж құрамының жанкештілігі арқасында ғана алапат апатқа жол берілмеген. Теңізшілер ешбір үн шығармай өмірімен қоштасып жатты. Ешкім де асып-сасып айқай шығармады, не қоштаспады. Қандай өкінішті жағдай десеңізші...
Егер сол тұста «Комсомолец» құпияланбағанда, ол апатқа ұшыраған сәтте халықаралық «SOS» белгісін берсе, небәрі 108 шақырым жердегі Норвегтің жағалау күзет кемесі елден бұрын келуі мүмкін екен. Олардың Будедегі бас құтқару қызметі орталығында тікұшақ та бар болыпты. Олар дереу жетіп саты арқылы адамдарды шығарып алуға қабілетті. Бәрі сүңгуір кеме мәңгілік суға кеткенше жүзеге асатын шаруалар. Бірақ, ең соңғы үлгідегі сүңгуір қайық өз құпиясын сақтау үшін шет жерліктерді көмекке шақыра алмайтыны анық.
Ерлігі елге мәлім Талант Бөріқұлақов Горький қаласында жерленді. Оны жерлеу кезінде Солтүстік флот әскерлері жауынгерлік сап түзеп, құрмет көрсетілді. Әскери құра¬мада жауынгерлік даңқ бұрышы ұйымдастырылып, оған Таланттың есімі мәңгілікке жазылды. Талант шынайы патриот бола білді. Оның ерлік өнегесі жастарды патриоттық сезімге тәрбиелейді.
Б.ҚОЖАМБЕРЛИЕВ,
философия ғылымдарының  докторы, профессор.
Тарих 30 қыркүйек 2017 г. 80 0