«Бегім ана» мұнарасына ер адамдарға неге баруға болмайды?

Қазақстанның 100 қасиетті орындары мен кешендерінің тізімінің қатарына енген киелі орындардың бірі – Қызылорда облысындағы Бегім ана мұнарасы. Ел аузында ұлы ойшыл, дін қайраткері Қарабура әулиенің қызы Бегім сұлу туралы деректер мен аңыз әңгімелер, хисса-дастандар көп. Қылқалам шеберлерінің туындылары да бір төбе. Осы ретте, Baq.kz агенттігінің өңірдегі тілшісі әулие ана мен оның мұнарасы жайлы зерттеп көрді.
«Бегім ана жайлы аңыз бен ақиқат» жинағының құрастырушысы, зерттеуші Гүларша Хұсайынқызы түркі жұртшылығына есімі етене таныс Бегім ана туралы аңыздарды бала күннен естіп, жаттап өскенін айтады.
«Мен Бегім ананың мәңгілік тыныстап жатқан жері – «Бегім ана мұнарасы» бой көтерген аймақтың перзентімін. Көне жәдігердің архитектуралық құрылысы да ерекшелігімен көз тартады. Қалың көпшілік әйелдер қауымы үзілместен әулие ананың басына барып түнеп, дұға оқып, құлшылық жасап, мінәжат етеді. Бұрындары ер адамдар мұнарадан екі жүз метр жерден әйел адамдарды қалдырып, өздері кетіп қалатын болған. Қазір мұнара басына қыз-келіншектерді алып барған көлік жүргізушілері бер жағындағы тілеуханада қалып жүр», – дейді Гүларша Хұсайынқызы.
Ер адамдардың мұнараның басына бармауының сыры бар. Аңызға сүйенсек, Жaнкент әмірі Санжар хан нөкерінің ғайбатына сеніп, күнәдан пәк Бегім сұлудың оң қолын шауып, оң бұрымын кесіп, оң танауын тіліп, жазықсыз жазалайды. Бегімнің әкесі атақты Қарабура әулие қанішер ханға «Қызым ақ болса шабылған қолы, кесілген бұрымы, тілінген танауы қалпына түседі» дейді. Әділдік үстем шығып, Бегімнің дене мүшелері қалпына келеді. Қызының нақақ жәбір көргеніне назаланған әулие Санжар ханды қарғапты. Құдіреттің күшімен аспаннан іші ордалы жыланға толы мес түсіп, хан бағыныштыларымен бірге ажал құшыпты. Бегім сұлу аққұсқа айналып көкке ұшып кетіпті. Осы оқиғадан кейін әулиенің мұнарасына ер адамдар бармайды, бәлки, Бегім ана оларды қабылдамайды-мыс.
Бегім ананың басында дұға етіп, тілек тілеген жандар қатары көп. Солардың бірі – Жаңаталап Жұмағалиев.
«Менің шешем 1953 жылы бірнеше жыл бала көтермегендіктен Қаратереңнен Беларық, Жаңақұрылыс, Жайтау, Бас деген жерлермен жаяу жүріп, Бегім ананың басына барады. Ол кісі сонда түнеп, түс көреді. Түсінде ана шешеме саптаулы кетпен беріп: “Тағы да айналып кел,” деген екен. Беларыққа келіп, қайын ағасына түсін айтқанында «Айналайын, саптаулы кетпен дайын тұрған дүние ғой. Бауырыңа бас», деп өзінің кішкентай баласын беріп жіберіпті. Ол баланың аты – Оңталап. Шешем Оңталапты асырап, тәрбиелеп өсіреді. Алты жасында атқа шауып, көз тиіп, қайтыс болды. Шешем бірнеше айдан кейін ананың басына барғанында ана түсінде оған ақ шүберек береді. Сол ақ шүберекті алғаннан анам 1954 жылы мені, 1963 жылы інімді дүниеге әкеледі. Содан бері Бегім ананы өзімізге ана тұтып, дұға оқып тұрамыз», – дейді ол.
Ал Қазалы ауданының тұрғыны Алтын Әнуарбектің айтуынша, Бегім анаға зиярат етіп келгеннен кейін бойына бала біткен.
«Бегім ананың басына барып, шарапатын тіледік. Сол күні түсімде әулие ананы көрдім. Ауылға қайтып келген соң бірер күннен кейін аяғым ауыр екенін білдім», - дейді ол.
Айта кетейік, адалдықтың символына айналған Бегім ананың мұнарасы Aрaл aудaнындaғы Жaңaқұрылыс aуылынaн оңтүстікке қaрaй 35 шaқырым, Қaзaлы aудaнындaғы Бекaрыстaн би aуылынaн 40 шaқырым жерде орналасқан. Шамамен Х-ХІІ ғaсырлaрдaғы сәулет өнері. Мұнaрa шикі кірпіштен тұрғызылғaн, екі қaтaр күйдірілген кірпішпен қaптaлғaн. Биіктігі – 10,5 метр.

Тарих 30 қараша 2017 г. 45 0