ДОСБОЛ ДАТҚАНЫҢ КЕСЕНЕСІ ЖАҢАРТЫЛДЫ

Шиелі ауданындағы «Оқшы ата» тарихи орнында қазақ халқына есімі белгілі даңқты шешен, атақты би Досбол датқаның қайта жаңғыртылған кесенесі салтанатты түрде ашылды.
Рәсімді Шиелі ауданы әкімінің орынбасары Алмасбек Есмаханов құттықтау сөз сөйлеп ашты. Жиынды «Мәдениет қайраткері»  Өркен Исмайл жүргізіп, аталған шараның Елбасының «Мәдени мұра» бағдарламасына сай қолға алынғанын тілге тиек етті.
Шешеннің елдің ынтымағы мен бірлігіне сіңірген еңбегі әлі күнге ел есінде және де оны құрмет тұтады. Жиын барысында кәсіпкердің әкесі Жаныс Әуезов, ағайындары атынан журналист Қазбек Ботаев пен айдарлылық ақсақал Қалдыбай Айтбайұлы шежіреден сыр шертіп, датқаның өнегесін тағы да еске алды. Еске сала кетейік, Досбол Қорабайұлы 1800 жылы Ұлытау өңірінде дүниеге келген. Қазақ жерінің түрлі аймағында билік айтқан әйгілі шешен 1890 жылы қазіргі Шиелі ауданының Бала би ауылында, өз туыстары  орналасқан жерде дүние салады. Ол осындағы көне зират «Оқшы атада» жерленген. Басына көтерілген кесене уақыт тезіне шыдамай көркемдігін жоғалта бастапты. Осыны көрген ұрпақтарының бірі, кәсіпкер Камил Әуезов кесенені қайта жаңғыртуды осы жаз айында өз қаржысы есебінен қолға алып, жуырда аяқтап шықты. Міне, жаңаша келбетке ие болған кесене көркіне риза болған жұртшылық аруаққа арнап, дұға бағыштатады.

Нұрмахан ЕЛТАЙ.
Шиелі ауданы.
Тарих 17 қазан 2017 г. 69 0