Жаңғырудың жаңа жолы

Жаңғырудың жаңа жолыӘ.Тәжібаев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасы мен «Самұрық» инновациялық идеяларды дамыту орталығы» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен Елбасы Н. Назарбаевтың еліміздің бас газеті «Егемен Қазақстанда» «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында айтылған мәселелердің өзектілігі, көтерілген тақырыптардың салмақтылығы жайлы талқылау өткізілді.
Шараға тіл жанашырлары, жоғары оқу орындарының филолог-ғалымдары, білім, мәдениет салалары мен тілдерді оқыту орталығының қызметкерлері, қаладағы алдыңғы қатарлы мектептердің мұғалімдері және қазақ тілі мен әдебиеті пәні бірлестіктерінің жетекшілері қатысты.
Дөңгелек үстелді Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика кафедрасының қауымдастырылған профессоры, ф.ғ.к. Абасилов Аман Мәделханұлы жүргізіп отырды.
Шара барысында мақаланың негізгі бағыттары бойынша Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың ұстаз ғалымдары Ж.Сәдуақасұлы, А.Абасилов, «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігі Қызылорда облыстық филиалының төрағасы С.Аңсат, ақын, сазгер Д.Торғаева, жазушылар С.Жұбатырұлы, Н.Рахмет, «Өрлеу» педагогикалық қызметшілердің біліктілігін арттыру облыстық институтының кафедра меңгерушісі, философия ғылымдарының докторы, профессор Б.Қожамберлиев, №10 дарынды балаларға арналған облыстық «Білім-Инновация» лицей-интернатының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің жоғары санатты мұғалімі Н.Есбосын сөз сөйлеп, Елбасы мақаласындағы жобаларды жүзеге асыру бағытындағы жұмыстарға атсалысуға, бастамаларды қолдауға байланысты ойларын ортаға салып, пікір алмасты.
Шара барысында ақын, сазгер тіл жанашыры Ділдахан Торғаева Елбасының мақаласында көтерілген мәселелер бойынша халық арасында кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізу, әсіресе, латын әліпбиіне көшу жұмыстары қарқынды жүргізу қажеттігін айта келе, сөзінің соңын туған жерге арнаған өлең шумақтарымен аяқтады. Сонымен қатар, А.Абасилов латын әліпбиіндегі дыбыстарды азайту және де мектепке «Латын әліпбиінің негіздері» деген пән қосу туралы ұсынысын білдірсе, Н.Есбосынның аталмыш мақала төңірегінде «Kahoot» бағдарламасына енгізген сұрақтары бойынша жүргізген жұмысы дөңгелек үстелге қатысушылардың қызығушылығын тудырып, отырыстың маңыздылығын арттыра түсті.
Жиын соңында облыстық ішкі саясат басқармасының бөлім басшысы Л.Есімова Елбасының мақаласынан туындайтын тапсырмаларды орындау бағытында сала бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталса, облыстық тілдерді оқыту орталығының директоры Н.Мусаева тіл жанашырларына, қонақтарға ғалымдардың тіл мәселелерін, ұлттық дәстүрді насихаттау бағытындағы зерттеу жұмыстары жайлы оқулықтарды тарту етті.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 03 мамыр 2017 г. 110 0