ЖАҢҒЫРУ СӘТІ

Біз Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын терең ұғынуымыз керек. Бұл философиялық еңбектің мәні мол, сері жан жақты, ой салып, рухани дүниені қозғалысқа келтіреді. Әрине, ескінің бәрі жаман, жаңаның бәрі жақсы бола бермейтіні белгілі. Одан соң, жаңғыру — тарихтан барлық құндылықтарды екшеп, жаңарған қоғамға ендіріп, ілгері қадам басу. Мақсат — өмірден тґлім алып, керекті тағылым жасау. Қоғам­ның бір саласы білім, ғылым десек, енді соған бір мысал. Ол Президент мақаласынан туындайтын нәтиже.
Өткен жылы қараша айының 16-17 күндері Қызылордада Қорқыт ата атындағы мемлекеттік университеттің 80 жылдық мерейлі мерекесі аталып өтті. Бірінші күні бәсекеге қабілетті мамандар даярлау проблемаларына арналған халықаралық ғылыми конференция ұйымдастырылды. Оны университет ректоры, Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Қылышбай Бисенов жүргізді. Сол күнгі салтанатты жиынның алғашқы сөзін алған облыс әкімі, саяси ғылымдарының докторы Қырымбек Көшербаев іргелі білім ордасының кешегісі мен бүгінгісін айтып, жетістіктеріне тоқталып, алдағы міндеттерін жан жақты атап, талдап көрсетті. Ол латын әліппесіне көшу, ағылшын тілін еркін меңгеру, қазіргі заман тілектеріне, бәсекеге сай маман дайындау, ғылыми-техникалық прогреске үлес қосу және өзге де  мәселелерге тоқталды.
Владивостоктан 1937 жылы көшіріліп келген Корей педагогикалық институты Қазақстан облыстары ішіндегі ең алғашқы жоғары оқу орындары қатарында болатын. Ол кезде Қазақстанда тек 6 жоғары оқу орны бар еді. Олар – ҚазПИ, ҚазМУ, Тау-кен, Ауылшаруашылық, Малдәрігерлік, Медицина институттары. Бірақ бәрі де Алматыда орналасқан. Тек жетіншісі – Қызылордада. Сондықтан бұл университет бір шеті Ақтөбе, екінші шеті Жамбыл (Тараз) арасындағы білім, ғылым мәдениет ордасы болып, өзіне талапкер шақырып, жастарды оқуға тартты. Сонымен қатар, өткен соғыс жылдары мұғалім болған қыз-келіншектер, әскерден келген бұрынғы мектеп ұстаздары институтқа түсіп, сырттай оқыды. Бұл оқу орны Сыр бойында үлкен қоғамдық қызмет атқарды. Өйткені, ондаған мың жастар жоғары білім алып, еңбекке араласты.
Кезінде Қазақстанға қоныс аударған Корей педагогикалық институтын қазақтандыру ісіне көп еңбек сіңірген жоғары оқу орны басшыларының бірі – Абдулла Хұсаинұлы Темірбеков еді. Бұл кісі өте білімді, байыпты маман, көреген адам болатын. Мерекеде ол кісінің де есімі ризашылықпен еске алынды. Соғыстан кейінгі  алғашқы жылы, яғни 1946 жылы оқу орнында тек төрт факультет (филология, тарих, химия-биология, физика-математика), алты ғана мамандық болса, бүгін университет алпыстан астам мамандық иегерлерін даярлайды. Оқу орны бүгінде Батыс, Шығыс елдеріндегі университеттермен байланыс жасап, жоғары дамыған мамандар даярлауда халықаралық дәрежеге көтеріліп келеді.
Өткен жылдар ішінде университет түлектерінен Социалистік Еңбек Ері Исатай Әбдікәрімов, мемлекет және қоғам қайраткерлері Елеу Көшербаев, Дәуірхан Айдаров, сондай-ақ, жазушы-драматург Қалтай Мұхамеджанов шығып, қоғамға еңбек етті. Атақты Роза Бағланова да үлкен творчествалық өнерге қадамын осы институттан бастады. Университет түлектерінен Қазақстан ғылым академиясының ака­де­­миктері Д.Кішібеков, Р.Бердібаев, Н.Надиров, Ә.Нысанбаев секілді көптеген ғылым докторлары мен кандидаттары өсіп шықты. Мәселен, 1940 жылы педагогикалық институтта бір ғана профессор (Музычко) бар еді, оның өзінің ғылыми дәрежесі жоқ болатын. Қазір 250-ден астам ғылым докторлары мен кандидаттары, PhD докторлар еңбек етеді. Конференцияда Ресей, Германия, Қытай, Оңтүстік Корея, Түркия, Бельгия, Өзбекстан, Қырғызстан және басқа да елдерден келген ғалымдар баяндама жасап, ой бөлісті.
Мерейтойлық шаралардың екінші күні үлкен математик, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі А.Таймановтың 100 жылдығына арналған  халықаралық математикалық форум өткізілді. Әйгілі ғалым Қызылорда педагогикалық институында жеті жыл қызмет атқарған еді (1947-1954). Белгілі қазақстандық және шетелдік ғалымдар А.Тайманов жайлы тағылымға толы естеліктерін айтты. Бұл қатарда өзім де  А.Таймановпен қатар жүрген жылдары көргендерім мен түйгендерімді форумға қатысушы қауыммен бөлістім. Тайманов оқулары барысында университеттің жас ғалымдарымен кездесіп, ғылыми еңбектің маңызы туралы әңгіме-дүкен құрудың да сәті түсті.
Мерейтой барысында осы оқу орнына еңбегі сіңген Б.М.Шерешевский, Л.Н.Ли, Ц.А.Цатурян, С.М.Авербух, М.Т.Кенжебаев, К.Әлжанов, В.Ваганов, О.Водолажченко, Н.Кованцов, Г.Майданик және басқа ұстаздардың аты  аталып, рухтарына тағзым жасалды.
Екі күндік мерейтойлық шаралар соңында жұмысының қауырттығына қарамастан, университет мәжілістеріне қатысқан облыс әкімі шетелдік және отандық университеттер делегациясы басшыларымен кездесіп, нәтижелі жұмыс атқарғаны үшін алғысын білдірді. Мерейтой қонақтары Байқоңыр ғарыш айлағына барып, қайтарында түркі өркениетінің ойшылы Қорқыт ата мемориалымен танысты. Осының бәрі тарихымыз, жаңғыру сәті. Оның дәлелі – жинақы, сапалы, тағылым боларлықтай атқарылған университеттің 80 жылдық мерекесі.

Досмұхамед КІШІБЕКОВ,
ҚР ҰҒА академигі, Қызылорда
педагогикалық институтының
1948 жылғы түлегі.
Тарих 06 қаңтар 2018 г. 36 0