Құпия тапсырма

Ауғанстан... Иә, ол 70-80-ші жылдары ең бір отты нүктеге айналған жер еді ғой. Бұл туралы талай айтылды да, жазылды да. Бірақ сол айтылғандар мен жазылғандардан да қалыс қалған құпия жайттар бар еді. Енді оны да ашатын уақыт жетті. Әрине, сол бір жылдары Ауғанстанға «қол созған» тек Кеңес өкіметі ғана емес. Шетелдің қамшылауымен де, айдап салуымен де жергілікті халықтың арасынан түрлі топтар шықты. Міне, тап осындай сындарлы сәтте барлаушылар алдында тұрған ең басты міндет – жазықсыз жандар мен ажалдың арбауына ұшырағандарға қол ұшын беру болды. 
Сондай абыройлы міндетті атқаруға, ең алдымен, Әбдіғаппар Мирманов сынды барлаушылар бастамашы ретінде тартылды. Оларға қажетті нақты ақпараттарды алу, банда құрылымдарының шоғырланған көзі қай жерде екендігін анықтау немесе солардың қатарына жансыз ретінде еніп, екіұдай күйде жүргендерді, мүмкіндігінше халықтық үкімет жағына тарту секілді құпия да аса қауіпті тапсырмалар жүктелді.Құпия тапсырмаға сай құпия дайындық әріден басталды. Ол кезде, яғни 1986 жылы Әбекең Талдықорған облысы бойынша Қаз КСР МҚК басқармасы барлау бөлімінің бастығы болып жұмыс істеп жүрген. Содан бір күні оны Мәскеуге шақыртты. Жалғыз ол емес, одақ бо­йынша барлығы 17 адам КСРО МҚК Бірінші Бас басқармасына (сыртқы барлау) жиналды. Олардың барлығы да қатардағы қызметкерлер емес, сайдың тасындай іріктелген, МҚК басқарма бастықтары, бастықтарының орынбасарлары мен аса маңызды бөлім жетекшілері-тұғын. Сөйтсе бұларға таңдау текке түспеген: интернационалдық борыштарын өтеу үшін Ауғанстанға барады екен. Бұл жолғы аттанатын топ барлық талапқа жауап беретін асқан дайындықтан өткен, «сен тұр, мен атайын» дейтіндей қайтпас қайсар ғана емес, аса ептілік пен кез келген тығырықтан шығудың амалын таба алатын тапқырлық, біліктіліктің иесі болуы керек. Міне, осыған орай арнайы топ дайындықты ең алдымен сол елдің тілін үйренуден бас­тады.
Содан бұлар, яғни құпия барлау тобы әбден дайындалып, қиын да қауіпті тапсырманы орындауға дайын деген кезде шекараға аттанды. Сырт көзге олардың бәрі де қарапайым адамдар болатын. Әбекең болса, экономикалық өкілдіктің жай қатардағы инженер-жөндеушісі. Сөйтіп бұлардың ешқайсысы күдік келтірмейтіндей, ештеңеден еш хабары жоқ қарапайым жұмысшы ретінде шекарадан өтті. Солай өтуге уақыттың өзі мәжбүр етті. Өйткені, көрініп тұрған жаудың жағасынан алып атып ұру, ұрыс даласында қасық қаның қалғанша шайқасу – нағыз соғыстың бір амалы ғой. Ал мұнда басқан әр қадамыңды аңдып, ту сыртыңнан пышақ ұратын, жасырын ойран салатын бандалар ісі өте қауіпті еді. Сондықтан әдетте қарапайым әрі көзге момақан болып көрінетін бандалардың халық шаруашылығына немесе әскери нысандарға дайындалып жатқан шабуылдары туралы алдын ала ақпарат алу өте маңызды әрі жоғары бағаланды. 1987-1989 жылдары Әбдіғаппар Мирмановтың тобы әрекет еткен Фарьяб провинциясының аймағында ғана он мыңның үстінде адамы бар 150 қарулы банда құрылымы болды. Түрлі бағыттағы партиялардағы үш мыңнан аса адам бітімге келмейтіндер болса, төрт мыңға тарта адам жағдайдың артын бағумен жүрген. Сондықтан кімнің кім екенін тап баса айыру да қиынға түседі. Күндіз шаруа болып жүрген жан, түнде баскесер бандаға да айналып шыға келеді екен. Ал моджахедтер болса, қышлақтың адамдарын тонап, жиған-тергендерін тартып әкетіп отырады. Онымен қоймай халықтық биліктің қарулы күштері нысандары мен қала берсе кеңестік шекарашыларға қырғидай тиеді. Жалпы, моджахедтер пайдаланатын қарулар да осал емес еді. Оларда, тіпті, алып жүруге ыңғайлы әуе-зымыран кешені де болғаны жасырын емес, ал ондай қаруға көбіне ағылшындық «Блоупайп» қорек көзі қажет еді. Осыны жақсы білетін Кабулдағы КСРО МҚК өкілдігі Ауғанстандағы барлық жедел топтарға аталған қорек көзін қалай да қолға түсіруді тапсырды. Оны Кеңес жағы қолға түсірсе, банда тобына әуе-зымыран кешенін толықтай күшінде пайдалану арманға айналып қала бермек. Осындай тапсырманы орындау үшін барлаушылар аттылы сарбаздар әрекетін ұтымды пайдалана білді. Отқа оранған Фарьяб про­вин­ция­сын­дағы Царандое (милиция), Ұлттық полктер секіл­ді қарулы бөлімшелердің ішінен, әсіресе, Мемлекеттік қауіп­сіздік министрлігі (МҚМ) басқар­ма­сының аттылы взводтары айрықша қуатты еді. Міне, осы аттылы әс­ке­рилер қару-жарақ тасымалдайтын керуендердің жолын кесуде ерекше көзге түсті. Тіпті, барлау­шылар оларды «жалған бандалар» рөлінде де пайдалана білді. Бұл жедел қимылдайтын аттылы сарбаздар, расында, жасырын қызмет етті. Өз үйлерінде тұрып бейбіт адамдардың тұрмысын кешті. Әрқайсысының қолдарында ықшам радиостанция болды, жеке қарумен қамтамасыз етілді. МҚМ басшылығының бұйрығы бойынша тапсырманы орындауға кез келген уақытта сақадай сай тұрды. Міне, осы сарбаздардың пайдалы жорықтарының бәрін айтпағанда, олардың 1987 жылы моджахедтер қарауылдаған керуенді қолға түсіргенінің өзі маңызды еді. Онда он бір моджахед тау-тастың, жықпыл-жықпылдың арасымен әлгі керуенді көзге түсірмей алып барады екен. Оны Ә.Мирмановтың барлау тобы біліп қояды. Сөйтіп, аттылы сарбаздар ойламаған тұстан жасырын керуеннің жолын кесті. Керуен толған қару-жарақ екен. Онан да ең маңыздысы, чекистерге қолға түсіруді тапсырған, жоғарыда аталған шетелдік мамандар дайындаған ағылшындық «Блоупайп» қорек көздері де бар болып шықты. Оны олар бітімге келуден мүлде бас тартқан Исмаил бандасы орналасқан Қайсар қышлағына алып бара жатыпты. Бандалар зарыға тосып отырған қару-жарақтарынан осылайша қапыда айырылды. Ал бұл сыртқы барлау қызметкерлерінің міндеттерін талапқа сай орындаудың бір көрінісі ғана еді. Жедел топтың мүшелеріне ұрыс алаңына тікелей қатысуға рұқсат етілмейтін еді. Бірақ Әбекеңнің айтуына қарағанда, ондай тыйым әріптестерінің алдында ауғандықтардың «мушаверлер» туралы беделіне нұқсан келтіруі әбден мүмкін ғой. Бұл туралы Өкілдіктің жетекшілеріне де белгілі болатын. Сондықтан өздеріне бекітілген тапсырмаларды жеріне жеткізе орындауы үшін, Әбекең сол істің басы-қасында жүрді. Осындай маңызды тапсырмалардың бірі ретінде жедел топқа бандалардың арасындағы шетелдік кеңесшілерді ұстау жүктеледі. Әсіресе, ірі банда топтарында пәкістандық кеңесшілер көп болатын. Моджахедтердің басым тобы Пәкістанның Пешавар ауданында арнайы дайындықтан өтетін. Сол дайындықтан өткен соң, өздерін дайындаған әлгі шетелдік мамандардың жетегінен шыға алмай қалатын. Бірде осындай дайындықтан өткен моджахедтерді бастап алып келе жатқан топ қолға түсті. Сөйтсе, банданың кеңесшісі Ален Гион атты француз екен. Қапыда қолға түскен шетелдік тыңшы да беріле қойсын ба, белгілі бір газет тілшісімін деп бет бақтырмапты. Алайда, ол да пенде ғой, шындықты жасыра алмаса керек. Артынан бұл жедел шараның нәтижесі айтарлықтай көмегін берді. Соның арқасында алынбас қамалдай болып жүрген Расул Пахловонның ағасын МҚМ арқылы арбауға қол жетіп, інісі бастаған банда тобын халықтық өкімет жағына тартуға мүмкіндік туды.  Әрине, Әбекең тек Ауғанстанға ғана арнайы сапармен барған жоқ. Өзге де небір елдердің төрін білдірмей шарлағаны анық. Олардың бәрін тілге тиек етпесек те, Солтүстік Кореяға барып қайтқанынан сыр шертуге болады. Бірақ Әбекең ол жаққа әдеттегідей жасырын, лақап атпен барған жоқ. Ашық барды. Шынайы қазақстандық делегация құрамында жұрттың көз алдында жүрді. Сөйтіп жүрсе де, өзіне жүктелген құпия тапсырманы орындап қайтты. Әгәрки сонда бар ғой, егер жасырын ісінің бір шетінен ши шыққанда, бар абыройдан жұрдай болу ғана емес, жолға қойылған құпия агентуралық жұмысты жоқ қылар еді. Сонымен Әбекең ол жаққа 1992 жылдың басында барды. Тапсырма – сол елге кеткен кеңес сыртқы барлауының агентімен үзілген байланысты қалпына келтіру еді.  Тапсырманы орындауға дайындық тиянақты жүргізілді. Агентпен кездесу үшін оған дайындық бір жыл бұрын, яғни 1991 жылы басталды. Ал бұл уақыт Кеңес Одағы әлі тарамаған кез. Әбекең ҚазКСР Ғылым академиясына жұмысқа қабылданады. Әрине, құпия түрде. Орталық ол елге сезік тудырмай барудың ең тиімді жолы – ғылыми байланыс деп шешім қабылдайды. Жоспар құрылады. Солтүстік Кореяға Алматыдан үш академик және Әбекең баратын болды. Олардың негізгі мақсаты – Ким Ир Сен кезінде 1955 жылы, марксистік идеяға қарсы ұсынылған, Солтүстік Кореяның ресми идеологиясы болып табылатын «Чучхе» идеясын зерттеу.  Кеңестер Одағы ыдырау қарсаңында тұрғанымен, орталық министрліктер, академиялар әлі жұмысын жалғастырып жатқан еді. Әбекеңдер сапары туралы жан-жаққа «қызыл жолақты», яғни «үкіметтік» телеграммалар жолданады. Соның арқасында жол-жөнекей аталған ғалымдар тобын күтіп алып, шығарып салады.  Сонымен Солтүстік Кореядағы күндер басталады. Он төрт күн. Аз уақыт емес. Күнде арнайы бағдарлама бойынша іс-шараларға қатысып, мәдени ошақтарын аралайды. Тіпті дәл сол уақытта белгілі әнші Алла Пугачева концерттік бағдарламамен келіп жатыр екен, оған да бұларды алып барады. Бір сөзбен айтқанда, лайықты сый-құрмет көрсетіледі. Сөйтіп демалып жүргенде уақыт та сырғып өте бастайды. Әбекең еш жерге беталды шыға алмайды. Бірақ жүктелген тапсырманы орындау қажет. Сол кезді Әбекең былай деп еске алады: «Қайда барсақ та қасымнан адамдар қалмайды. Ал менің өз тапсырмам бар. Оны орындай алмасам, онда мен неге жүрмін. Бос уақыт деген мүлде жоқ, сытылып шыға алмайсың. Әйтеуір амалын тауып, кері қайтатын билет туралы анықтама алу қажет деп, «Аэрофлот» компаниясының кеңсесіне «қашып шықтым». Алматыдан шығарда өзіммен бірге бір жәшік «Посольская» орыс арағын алғанмын. Академиктер оны не қыласың деп күлген. Соның бір-екеуін қолтығыма қысып алдым. «Аэрофлот» компаниясының өкілдігінде болып, орыс арағын «сағынып қалған» жігіттерге құя жүріп, өзім іздеген адам туралы толық ақпарат жинадым. Ол адам туралы ештеңе айта алмаймын енді. Байланысты қалпына келтірдім, Кеңес барлауымен әрі қарай жұмысты жалғастыратын болды. Мәскеуге тапсырма орындалғаны туралы хабар жіберілді». Содан екі аптаны аман-есен өткізіп, Әбекеңдер кері қайтады. Бұл 1992 жылдың басы. Кеңес Одағы тарап кеткен. Өлара кезең. Бұрынғы әдетпен Қазақ КСР-нің делегациясын күтіп алу керек деп Хабаров облыстық комитетіне телеграмма жіберіледі. Бірақ оларды ешкім күтіп алмайды. Хабаров әуежайында екі тәулік күтумен өтеді. Алматыға билет жоқ. Әрине, Әбекең ондайға үйренген ғой, тек академиктерге қиын тиеді. Содан Әбекеңе өзінің осындағы әріптестеріне жүгінуіне тура келеді. Хабаров МҚК-сінің барлау қызметінің басшысын танитын еді. Бірден соған барады. Мәселенің мәнісін түсінген ол: «Менің бұрынғы орынбасарым зейнеткерлікке шыққан, қазір әуежайда қауіпсіздік бөлімін басқарады, қолынан келмейтіні жоқ, пысық жігіт» деп, сөзге келмей, өз көлігіне отырғызып, алып барады. Расында, бұрынғы орынбасары мықты екен, үш академик пен Әбекеңді ұшаққа билетсіз мінгізеді. Алматыға қонысымен әуежайдан академиктің бірі қоярда-қоймай Әбекеңді үйіне алып барды. Кабинетіне кіргізіп, «сен тегін адам емессің, кімсің?» деп оны сұрақтың астына алады. Тапсырма орындалды, енді Әбекең несін жасырсын, «сыртқы барлау полковнигі Мирманов» деп өзін қайта таныстырады. Академик: «Е, бәсе, сондай бір пәленнің бар екенін сезіп едім», деп риза болып, қадірлі қонағын дастарқанға шақырады. Осылай деп сыр шерткен Әбекең өткенді еске алып, бір жымиып алды. Ал біле-білсек, Әбекең қауіпсіздік қызметіне, яғни сыртқы барлау ісіне бірден келе қалған жоқ. Оның да алғашқыда өзіндік таңдаған мамандығы болатын. Ол Ресейдің Ростов қаласындағы машина-құрылыс инс­титутын бітірген соң,  Өскеменге келіп, инженер-конструктор болып жұмысқа кіріседі. Сөйтіп, зауыттың озат жұмысшысы атанып жүргенде оған 1968 жылы «чекистік» қызметке баруға ұсыныс білдіріледі. Әбдіғаппар сөзге келмейді. Бірақ ата салтынан аттамаған қазақ отбасында тәлім-тәрбие алып, қашанда ата-ананың ақылын тыңдауды әдетке айналдырған жан ғой. Сол әдетпен Әбдіғаппар да чекистік қызметке бармас бұрын әкесімен хабарласады. Оның әкесі бар өмірін орман шаруашылығына арнаған адам. «Лесхоз» елді мекеніндегі кіші баласының қолында тұратын. МҚК басшылығы да Әбекеңнің әкесімен хабарласқанын, рұқсатын алғанын құп көреді.  Содан Әбекең әкесімен ақылдасу мақсатымен «Лесхозға» телефон шалмақ болады. Ол уақытта қазіргідей әр қалтада бір-бірден ұялы телефон жүретіндей кез емес, тіпті қызмет орнынан тікелей хабарласа қоюға да мүмкіндік болмайтын, сондықтан Өскемен қаласындағы сөйлесу пунктіне барып, ауылмен байланысқа тапсырыс береді. Ал «Лесхозда» жалғыз телефон бар. Оның өзі шаруашылық басшысы кабинетінде. Мұнда шаруашылық басшысы ғана бәріне қожа. Оның ақ дегені – алғыс, қара дегені – қарғыс. Қабағынан қар жауған күні жалғыз телефонмен сөйлесу түгіл, кабинетіне аттап ешкім кіре алмайды. Сөйткен директор кабинетіне Әбекең телефон шалған күні оның әкесін шақыртады. Әкесі болса, ол кезде жасы 70-тен асып кеткен. Құлағы да мүкіс әрі сансыз шақырымға тартылған сымды телефоннан ар жақтағы адамның дауысын дұрыс есту мүмкін емес. Әбекең әкесімен амандасып, саулық сұрасып боламын дегенше өңеші қарлығып қалады. Енді негізгі жағдайды айтайын десе, тағы бар даусымен айқайға басуы керек. «Мемлекеттік қауіпсіздік комитетіне қызметке ауысайын дегенмін, қалай қарайсыз?» деп, сөйлесу пунктін басына көтере айқайлай алмайды. Таныс адамдар бар дегендей, сындарлы сырды сыртқа бірден шығаруға болмайды. Сабыр сақтап, ақырын сөйлейін десе, әкесі ести алмай, дұрыс ұғар емес. Әкесінің де ұлының не жұмбақтап сөйлеп тұрғанын түсіне алмағандықтан, шыдамы таусылып бара жатқан секілді. Осыны ойлаған Әбекең, әңгімені қысқа қайырып, «НКВД-ға қызметке тұрамын» дей салады. Сол-ақ екен, әкесі селк ете қалады. Дәп сол сәтте қайран әкесінің көз алдына қорадан жалғыз тышқақ лақты сүйреп алып бара жатқан «қызыл жағалылар» әрекеті, кезінде «НКВД» жазықсыз жала жауып, соттатып жіберген көршісінің еңірегенде етегі толған бейнесі елестеген болар дейміз. Сосын... Не керек, әкесі тез есін жиып алады да «жоқ балам, болмайды! Өзіңнің қазіргі жұмысын да жаман емес» деп тұтқаны қоя салады.  Содан әкесі ұлының «НКВД-ға» қыз­метке кіруіне үзілді-кесілді қарсы бол­ды. Бірақ ұлы мүлде басқа қызметке кірге­лі жатқанын ұқтыра алмады... Сөйтіп, Әбе­кең өмірінде бір-ақ рет қана әкесін тыңда­мауға мәжбүр болып, мемлекеттік қауіпсіз­дік қызметіне алынады. Артынша Минск қаласына оқуға аттанады. Әрине, кейін әкесі бәрін түсінді. Ұлының МҚК қызмет­кері екендігін мақтаныш тұтатын болды.  Әбдіғаппар Мирманов осы жылдың 22 наурызында қайтыс болды. Ол екі мәрте «Қызыл Жұлдыз» ордені және бір­қатар үкіметтік наградалармен, оның үстіне ауған халқының екі орденімен (І дә­режелі «Жұлдыз» және «Батылдығы үшін» ордендері) марапатталған. Былтыр жел­тоқсан айында Президент Жарлығымен «Қазақстан Тәуелсіздігіне – 25 жыл» меда­лімен наградталды. Бұл Әбдіғаппар Мир­мановтың алған соңғы наградасы еді. 
Александр ТАСБОЛАТ, «Егемен Қазақстан»
ЖАРНАМА 06 тамыз 2017 г. 773 0