ТАЙСОННАН – ТӘЛІМ немесе Ник Вуйчич не деді?

1-2 желтоқсан күндері Алматыда халықаралық «Synergy Global Forum-2017» бизнес форумы өтті. Әлемнің үздік спикерлерінің сөзін тыңдау үшін Қазақстан, Қытай, Ресей, Қырғызстан және тағы басқа мемлекеттерден тоғыз мыңдай адам жиналды.
SGF директоры Гүлнар Ғұмарова форумның алғашқы күні мінберге мотивациялық оратор, жазушы Ник Вуйчич, британ психологы, «Mind Map» теориясының авторы Тони Бьюзен, стратегиялық маркетинг жөніндегі халықаралық сарапшы Гаррет Джонстон, журналист, тележүргізуші, режиссер, бірқатар танымал тележобаның авторы Леонид Парфеновтарды шақырды.
– Әрқайсымызда белгілі бір шектеу бар және ол тек біздің миымызда. Мен бұл адаммен екі ай бұрын таныстым. Содан бері өмірім басқа арнаға бұрылды. Осы екі ай мен және менің командам үшін бір жағынан қиын, бір жағынан толқуға толы болды. Мен қазір әр күніме шүкіршілік етемін. Мен дәл осы сәтте және осы жерде бақыттымын. Сол адам сіздерге де осындай әсер сыйлайды деп ойлаймын, – деді Г.Ғұмарова.
Оның меңзеп тұрғаны Ник Вуйчич еді. Кәнігі австралиялық моратор. Ол ілуде бір кездесетін тетра-амелия дертіне шалдыққан. Туылғалы аяқ-қолы жоқ. Дене кемістігіне қарамастан өмірге құштар. Бұл үшін әке-шешесіне қарыздар. 1989 жылы Ник Вуйчич бірінші сыныпқа баруы тиіс еді. Алайда, Австралия заңы оның жалпы білім беретін мектепте басқа балалармен бірге оқуына мүмкіндік берген жоқ. Ұлының қамы үшін әке-шеше заңды өзгертуге күш салды. Ақыр соңында мүмкіндігі шектеулі мыңдаған өреннің тағдыры өзгеріп шыға келді. Олар өзі құралпы балалардан қалмай мектепке баратын болды.
Ник Вуйчич бойындағы кемшіліктер үшін он жасында суицид жасауға бекініпті. Қимыл-қозғалысқа қабілетсіз болса да, әкесі оған жастайынан ақыл-ойын дамытуға кеңес берген. Әсіресе, миына математиканы құя бергенін жөн көрді. Әкесі ұлының бухгалтер болғанын қалады. Бірақ Никке бұл іш пыстырарлық жұмыс боп көрінді де тұрды.
– Шешендік қабілетімді шыңдау туралы ойды маған мектеп тазалықшысы айтты. Әуелгіде «мынаның есі дұрыс емес шығар» дедім. Бірақ ол үш ай бойы «сен оқушылардың алдында өз өмірің жайында айтып беруің керек» деп қайталаумен болды. Сөйтіп жүріп келістім, – деді Ник Вуйчич.
Келіскені бергі жағы екен. Көптің алдында көсіліп сөйлеуіне мектептер бірден мүмкіндік берген жоқ. Телефон тұтқасын алып, өзі тұратын жердегі барлық мектепке қоңырау шалды. Бір. Екі. Үш... Елу бір. Елу екі... Тек елу үшінші қоңырау сәтті болды. Телефонның арғы жағындағы мектеп директоры ұсынысты құп алды. Мұның «аяқ-қолым жоқ» дегенін пысқармады. Керісінше, оған лекциясы үшін елу доллар ұсынды. Сол кезде Ник екі нәрсені ескермепті: мектептің үйінен екі жарым сағаттық жерде орналасқанын және қанша адамның алдында қанша уақыт сөйлейтінін.
– Азғантай оқушының алдында бес-ақ минут сөйледім. Бірақ не айтып, не қойғанымды білмей әбден састым. Үйге көңілсіз оралдым. Бөлмемнен шықпай қойдым. Ұйықтап жатсам, таңертең телефон безілдеп қоя берді. Селқос жауап бердім. Сөйтсем, әлгі бес минуттық лекциям жайында естіген басқа бір мектептің өкілдері екен. Олар мені бес мың адамның алдында жиырма минут сөйлеуге шақырды. Бардым. Жүз елу доллар төледі. Осыдан кейін шақыру көбейді. Алғашқы бес жылда дүние жүзі халқының жиырма пайызының алдында лекция оқыппын. Қазір біз күніне кемі жиырма шақыру қабылдаймыз, – деді жазушы.
Жарты жыл бұрын Ник Вуйчич әкесін жоғалтты. Ал анасы әлі күнге баласының жетістігіне марқайып, қуанышына ортақтасып келеді. Әке-шешесінің кіршіксіз махаббаты, қолдауы, сенімі болмағанда ол бүгінгідей биіктен көріне алмайтын еді. Ник – әлемге танымалдығымен қоса отбасында адал жар, аяулы әке. Жұбайы Канаэ Мияхара екеуі бүгінде егіз қыздардың дүниеге келуін асыға күтіп жүр. Оның алдында ақыл-есі бүтін, аяқ-қолы балғадай екі ұлы бар. Ал бір кезде Никтің ата-анасы оны үйленеді деп еш ойламаған да еді.
Келер жылы бала тәрбиесіне көңіл бөлетіні себепті ол мемлекеттер мен қалаларды аралауды доғара тұрмақ. Оның орнына оратордың командасы қазір балалар мен ересектерге арнап мотивацилық видеолар топтамасын дайындап жатыр. Осы арқылы автор адамдарға қолдан қорқыныш жасаудың қажеті жоғын, сүрініп-жығылған жағдайда үсті-басын қағып жіберіп жолды қайта жалғауы қажет екенін жеткізуді мақсат тұтқан.
Өмірлік тәжірибесі жеткілікті Ник Вуйчич болмашы жақсылықтың өзі көмекке мұқтаж жандардың үмітін үкілейтініне сенімді. Оның сөзіне сүйенсек, жомарттық жомарттықты тудырады. Екі сағат ішінде Ник Вуйчич құлақ асқан адамға талай есті сөз айтты. Тағдырдың сынағына төтеп беріп келе жатқан, миллиондарды мойындатқан оның өмірінен көп адам сабақ алып, көп адам тәубесіне келгендей.
Халықаралық форум спикерлері табысты жұмыс істеу, адамдармен сәтті қарым-қатынас орнату, жетістікке жету құпияларымен бөлісті. Жетпіс бес жастағы Тони Бьюзен адамның ақыл-ойының біз пайымдағаннан да терең екенін, маркетинг ісінің маманы Гаррет Джонстон танымал бренд тәуір идеядан пайда болатынын тілге тиек етті. Ресейлік тележүргізуші һәм жазушы Леонид Парфенов өзі жиі қалам тартып жүрген қаржылық дағдарыс тақырыбында сөз қозғады. Сондай-ақ, журналистика, саясат, бизнес жайында ой қосты.
– Жаңалық – еш жерде жарияланбаған дүние. Қалғанының бәрі – насихат, – деді ол.
Ертеңіне халық нөпірі тағы «Алматы аренаға» қарай ағылды. Көптің асыға күткені – әлем боксының аңызы Майк Тайсон. Ол қиындыққа толы балалық шағы, достары, спортқа қалай келгені және діни көзқарасы туралы әңгімелеп берді. Бала күнінде ішерге тамақ таппайтын кездері болыпты. Сондайда тіпті тамақ ұрлаудан тайынбаған. Ал спортқа атақты Мұхаммед Әлидің арқасында бет бұрған.
– Менің боксшы болу туралы арманыма шабыт бітірген Мұхаммед Әлимен кездесуім еді. Он бір жастағы кезім, ол біздің мектепке келді. Осы кездесуден соң мен боксшы болуды ұйғардым. Қуанышыма орай маған жақсы бапкер кезігіп, жолым болды, – деді ол.
Спортшы атағы әлемге жайылып, байлығы арта бастағанда айналасында адам көп болғанын, ал сол байлығы көзден бал-бұл үшқан сәтте сол көптің ғайып болғанын еске алды.
– Сенуге болмайтын адамдарға сеніппін. Менің төрт мың досым болды. Банкрот болған кезімде солардың ешқайсысы жанымнан табылған жоқ. Қазір төрт мыңнан төрт дос қана қалды, – деп мәлімдеді ол.
Уақытты зая кетіруге Майк Тайсонның жаны қас. Қолы босағанда отбасына барынша көңіл бөледі. Мультфильмнің дыбысталуына, фильм түсіріліміне қатысқан ол алдағы уақытта продюсерлік қырынан да көрінгісі келеді. Боксшы мұсылмандықты қабылдаған, хақ діннің шарттарына бағынады.
– Мен – мұсылманмын және өмірден солай боп өтемін. Мені Алла таңдады, – деді кәсіпқой боксшы.
Ол Геннадий Головкин мен Сауль Альварес жекпе-жегі жайлы пікірін білдірді. Әрдайым Генаға бүйрегі бұрып тұратынын, жас қазақстандық боксшылар талмай еңбектенсе, GGG сияқты бола алатынын айтты.
Бұл күні австралиялық жазушы, маркетинг және сауда саласындағы сарапшы Алан Пиз, швед профессоры Кьел Нордстрем, ресейлік бизнес тренері Радислав Гандапас адамды алға жетелейтін сөздерін арнады. Форум мақсатына жетуге талпынған әрбір көрермен үшін пайдалы болғаны рас. Өйткені мәртебелі қонақтар шағын және орта бизнес, ірі кәсіпті дамыту бағытында кеңестер беріп, өмірдің қалтарыс-бұлтарысынан қалай жол табуға болатынын үйретті.
«Synergy Global Forum-2017» форумы тұңғыш рет 2015 жылы Мәскеуде өткен. Онда алты мың адам жиналыпты. Бір ай бұрын ғана Нью-Йоркте ұйымдастырылды. Келер жылдың көктемінде Алматыға танымал спикерлердің тағы бір шоғыры келмек.

Назерке САНИЯЗОВА,
Қызылорда-Алматы-Қызылорда.
 

 

ЖАРНАМА 05 желтоксан 2017 г. 586 0