Түркістан Мұқтариятына 100 жыл

ХХ ғасыр Ресей кеңістігінде үлкен өзгерістің хабаршысындай басталған болатын. Ел ішіндегісаяси әлеуметтік қайшылықтың күшеюі, 1905 жылғықаңтардағы жұмысшылардың бейбіт шеруін императордың әскер күшімен атқылауы, соның нәтижесінде жүздеген адамның қаза және жарадар болуы бірінші орыс революциясының тууына түрткі болғанды.Бұл қарсыласу 1907 жылға жалғасып, саяси ахуал жақсармай, қайта күшейе түсіп, 1917 жылғы ақпан революциясына жалғасты. Сан ғасырлық тарихы бар патшалық монархия тақтан түсті.
Алаш жетекшілері 1917 жылдың басында Ресейде болған осы өзгерісті «Ұлы төңкеріс» деп атап, енді отарлық жүйенің тас талқаны шықты, оның тепкісіндегі езілген халықтардың өз тағдырын өзі билеуіне, өзінің ұлттық мемлекеттігін құруына жол ашылды деп санап, бүкіл Алаш ұлынан сүйінші сұрады. М. Шоқай,Ә.Бөкейхан, М.Дулатұлымен бірге  қол қойған хатта: «Азаттық таңы атты. Тілекке құдай жеткізді. Күні кеше құл едік, енді бұ күн теңелдік. Қам көңілде қаяу арман қалған жоқ. Неше ғасырлардан бері жұрттың бәрін қорлықта, құлдықта ұстаған жауыз үкімет, өзгеге қазған оры өзіне шағын көр болып, қайтпас қара сапарға  кетті»деп жазды [1, 297].  Алайда көп ұзамай-ақ Ресей билігіне келген Уақытша үкімет күткен үмітті ақтамады. Сондықтан өткенге баға бере келе Мұстафа Шоқай өзінің «1917 жыл естеліктерінен үзінділер» деген туындысында: «Біз бұл тұста 1917 жылғы революция ұлттық мемлекет құруымызға  мүмкіндік береді деп үміттеніп, сеніп едік. Бұл үмітіміз бен сеніміміз ақталмай, алданып қалдық»деген еді [2, 256].
1917 жылғы наурыздың соңғы күндеріндеМұстафа ШоқайТашкенттен жеделхат алады. Онда шұғыл Түркістанға қайтып, жол-жөнекей Торғай облысы қазақтарыныңсъезіне қатысу айтылған болатын. Бұл кезде олуниверситетті ойдағыдай бітірген еді. Құрылтайда Түркістан туралы сөз сөйлейді де Ташкентке тартады. Мұнда Мұстафа Шоқай саяси қозғалыстың қайнаған қазанына түсіп, мұндағы Уақытша үкіметтің және жұмысшы-солдат депутаттарының т.б. әртүрлі құрылымдар арасындағы талас-тартыстың бел ортасына болады. Осындай жайлардан Ташкентте Түркістан  мұсылмандарының құрылтайы шақырылып, онда Орталық комитет сайланады. Оған Түркістанның  барлық аймақтарынан өкілдер кіреді. Ал Мұстафа Шоқай Түркістан мұсылмандарының сайлаған Ұлттық Орталықтың төрағасы болады. Ол сонымен қатар Уақытша үкімет тұсында Сырдария губерниялық басқармасының бөлім бастығы, Түркістан Комитеті жанындағы Өлкелік Кеңес мүшесі және тағы басқа қызметтерді атқарды.
1917 жылғы 25 қазандағы Петроградтағы большевиктер ұйымдастырған қарулы көтеріліс Ақпан революциясы нәтижесінде саяси сахнаға келген демократиялық реформаларға артқан Алаш ұлт азаттық қозғалысының үмітіне ауыр соққы болады. Содан Түркістанның ұлттық күштерінің жайын талқылау мақсатында Мұстафа Шоқай Орынборға іссапармен барып, ондағы қазақ зиялыларымен кеңеседі. Кездесуде тәуелсіздік үшін күресті жалғастыру, большевиктерді мойындамау туралы шешім қабылданады.
Мұстафа Шоқай Ташкентке оралғанда мұндағы өкіметтік билік басына  28 қазанда орыс жұмысшылары мен солдаттары келген болатын. Сондықтан ол Ұлттық орталықтың мүшелерімен Самарқандқа, Ферғанаға, Жаңа Маргеланға келеді. Ол Кеңес өкіметіне қарсы күрес орталығы бола алатын үкімет құру жөніндегі орыс демократтарының ұсынысынан бас тартып, Ұлттық орталықтың таяу уақыттағы мақсаттарын айқындаумен айналысады.
1917 жылдың 15-22 қарашасында Ташкентте өткен кеңестердіңIII өлкелік съезінде басқару органында тек орыстар мен еврейлер болды да, жергілікті халықтың бірде бір өкілі болмады.Түркістанның не тұрмысына, не табиғатына тура келмейтін большевиктік саясатты Түркістанда күшпен жүргізбекші болып, жергілікті халықтың алданған бөлігін соңына ерткен орыстың солдаттары мен жұмыскерлері қару-жарақ жұмсап, зорлықпен кеңес өкіметін орната бастағанын айта келіп, аймақтық «Бірлік туы» газеті былай деп жазды: «Түркістан аймағында 100-ге екеуден келетін 5 орыс, оның бәрі емес, оннан бірі-ақ келетін солдат пен жұмыскерлер мұсылманның бір адамын да ішіне алмай, үкіметті өздерінен ғана сайлап, мұсылмандарды адам санына алмай, азар-безер бастағаны өзгеріс, бостандық дегендерді естен шығарып, ескі заманнан да таршылық күндер тудырды»  [6, 41].Ал Халық Комиссарлары Кеңесінің үндеуінде еңбекші бұқараны біріктіруді жеделдету үшін кеңес мұсылман еңбекшілері арасында азаттық, теңдік, туыстық идеяларын тартуға барлық шаралар жасалады деген құрғақ уәде ғана болды.
Бұл Ұлттық қозғалыстың жетекшілеріне революциядан еш жақсылықты күтудің жоқтығын байқатты. Сондықтан олар тап болған дағдарыстан шығудың жолын іздестіре бастайды. Алайда Мұстафа Шоқай Түркістан автономиясы идеясын аса сақтықпен, ұстамдылықпен, өлкедегі саяси күштердің арасалмағын талдай отырып тұжырымдауға мәжбүр болды.
Мұстафа Шоқайгимназияда оқып жүрген кезде ақ жақсы таныған жадитшілдіктің прогресшіл мәдени реформасынан гөрі саяси күрес тәсілдеріне басымдық беріп, бірақ азаттыққа жетуді Ресейдің демократиялық ұйымдары мен Уақытша үкіметтің саяси қолдауымен байланыстырған болатын. Бұл заңды еді. Біріншіден, Ресей сияқты алып империяның бұғауынан босау оңай емес тұғын. Бүкіл басқару аппараты, қарулы күштер және басқа да құралдар қолына болған орыстардың өздері аз болса да, күштері басым болатын. Екіншіден, берісі Түркістан аймағы, арысы Ұлы даланың бұқара халқыЕуропа өркениетінен кенже қалғанды. Үшіншіден, халықты күреске бастайтын тиісті дайындықтары бар жетекші саяси топтар әлі аз да әлсіз болатын. Міне, осының барлығын автономия мәселесінің объективтік және субъективтік факторларынмұқият зерттеуді қажет етті. Мұнсыз азаттық күресін тиімді жүргізу мүмкін емес еді. Сол себепті ол: «Бүкіл басқару аппаратын, қарулы күштерді және басқа да құралдарды қолына ұстаған аз санды орыстардың күші басым болатын.... Біз, түркістандықтар, өлкелік комитеттерден әрі аса алмадық, мұның үстіне ұйымдардың біразы бір бірімен керісуден басқа ештеңенің жөнін білмейтін»,   деп жазды [3, 27].Сондықтан Уақытша өкіметпен, оның өлкедегі органдарымен, жұмысшы және солдат кеңестерімен ашық қарсылыққа бармау тактикасы ұстанылды, ең алдымен, жергілікті тұрғындардың өздерінің ауызбірлігін қамтамасыз етуге, олардың автономия идеясы төңірегіне топтасуын нығайтуға бар күш жігер жұмсалды. Сондай ақ түрлі саяси партиялар мен ұйымдар арасындағы қарым қатынастарда туған шиеленістерді келіссөздер арқылы шешуге ұмтылған кездесулер мен жиындар белсенді ұйымдастырылады.  
Мұстафа Шоқай Ұлттық орталықтың барлық облыстық комитеттерімен, Кеңес өкіметін қабылдамаған орыс ұйымдарымен кеңеседі. Автономия мәселесі  жөнінде Орталық жағына орыс жұмысшылары мен шаруаларының бір бөлігін қаратады. Ең бастысы «Улемамен» келісімге келеді. Сөйтіп 1917 жылдың аяғына қарай Орталық кеңес Түркістан ұлттық қозғалысының жетекші күшіне айналады.
Осындай сан салалы саяси қызмет Түркістан Мұқариятын тарих сахнасына шығарды.1917 жылдың 25 қарашасында Жаңа Маргеланда, қазіргі Ферғанада облыстық және уездік ұйымдар өкілдерінің қатысуымен Өлкелік мұсылман кеңесінің мәжілісі өтеді. Алдағы күрес тәсілдері мен формаларын белгілеу үшін Қоқан қаласында төтенше жалпыөлкелік мұсылман құрылтайын шақыру туралы шешім қабылданады. Содан Құрылтай 26 қарашада ашылады. Ертеңіне төтенше Құрылтай Түркістанды мекендеуші халықтың еркін білдіре отырып, Түркістанды Ресей Федеративтік демократиялық республикасымен біртұтас аумақтық автономия деп жариялайды. Түркістан өлкесі Түркістан Мқхтариаты (автономия) деп аталатын болады. Бірақ автономия формасын шешуді Түркістан Құрылтай жиналысының қарамағына қалдырады. Бұл Мұстафа Шоқайдың аса сақтықпен, алды артын болжап әрекет еткендігі болатын. 28 қарашада Қоқан қаласында өткен аймақ мұсылмандарының IVТөтенше съезінде Түркістан өлкесіндегі жергілікті халықтардың саяси тәуелсіздігін қамтамасыз етуді мұрат тұтқан, жұрт өзін-өзі басқаруға ерікті, Түркістан аймағын Ресей демократиялық республикасымен бірлікте, бөлек жасауға ерікті территориялық автономия етіп жариялайды.Үкімет билігі Түркістан Уақытша Кеңесі мен Түркістан халық басқармасы  (үкімет) құзырына беріледі. Бұл, шын мәнісінде, Түркістан республикасы болатын. Оның басшылығына алғашында Мұхамеджан Тынышбаев сайланып, екі аптадан соң оны Мұстафа Шоқай ауыстырады.    
Жаңа мемлекеттік құрылым Түркістан өлкесі орталық кеңесінің күш жігері, Мұстафа Шоқай және оның жақтастарының, оларды қолдаған өлке тұрғындарының ұлттық азаттыққа, басқа халықтармен тең құқықты өмір сүруге, саяси, экономикалық және рухани дербестікке ұмтылысының көрінісі болды. Бірақ Мұстафа Шоқай автономияны жүзеге асырудың аса қиын екендігін, кадрдың жоқтығын, жалпы мүмкіндіктің жетімсіздігін, әскердің құрылмағанын және тағы басқа толып жатқан жетіспеушіліктердің барлығын  съезде сөйлеген сөзінде жан-жақты айтады. Шынында да, автономия алдында тұрған мәселелер сан алуан болатын. Және олар автономияның ары қарай   өмір сүруіне тікелей байланысты еді. Арнайы әскердің болуы, милицияның құрылуы қажет ақ еді. Қаржы көзін іздестіру мақсатында заем шығару, салық салудың жаңа тәртібі туралы заң жобасын даярлау т.б. жұмыстар  нақты қолға алынады. Автономияның мемлекеттік құрылымының құқықтық негізін жасау мақсатында Конституция жобасы, Түркістан Құрылтай жиналысы туралы заң дайындалып, Халық Кеңесінде бекітіледі [5, 150].
Бір ескерте кететін жай сол кездегі саяси жағдайлармен санаса отырып,  Мұстафа Шоқай  автономияны өзінше түсінген болатын: Түркістанның дербес ел басқарған мекемелері мен атқару органдары, яғни заң шығаратын  парламенті мен іс жүргізетін үкіметі болуы тиіс. Оқу ағарту ісі, жергілікті мекемелер, заң және жер мәселесінің бәрі автономиялы үкіметтің ісі. Ал Сыртқы  саясат, қаражат, жол, әскери істер Бүкілресейлік Федерациясы үкіметінің ісі деп есептелді [1, 289].БұлАлаш партиясының мемлекеттік құрылыс жөніндегі ұстанымыммен үндес еді.
Сол кездегі баспасөз материалдарына қарағанда, съездің жұрттың шын көңілін, нақ тілегін тап басқаны анық байқалады. Автономия жарияланғаннан кейін іле-шала басылған Түркістан мұсылмандарының жалпы съезінің шешімдері туралы «Түркістан автономиясы» атты редакциялық мақалада: «Автономия иғлан (жарияланған – автор) болғаны Түркістан барша шаһарларын шаһар халқы һәм дала ұлы болып қуаныш қылып, манифестация жасап, Түркістан автономиясына һәм сиез сайлаған Уақытша үкіметіне ант ішіп, мойынұсынып жатыр» деп жазылды [3, 42].
“Қоқан автономиясы” жарияланғаннан соң, Мұстафа Шоқай Орынбор қаласына шақырылған Екінші бүкілқазақ съезіне қатысуға аттанады. Ол Түркістан өңіріндегі жаңалықты съезд делегаттарына жеткізіп, Қоқан автономиясының да, жаңадан құрылған Алашорда өкіметінің де мақсат-мүддесі ұлттық бірлік екенін баса айтқан еді. Осы идеяны жеткізу үшін Әлихан Бөкейхан  мен Мұстафа Шоқай тез арада Сырдария қазақтарының съезін шақыру туралы жеделхат жолдайды. Ондай съезд шақырылып, делегаттарға Сырдария қазақтарының Алаш автономиясына міндетті түрде қосылуы қажеттігін, қалыптасқан жағдай осыны талап ететіндігі түсіндірілді. Алайда сол кезде Орта Азия мен Қазақстанда Азамат соғысының басталуына байланысты және Сырдария облысының Түркістан автономиясы құрамынан бөлініп кетуі Түркістан ұлт-азаттық қозғалысына соққы болып тиеді деген пікір негізге алынып, екі автономияның қосылу мәселесі өз шешімін таппай қалды. Ал 1918 жылғы 18–23 қаңтарда Ташкентте өткен Түркістан Кеңестерінің IV съезі “Қоқан автономиясы үкіметін заңнан тыс деп жариялап, оның басшыларын тұтқындау және автономияны тарату” жөнінде қаулы қабылдады. Мұның аяғын большевиктер Қоқан автономиясын қанды қырғынғаұластырды. Сөйтіп ол барлығы екі ай ғана өмір сүрді. Оның құлауының себептеріжеткілікті болатын. Кеңес үкіметі Қоқан автономиясыналғашқы күндерден бастап-ақ мойындамай, жергілікті халық арасында кең көлемде қарсы үгіт жүргізді. Соның салдарынан автономияның негізгі мақсаты мен мұратын жете түсінбеген бұқара халық тарапынан да оған тиісті қолдау көрсетілмеді. Ең бастысы Петербургтен бастау алып, Ташкентте өрістеген жұмысшы-солдат депутаттарының үкіметі Қоқан автономиясын Түркістан өңірінде қауіпті аймақтың бірі деп санады.
Мұстафа Шоқай  1930 жылы жазылған «Автономиядан – тәуелсіздікке»  атты мақаласында Түркістан (Қоқан) автономиясы туралы өзінің ойларын былай қорытындылаған болатын: “Автономия біздің басымыздан кешкен бір тарихи құбылыс. Бүгін біз оны еске түсіруменен ғана шектелеміз. Қайталамаймыз!  Ересек адамдар өздерінің балалық дәуірін еске алатыны табиғи. Бірақ ол сол дәуірге қайта ораламын деп ойламайды. Сол сияқты біз де ұлттық саяси өміріміздің балалық дәуірі болған Түркістан автономиясын  тек тарихи құбылыс ретінде ғана еске аламыз” [3, 133]. Дегенмен Қоқан автономиясы сол кездегі қалыптасқан жағдайдың, азат ұлттық мемлекет құрудың алғашқы көріністерінің бірі болғаны даусыз. Шоқайдың өзі айтқандай, автономия Түркістан ұлт-азаттық қозғалысының бастау көзі болды.
Міне, мұның барлығы еліміздің аса бір аласапыран кезеңдерінде Түркістандағы ұлттық қозғалыстың бірден-бір дем берушісі әрі ұйымдастырушысы Мұстафа Шоқайдыңболғантолық дәлелдейді. Украина халық республикасының бұрынғы сыртқы істер министрі А.Я.Шульгин әлі  отызға да толмаған Мұстафа Шоқайдың ұйымдастырушылық қабілетін жоғары бағалап, оны «нағыз көсем» деп жайдан жай айтпаған болатын [5,134].
Кейін жат жерде жүргенде де ұлы күрескер нағыз ұлтшылдық пен қайтпас қайраттың тамаша үлгісін көрсете білді.

Пайдаланған әдебиеттер:
1. Дулатұлы М. Бес томдық шығармалар жинағы. 2-т. Көсемсөз, әдеби-сын және зерттеу мақалалары / Құраст.: Дулатова Г., Иманбаева С. – Алматы: Мектеп, 2003.  – 392 б.
2. Шоқай М. Таңдамалы.-Алматы: Қайнар. –Т. 2. -1998. -520 б.
3. Шоқай М. Таңдамалы.- Алматы: Қайнар. –Т. 1. -1998. - 512б
4. Алаш қозғалысы. Құжаттар мен материалдар жинағы. Желтоқсан 1917ж.- мамыр 1920 ж. Т.2. – Алматы: «Алаш», 2005. - 496 бет.  
5. Шоқай М.Шығармаларының толық жинағы.12 том,1–том.   Алматы: Дайк Пресс, 2012. I т. – 544 б.

Әбдіжәлел Бәкір,
саяси ғылымдарының докторы.
Тарих 21 қараша 2017 г. 74 0