КОММУНАЛДЫҚ ҚАРЫЗҒА НЕМҚҰРАЙЛЫЛЫҚ ЖҮРМЕЙДІ

КОММУНАЛДЫҚ ҚАРЫЗҒА НЕМҚҰРАЙЛЫЛЫҚ ЖҮРМЕЙДІӨңірлік коммуникациялар орталығында облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Руслан Нұрма¬ғанбетов БАҚ өкілдерімен брифинг өткізді. Жиында «ИнтерГаз Орталық Азия» АҚ Қызылорда өндірістік филиалы директорының орынбасары Жайық Алишев, қалалық электр торабының директоры Жандос Ниязов, «Қызылорда Жарығы Холдинг» бірлестігінің атқарушы директоры Еркебұлан Есенбаев   коммуналдық қызмет түрлері бойынша есептік сараптамасын ортаға салды.
Қазір газдандыру жұмыстары «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральды газ құбыры бойындағы бұрыптар арқылы жүзеге асырылуда. Айталық, 2015 жылы Арал, Қазалы, Жаңақорған, Шиелі аудандары мен Байқоңыр қаласын газдандыру басталды. Алдағы уақытта Жосалы, Жалағаш, Тереңөзек кентін көгілдір отынмен қамтамасыз ету жоспарлану үстінде.
Жалпы, 4 аудан орталығындағы 10 мыңнан астам тұрғын үй көгілдір отынға қосылды. 2014-2015 жылдары «Өңірлерді дамыту – 2020» бағдарламасы шеңберінде Тасбөгет кенті мен Қызылжарма ауылдық округі газдандырылып, 5516 тұрғын үйге көгілдір отын желісі жеткізілді. Сондай-ақ, өткен жылы жергілікті бюджет қаржысы есебінен қала іргесіндегі Талсуат ауылдық округінде 31,1 шақырым газ құбыры жүргізілді. Нәтижесінде, бүгінгі таңда 1885 отбасы көгілдір отынның игілігін көріп отыр. 
Белкөл кентін табиғи газбен қамтамасыз етуге облыстық бюджеттен қаржы қаралған болатын. Ағымдағы жылдың қараша айына дейін құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіледі деп күтілуде. Жоба аясында 23,7 шақырым газ құбыры тартылса, 3 мыңнан астам кент тұрғыны көгілдір отынның игілігін көреді. Биыл рес¬публика қоржынынан «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральды газ құбырынан Жосалыға дейін газ құбырын салуға қаржы бөлінді. Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу конкурсы жүргізілуде.
Облыста бар 27 жатақхана толықтай жекешелендірілді. Бүгінде олар ҚР құрылыс нормалары мен ережесіне сай болмағандықтан, табиғи газға қосылуға тыйым салынған. Мұндағы тұрғындар газ баллондарын пайдалануға мәжбүр. Алайда, газ баллондарын екі қабаттан асатын көп қабатты тұрғын үйлерге пайдалануға заң шектеу қойып отыр. Сондықтан газ тасушы мекемелер бұл мекен-жайлар бойынша тапсырыс қабылдамайды. Бірақ, жатақхана ғимаратында электр плитасын орнатуға шектеу жоқ. 
Жиында Еркебұлан Есенбаев аймақ тұрғындарына коммуналдық төлем өтеу үшін барлық жағдай жасалғанын атап өтті. Сондай-ақ, облыс тұрғындарының коммуналдық төлемін өтеудегі белсен¬ділігіне ризашылығын білдіріп, кейбір тұрғындардың төлемді алдын ала өтейтіндерін жеткізді.
– Біз әртүрлі келісімшарттар арқылы коммуналдық төлемді өтеуге тұрғындарға барынша жағдай жасап жатырмыз. Қазір атқарылған жұмыстар нәтижесін беруде. Кейбір қарызы көп тұрғын¬дармен сотқа дейінгі жұмыстар жүргіземіз. Себебі, тұрғындардың коммуналдық төлемі сотпен өтелсе, ол екі жақ үшін де тиімсіз болар еді. Осыны түсінген тұрғындар да коммуналдық төлемді өтеуді белсенді жүзеге асыруда, – деді «Қызылорда Жарығы Холдинг» бірлестігінің атқарушы директоры.
Жиын соңында басқарма басшысының орынбасары Руслан Нұрмағамбетов алдағы міндеттер кезең-кезеңімен жүзеге асырылатынын жеткізіп, ақпарат құралдары өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.  

Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ,
Н.НҰРЖАУБАЙ (сурет).      

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 01 сәуір 2017 г. 62 0