ПІЛДІ ЖЫҚҚАН ҚАЗАҚ

Үлкендерден қазақ балуандарының өгізді ұрып құлатып, шылбырға дес бермес асау айғырды бір орында тұрып-ақ иықтан асыра көтергенін, тіпті, атан түйені жыққанын естуші едік. Сөйтсек, қазақ пілді де жығыпты ғой. Бұл туралы Амангелді Мәмбетұлы, Өтеген Жаппархан деген қаламгерлердің шығармаларынан оқуға болады.
Ертеректе Сыр өңірінде, соның ішінде Шиелі жерінде өмір сүрген Құдайберген деген балуан болыпты. Ол заманда Қоқан хандығының дәурені жүріп, Сыр өңірінің біраз бөлігі соларға қараған шақ. Елдегі сауда-саттықпен айналысатындар түйеге тауарын тиеп, керуендетіп Бұхарға апарып пұл етеді. Бірде сондай керуеншілерге көмекші болып 18 жасар Құдайберген Бұхараға барады. Барғанша жолдастарынан «Нағыз қызықтың бәрі осында. Мұнда ешкімге жеңілмеген балуандар бар. Ертең барғанда көресің. Таңның атысынан күннің батысына дейін күресіп жатады» деген әңгімелерді естиді.
Содан Құдайберген «Е, сол жеңілмейтін алыптарды көрсем» деп армандайды. Бұлар Бұқараға келгенде дәл балуандар күресінің үстінен түседі. Ханның атынан күресетін қоңыраулы алып барлығын жеңеді. Төреші: «Ханның балуаны бәрін жеңді. Мұнымен күресем деушілер бар ма?» деп сұрайды. Сонда 18 жасар Құдайберген «Мен күресемін» деп ортаға шығады. Онымен бірге еріп келгендер «Ойбуй, мынау біреудің жалғызы еді. Ана дәумен күресем деп, оқыста желкесі үзіліп мерт болса қайтеміз?» – деп жібергісі келмейді. Бірақ, «Айтылған сөз – атылған оқ» деген. Жас жігіт алған бетінен қайтпайды. Әлгі қоңыраулы дәу қапсыра құшақтамаққа ұмтылғанда, Құдайберген оны мықтап ұстап төбеден асыра лақтырады. Жұрттың барлығы аң-таң. Ешкімнен жеңілмеген ханның балуанын жап-жас жігіт алып ұрады деп кім ойлаған. Міне, қызық! Содан белгісіз біреуге бас бәйгені бергісі келмеген төрешілер: «Сен бүгін ханның балуанын жеңдің. Енді ертең ханның пілімен күресесің» дейді. Шығарылған шешіммен Құдайбергеннің келіспеске амалы қалмайды. Сол жерде күресті тамашалап тұрған бір қария қазақ жұртынан барған керуеншілерді үйіне қондырады. Түнделетіп: «Шырағым, Құдайберген, мына сексеуілді сықшы» деп қолына әлі қурай қоймаған сексеуілдің жуан томарын береді. Қара күш деген қойсын ба. Әлгі сексеуілді қос қолдап бұрағанда суы шығып кетеді. Бұған таңғалған қарт: «Сенің пілді де жығарлық күшің бар екен. Бірақ, піл дегенің адам емес. Оның үстіне ол әбден үйретілген әккі. Ертең екеуіңді ортаға шығарғанда ол сені бірнеше рет айналып барып, тұмсығымен ұрады. Сол кезде қапы қалмай шап беріп ұстап, жаңа сексеуілді бұрағандай күшпен ұзын мұрнын сығып жіберсең жеңесің. Ал, егер үлгермей қалсаң, ол сені бір ұрғанда-ақ қалпақтай ұшырады», – деп кеңесін береді.
Түнімен қарияның айтқанын ойына әбден тоқыған Құдайберген ертеңіне пілмен күреске шыққанда сол әдісті жасайды. Алып жануардың мұрнынан ұстап бұрағанда, шыңғырған пілдің даусы жұрттың құлағын жарардай болыпты. Міне, пілді жыққан қазақтың оқиғасы осындай.

Азиз БАТЫРБЕКОВ.
Тарих 03 қараша 2017 г. 361 0