Ұлттық банк ескі нұсқадағы 1 000 теңгеліктердің айналымнан шығарылатынын еске салды

Ұлттық банк ескі нұсқадағы 1 000 теңгеліктердің айналымнан шығарылатынын еске салдыҚР Ұлттық банкі 1 наурыздан бастап 2006 жылғы үлгідегі номиналы 1 000 теңгелік банкноттардың айналыста болуын аяқтайтынын және төлем құралы болуын тоқтататынын еске салады, - деп жазады "Қазақпарат".
Банктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, аталған күнге дейін бұл банкноттар заңды төлем құралы ретінде ел аумағында төлемге және банк операциялары үшін шектеусіз пайдаланылады.
2006 жылғы үлгідегі номиналы 1 000 теңгелік банкноттарды Ұлттық банктің барлық филиалдарында оның айналыста болуының аяқталу күнін күтпей айырбастауға болады. Одан кейін 12 ай ішінде - 2017 жылғы 1 наурызынан - 2018 жылғы 28 ақпанына шейін аталмыш банкноттар кез келген екінші деңгейдегі банкте айырбасталады.
ҚР Ұлттық банкінің барлық филиалдарында 2006 жылғы үлгідегі номиналы 1 000 теңгелік банкноттар айырбастау үшін 2021 жылғы 28 ақпанға дейін қабылданады. Банкноттар комиссиялық алымсыз айырбасталады.
Бұл ретте Ұлттық банк заңды төлем құралы болып табылатын номиналы 1000 теңгелік ескерткіш банкноттардың айналыста екендігін хабарлайды.
ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес айналыстағы банкноттарды қабылдаудан бас тарту шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға - бес, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне - он, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне жиырма бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады. Банктердің және банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдардың банкноттарды қабылдаудан, ұсақтаудан және айырбастаудан бас тартуы 50 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
Сұрақтар туындаған жағдайда Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау және сыртқы коммуникациялар басқармасына +7 (727) 2704 585 телефоны бойынша және Қолма-қол ақшамен жұмыс жүргізу басқармасына +7 (727) 2704- 569 телефоны бойынша хабарласуға болады.

Басты сөздер: ҚР Ұлттық банкі, Қаржы,
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 25 ақпан 2017 г. 90 0