ҚАСИЕТТІ ОРЫНДАР – ҰЛТ МАҚТАНЫШЫ

Киелі өңірдің «Сыр – Алаштың анасы» деп аталуы тегін емес, оған  қазақтың қара шаңырағы болған жерімізде тас дәуірінің іздері – сақ, ғұн, қаңлы тайпаларынан қалған тарихи-мәдени ескерткіштер, Сыр жағасындағы көне қалалардың орындары, «Ұлы Жібек жолының» батыс пен терістікке шығатын тоғыз жолдың торабы болуы, алғашқы тайпалық бірлестіктердің және ортағасырлық мемлекеттердің орталығы болуы және т.б. дәлел. Сыр бойының бас қаласы – қазақтың тұңғыш астанасы болған Қызылорда өңірінің  тарихы терең, киелі мекен ретінде ежелгі және орта ғасырлардағы ұлттық мәдени құндылықтарымен ерекше­ленеді. Төрт бірдей мемлекеттің астанасы болған ұлан-байтақ даламызға кеңес өкіметі киелі атаулының тамырына балта шабуға барын салған болатын. Француздар киелі жері Нотр-Дамды мақтан тұтса, ағылшындар Стоунхендж тас мүсін­дерін, немістер көне қалалары Ротенбургты ұлық етеді. Бір ғана Сыр өңірінің өзінде мақтаныш ететін қасиетті орындар жеткілікті. Киелі орындарымызды әлем халқына танытумен қатар еліміздің болашағы – жас ұрпаққа тереңірек таныс­тыру маңызды. Өйткені, өткен тарихымызды білмей, мәдени мұраларымызды зерделемей, бүгініміздің қасиетін жете бағалай алмаймыз. Ал онсыз ертеңгі өмірімізді сезіну де қиын. Бұның түпқазығында қоғам­дық сананың қалыптасуы, рухани жан дүниеміздің баюы, ұрпақ тәрбиесі жатыр. Осы қажеттіліктің орнын толтыруды көздеген биылғы сәуір айында жарыққа шыққан «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты Елбасының бағдарламалық мақаласы дер кезінде жарияланған құжат болып отыр. Расында да, Қазақстанның киелі жерлерінің белдеуі – бізді рухани жұтаңдықтан сақтайтын қалқанымыз әрі ұлттық мақтанышымыз.

Елбасы мақаласында жүктелген міндет­терді жүзеге асыру мақсатында Қызылорда медициналық жоғары колледжінің «Рухани дамыту» орталығының ұйым­дас­тыруымен «Туған өлкем – Қызылорда» атты тарихи-танымдық экспедициясы жа­сақ­талды. Тарихи-мәдени мұралармен ­таны­суды мақсат еткен ­экспедиция өз жұмысын «Қазақ­станның киелі жерлерінің ­географиясы» тізіліміне енген құндылығы жоғары Жанкент қорымынан бастады. Топтың құрамында колледждің «Әлеу­меттік-экономикалық  пәндер» бірлестігінің жетекшісі А.Махамбетова, оқытушы П.Бай­мишева, колледждегі жастар жетекшісі Р.Шарапат болды. «Туған өлкем – Қызыл­орда» экспедициясының мақсаты – Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында атап өткен «Туған жер» бағдарламасы аясында Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстарындағы тарихи-мәдени мұралар және киелі орын­дарға саяхат жасау, зиярат ету арқылы Шірік-рабат секілді ертемемлекеттік қала­ның, Жанкент, Сығанақ, Сауран, Жент сияқты ортағасырлық қалалар, ортаға­сырлық тұлға кесенелері тарихымен танысу болды. Тарихи-танымдық экс­педицияны ұйымдастыруда қазақ халқының рухани құнды­лықтарын насихаттап, оқушы­ларға тарихи орындарды, киелі орындарды көрсетіп, туған өлкенің тарихы мен мол рухани құндылықтар туралы білімдерін арттырып, отансүйгіштік қасиеттерін кү­­шей­ту көзделді. Барлығы 20 адамнан құралған тарихи-танымдық экспедицияның  мүше­лері экспедицияны Қазалы ауданы территориясындағы Өркен­деу ауылдық округінің орталығына іргелес жатқан биік төбе сияқты топы­рақ басқан қорғанның орнында VІІ-ХІV ғасыр­ларда өмір сүрген Жанкент (Янги­кент) қаласынан бастады. Оғыздар ерте заманнан мекендеп, астана етумен қатар, бұл қаланың Ұлы Жібек жолында жатқан сауда-саттықтың үлкен қаласы болғандығын, әдемі кілем шығарудың, тұскиіз жасаудың, ат әбзілдерін, садақ-жебе жасаудың, көзе-сауыт шығарудың орталығы болғандығы жөнінде таныстырылды. Оғыз еліне жүздеген жыл астана болып келген бұл шаһар орны  Сыр өзенінің сол жақ бетінде, Қазалы қаласынан 15 шақырым жерде жатыр.Тарихи-танымдық экспедиция мүшелері сырға толы шаһар орны мен ерекшелігін қызығушылықпен тамашалады. Одан соң экспедиция мүшелері Қармақшы ауданында орналасқан «Қорқыт ата» мемориалдық кешенінде болды. 2000 жылы кешен жанынан мұражай ашылған болатын. Оның қорында 700-ге жуық экспонат сақталуда. Мұражай экспозициясында Қорқыт өмір сүрген дәуірдің тарихы мен мәдениеті жайлы мәліметтер беретін материалдар қамтылған. Бұл музей түркі дүниесіне ортақ ғұлама ойшыл, әлемдік ақыл-ой мәдениетінде өзіндік орны бар философ, гуманист, қобыз аспабын алғаш жасаушы өнерпаз, абыз Қорқыт баба мұраларын бүгінгі және ертеңгі күннің игілігіне айналдыратын мәдени кешен болып табылады. Экспедиция мүшелері бұл кешенде жаңартылған жәдігерлермен танысу барысында ортағасырлық Жанкент қаласы орнынан табылған  көне дүниелерге қатты қызығушылық танытып, құнды ескерткіштермен мұқият танысып шықты. Сонымен қатар экспедиция  Қорқыт ата мазары ескерткішінде болды. Шамамен ІХ-Х ғасырларда Қармақшы ауданы Қорқыт станциясынан 3 км жерде Қорқыт әулиеге тұрғызылған. Тарихшылар Диваев пен Кастаньенің жазуы бойынша, құрылымы шикі кірпіштен қаланған дөңгелек  пішінді 6-8 қырлы күмбезді құрылыс. Ішкі көрінісі биік, қабырғалары кереге өрнегімен нақыш­талған. Исламға дейінгі түрік сәулет құрылысы үлгісімен салынған. Мазар­дың бұрынғы орнына қазіргі заманғы мемо­риалдық ескерткіш орнатылған. 1997 жылы ескерткішті қалпына келтіру, жөн­деу жұмыстары жүргізілген. Амфитеатр, қонақ үйі, т.б. нысандардан тұратын тұтас архитектуралық ансамбль жасалып,  мемориалдық кешенге айналды. Бұл ескерткіш кешен күллі түркі халықтарына ортақ қасиетті зиярат орындарының бірі болып саналады. Оның іздеген мәңгілік өмірі Мемлекет басшысының «Мәңгілік ел» идеясының бір тармағы ретінде астасып жатқандай. Түркі тайпаларының тарих қойнауындағы ірі тұлғаларының бірі – Қорқыт ата халқымыздың рухани мәдениетінің ділдік дәстүрінің белгілі бір бағытта өрбуіне үлкен ықпал еткен ғұлама. Оның көтерген рухани мәселелері, жеке басының өмір салты талай ұрпаққа өнеге болар деңгейде.

Тарихи-танымдық экспедицияның ке­лесі екінші кезекті сапары Қаратау мен Сырдария өзенінің ортасында, Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан баба­ларымыздың көне қаласы Түркістанға бағыт­талды. Онда ортағасырлық сәулет өнері­нің жарқын үлгісіне айналған  көрнекті ескерткіш, ЮНЕСКО дүниежүзілік мұралар тізіміне қосылған Қазақстандағы бірін­ші құрылыс Түркістан қала­сында орналасқан  Қожа Ахмет Яссауидің кесенесін тамашалады. Кесене сопылықтың негізін қалаушы, ойшыл, ақын, уағызшы Қожа Ахмет Яссауидің құрметіне тұрғызылған. Кесене жанындағы Қожа Ахмет Яссауи мешіті бүкіл дүние мұсыл­мандары үшін қасиетті орынға айналды. Оқушылар Яссауидің өміріне байланысты естеліктер, құжаттарды, өмірі туралы сыр шертетін экспонаттарды тамашалады. Колледж студенттері бар ынта-ықыластарымен тыңдап, сауалдар қойып, мол ақпарат алуға тырысты.

Одан соң экспедиция мүшелері Түркі­стан қаласында орналасқан тарихи-этно­графиялық мұражай мен қазақ халқының мұрасы мен рухани қазынасының көзі саналатын этноорталықта болды. Онда Түркі­станның тарихы, рухани өмірі, қаланың мол тарихи жәдігерлерімен танысты. Экспедиция бағыты содан соң Түркістан қала­­сынан батысынан 40 шақырым қашық­тық және Оңтүстік Қазақстан облы­сының қиылысында орналасқан Сауран қалашығында болды. Онда қаланың мұнараларының, қыш құмыраларының, қабырғаларының  қалдықтары бар. Колледж оқушылары қаланың ішіне қақпа арқылы кіріп, қаланың іздерін, су құбырларының іздерін көріп тамашалады. Тарихи-танымдық экспедицияның келесі бағыты Қазақ хандығының алғашқы астанасы – Сығанақ қаласына бағытталды. Сығанақ қаласының орны қазіргі Төменарық тау жыныстары стансасының солтүстік-батыс жағында 10 шақырым жерде, «Сунақ ата» елді мекенінен солтүстік-батысқа қарай 2 шақырым жерде орналасқан бес бұрышты төбе, аумағы 20 гектардай жерді алып жатыр. Бұл қала тарихымыздағы Ақ Орда, Әбілхайыр хандығы, Қазақ хандығы секілді мемлекеттердің алғашқы туын тіккен  астанасы болған. «Қазақстан тарихы» пәнінен  оқып жүрген мемлекеттер астанасының орналасқан жері өз өлкесінде екендігін оқушылар қуана отырып, қызыға тамашалады. Одан соң келесі бағыт «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы бойынша «Діни және ғибадат орындары» санатымен тізілімге еніп отырған «Оқшы ата»  кесенесіне бағытталды. Сыр бойының рухани қайнар бұлағы болып отырған киелі мекеннің бірі Шиелі ауданындағы «Оқшы ата» мазаратында жеті әулие жерленген, көпшілік бұл жерді «әулиелер ордасы» деп те атайды. Қызылорда мен Шиелі аралығындағы жиырмасыншы бекетте, Жөлек ауылынан 7 шақырым жердегі темір жол бойында орналасқан. Мазарға жерленген кісінің шын аты – Ибраһим шайхы, лақап аты – Көгентүп, Оқшы ата – кейін ел қойған есімі. Ә.Қоңыратбаевтың көрсетуінше, Оқшы ата – қару, оқ жасаған оғыз батыры. ХІV ғасырда Қожа Ахмет Яссауидің даңқты кесенесін Ақсақ Темір салғанға дейін осы Оқшы Ата жері ежелгі Тұранның, оғыздар мен түркі қыпшақтарының игі көсемдерін, әулие көрегендерін, батырлары мен шешендерін жерлеген қорымы болған екен. Архитектуралық жәдігер тарихы ІХ-Х ғасырлардан бастау алып, белгі ХV-ХVІ ғасырларда салынса керек. Бұл жерде Оқшы атамен бірге Асан ата, Есабыз ата, Ғайып ата, Қыш ата, Досбол би, Бала би  сынды ел ардақтылары орналасқан. Тарихи-танымдық экспедиция өз жұмысын сәтті аяқтады және алға қойылған мақсат орындалып, жастардың санасында өз өлкесінің киелі жерлерге бай екендігін, ол рухани қайнар бұлақтарымыздың өзіндік тарихымен танысып, мол рухани ілім жинап қайтты. Жастардың бойындағы патриоттық сезімнің күшейтілуі үшін бұндай бастамалар тек қазіргі күнде ғана іске асырылмай, жыл сайын үнемі жүргізілуі қажет. Бұл аталған киелі орындардан басқа өңіріміз  қасиетті орындарға толы. Оларды ұқыпты ұстап, тиісінше қамқорлық жасап, келер ұрпаққа әспеттеп жеткізу басты міндетіміз болып, күн тәртібінен түспеуі керек. Тағылымды туған жерге тағзым етіп түлету – перзенттік парызымыз. Ұлттық бірегейлік темірқазығы саналатын «Туған жер» жобасы патриоттық тәрбиенің негізгі өзегі екенін ескерсек, өлкеміздің рухани осы  құндылықтарын  туризм тармағына түсіріп, болашағымызға келелі нәрсе қалдыруды көздейтін сала мамандары  рухани жаңғы-руымыздың бет-бейнесін жаңартатынына  сеніміміз мол.

Эльмира НҰРПЕЙІСОВА, 

Қызылорда медициналық жоғары 

колледжінің тарих пәні оқытушысы.

ЖАРНАМА 23 желтоксан 2017 г. 73 0

Едел-Жедел

Күнтізбе

«    Қаңтар 2018    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031