Құйрықты жұлдыздай ағып өткен оғлан

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР, ТАҒЫЛЫМ | 18 мамыр 2017 ж. - 16:31 | Көрудің саны: 122
Мамырдың 16-сы күні қазақ журналистикасында өзіндік із қалдырып, құйрықты жұлдыздай жарқ еткен Руслан Бөлебайдың туған күні өтті. Жас та болса, елдің сүйіктісіне айналып үлгерген марқұм журналист тірі болса бүгінде 32 жасқа келер еді. NUR.KZ порталы Руслан Бөлебай туралы естеліктерді назарға ұсынады.
2009 жылдың шілде айында талантты журналист Руслан Бөлебай жол апатынан көз жұмды деген ақпарат елді дүр сілкіндірді. Небәрі 24 жасында елге танылып, халықтың сүйіктісіне айналған журналисттің қазасын қазақ жұрты ауыр қабылдады. Ұлттық арнадағы "Таңшолпан" бағдарламасын жүргізген Руслан Бөлебай бүгінде тірі болса 32 жасқа келер еді. Тілшілік қызметтен бөлек, Руслан әншілікті де қатар алып жүрді. "Кең дала", "Сен болмасаң", "Жанарым", "Елес", "Мөлдір моншақтар", "Кешікпей келем деп ең", "Махаббатпен ойнама сен", "Іңкәрім-ай" әндерін мәнеріне келтіре орындап, көрермен ықыласына бөленді. Русланның өте еңбекқор, жастайынан көптеген істі тындырып үлгерген, ұлтжанды журналист екендігін оның әріптестері де еске алып, жылы естеліктерін жазады.
"Алақандай ғана өмірі қалды. Алатаудай есімі қалды... "Тоғыз да қазаққа киелі сан, менің тойым да 09.09.09 жылы болады", - деп жымиғаны бар. Иә, кім біледі, бәлкім. Шынымен де сол күнді көңіліне түйіп жүрді ме екен?!", - деп еске алған жан досы Жігер Сәрсенбаев оның іске зерек, қадамы ширақ, алғанынан қайтпайтын жан болғанын айтады.
Русланмен бірге телевизияның қазанында біте қайнасқан құрбысы Татьяна Прилепина Руслан туралы естеліктерін жариялады.
"Ол менімен әдейі қазақша сөйлесетін. Рахмет. Соның арқасында мен қазақша түсініп, сөйлей алатын болдым. Ешнәрсеге мұңаймай, күліп жүруді үйретті. "Таня, койши!", - дейтін ол. Мұны қалай айтатыны да есімде", - деп еске алады ол.
"Мені КТК атты әлеммен таныстырған - марқұм досым Руслан Бөлебай. Русланмен оқушы кезімізде журналист балаларға арналған фестиваль, жиындарда кездесіп танысқан едік.
Бірде ол телефон шалып "КТК-ға келсейші, бізге Астаналық тілші керек", - деді. Ол кезде КТК-ның қазақ тіліндегі жаңалықтары сағат 16.00-де шығатын. Не ары емес, не бері емес. Көрермен жұмыста.
"Кел, бірге күресеміз! Жаңалықтарымызды ел көретін уақытқа қойғызамыз" деді. Мен біраз ойланып қалдым. Бірақ оның жанды сөздері құлағымнан кетпеді. Темір жол вокзалына бардым да, Алматыға билет алдым. Алматыға келгенімде вокзалдан қарсы алған да Руслан болатын. Қайран досым, жатқан жерің жәнатта болсын!
Мен үшін сен мәңгіліксің. Жаңалықтар қазір прайм таймда! Біз мақсатымызға жеттік!", - Дина Төлепберген.
Оның досы болған қобызшы Ақерке Тәжібаева оның өмірінің соңғы кезеңдерін былай еске алады.
"Руслан өмірден озарынан 2-3 күн бұрын Көктөбеге шығайық деген. Көктөбеге шығып, Руслан: «Кейін мен сендерді Алматының төбесінен қарап тұрамын», - дегені бар".
Досы әрі бірге оқыған топтасы Асқар БЕКОВ, «Білім мен талпыныс оны Алматыға жетеледі. Адалдық пен абырой оған сенімді достарды сыйлады. Іскерлік пен төзімділік ол жүрген еңбек жолының мәңгі серігі болды. Бауырмалдылық пен сағыныш оның ел алдындағы беделін арттырды», - дейді.
Ең өкініштісі, ол бұл игілікті сезіп үлгермеді. Алып шаһар – Алматы, ондағы қара шаңырақ – ҚазҰУ-де оқу – бала біткеннің арманы еді. Талай талапкер оқу орда¬сының табалдырығынан аттап үлгермей, емтиханнан сүрініп, сағы сынған күйі ауылдан бір-ақ шығатын. Тіпті түсерін түсіп алып, қаламы қолына дарымай, жазғаны шимай күйі оқуды тастап та кеткендер көп болды. Ал ол барар бағытын бағамдап үлгерген, не жазып, қандай мәсе¬ле көтеретінін алдын ала жоспарлайтын дарынды жас журналист еді.
Туған өлкеге деген сүйіспен¬шілік арқылы ол елдің тағдырын өзінің оқушы кезіндегі жазба¬ларынан-ақ танытып жүрді. Жой¬ылуға шақ қалған Арал теңізі туралы, Шиелі ауданында дүниеге келген сиам егіздері мәселелеріне талдау жасап, өз буыны арасынан ерте ерекше¬ленді. Біз де Руслан Бөлебайды ең алғаш осы еңбектері арқылы танып білдік.
Біз бір топта қызымыз көп, ұлымыз тоғыз болатынбыз. Рус¬лан оныншы болып толықтыр¬ды. Бүтіндей он саусақ секілді, ал жұмылса – қос жұдырық, қай мәселе болсын заматында шешілетін. Өз уақытымыздың жүйріктері жиналған нағыз «алтын» топ еді. Менің емес, ұстаздарымның сөзі. Ешкімді ешқайда қимайсың. Ешкімнің де бұл ортадан кеткісі жоқ болатын. Тек уақыт өте, Руслан тастап кете барды. Мәңгіге.
Журналистиканың қай саласында болсын, Руслан – өз орнын таба білген азамат. Газет-журналдың қайнаған қазанында да, радио мен телевизияның ошағында да өзін еркін сезіне білді. Оқумен қатар, өндірістік тәжірибені де еш ұмыт қал¬дырған емес. Оған куә – «ВВС»-дің Лондондағы бөлімшесінде білімін шыңдауы.
Русланның ерекше қасиеті – ол маңайына ылғи да доста¬рын, курстастарын жинап жүре¬тін. Қай жұмысқа тұрсын, еңбек¬тенемін деген жолдасын сол жерге орналастыруға күш сала¬ды. Есімде, «Арай» жастар жур¬на¬лының көп уақыт бойы шық¬пай кетіп, кейін оқырманмен қайта қауышатын тұсында қара шаңырақтағы ұстазымыз Клара Қабылғазина апайымыз Рус¬ланға сол журналды шығаруды сеніп тапсырған еді. Жазып-сы¬зу бір бөлек, ал журналды сапалы мақаламен толтырып, қызықты суреттермен көркемдеп, ұйым¬дастыра білу – басқа әңгіме. Қорықпады, «сенім білдірсе, несіне секемденемін» деп қызу кіріскен достың қылығы бізге үлгі болатын. Сонда небәрі 3-курстың студенті едік. Арда досым сол журналға мені де, Рауан Сәбитұлын да орналас¬тырды. Бас редактор Асқанбай ағамызды қалай көндіргенін білмеймін, бірақ сенімді толық ақтап шығатын журналды жа¬рық¬қа шығардық деп айта ала¬мын. Бұл біздің, үлкен өмірдің босағасынан ұялмай аттай ала¬тынымызды, еңбектен қаш¬пай¬ты¬нымызды дәлелдейтін өнім болды.
Кейін де аяулы досымыз та¬лай курстастары мен достарын ел аумағында тарайтын белді деген ақпарат құралдарында өз орнын табуға септігін тигізді.
Русланның журналис¬тикада¬ғы ең өткір кезеңі КТК арна¬сының жаңалықтар қызметінде өтті. Қай тақырыпты болсын, бар ынтасымен көрсетуге тал¬пынатын. Оның сюжеттерінде елдің тағдыры, әлеуметтің тұр-мысы, халық пен биліктің ара¬сындағы диалогты анық байқау¬ға болатын. Журналистикалық этиканы сақтауды міндет тұтып, бос ұранға салынбай, көтерген мәселесін барынша зерттеп, зерделеп, оқиғаның ақ-қарасын ортаға салып тұратын. Алыс-жақын шетелдерге жасаған ісса¬пары да осы жаңалықтар бөлі¬мін¬де бастау алды. Грузия, Ресей, Түркия, Үндістан, Франция ел¬дерінде болып, ең қызықты де¬ген ақпараттарды жинап, қазақ¬қа қатысты тұстарын түсіріп қайтты. Елбасының Қытай еліне жасаған ресми сапарын, елдің беделді арнасынан көрсету де жауапкершілігі жоғары Русланға тапсырылған болатын. КТК телеарнасындағы үлкен мектеп Русланның алдыңғы қатарлы журналист болып танылуына септігі тигізді, өз тарапынан Руслан да арнаның рейтингтегі беделіне үлкен үлес қоса білді.
Жас та болса, бас бола біле¬тін, үлкен ізденіс пен талпынысы бойына дарыған журналисті талай арна өз сапынан көргісі келгені анық. Русланның жақсы қасиеті, ол – әмбебап журналист еді. Түрі де келісті, дауысы мен сөйлеу мақамы да орнықты. Тақырыпқа тез еніп, шиеленістің түйінін тарқатуға дайын тұра¬тын. «Ана тілі», «Азамат.KZ» сын¬ды белді газет редакция¬сы¬нан ысылып шыққандығы оның сөйлем құрастыруынан-ақ бай¬қалып тұратын. Осындай қасиеті оның «Қазақстан» арнасынан табылуына жол ашты.
Руслан Қазақстандағы ерте оянатын, артынша елді оятатын «Таңшолпан» бағдарламасының жүргізушісі атанды. Жайдары күлкі, әуезді дауыс, қонақпен өткен қызықты сұхбат оны ел бойынша мыңдаған көрерменнің ықыласына бөлетті, жүректері¬нен орын тапты. Бұл оның еңбегінің жемісі еді. Біреу білсе, біреу білмес, Руслан ерте тұрған¬мен, кеш жататын. Уақыт оған аз көрінетін. Шығармашылықпен айналысатын, дос-жарандардан алшақтамауды көздейтін, қа¬рын¬дасы Айнұрдың оқуын қадағалауға да үлгеретін.
«Қазақстан» арнасындағы жемісті жылдар, Русланға жаңа шабыт алып келді. Арнаның продюсері Алтынбек Рахметов достық ілтипат танытып әрі аға¬лық қамқорлығымен Руслан¬ның әншілік қырын аша бастады. Республика сарайының төрінде өткен «Сағындырған әндер-ай», «Жан Анам» секілді бірнеше концерттерде тек жүргізуші ғана болмай, ән айтумен де ерекше¬ленді. Майра Ілиясова, Мақпал Жүнісова секілді дүлдүл әнші апаларының қолдауы Русланға сенімділік сыйлады.
Ел үшін әнші атаулысы «жұл¬дыз» деген жанама аттарымен байланысты. Мұрнын қоңқи¬тып, алты әнімен «әншімін, бол¬дым, толдым» дейтіндерді Рус¬лан жақтыра бермейтін. Және өзін ешқашан жұлдыздардың қатарына қоспады. Мейлінше елдің арасынан көрінуді жөн санайтын әрі жас әншілерді осыған үгіттейтін. Содан болар, елдің қай өңіріне барсақ та, Русланды бір көргендер оны өзінің досы екенін айтып, оны¬мен дидарласқан кезін әңгіме етіп айтып жатады.
Біз де тобымызда Русланды «сенікі», «менікі» деп бүгінге дейін бөлген емеспіз. «Әр қазақ менің жалғызым» дегендей, ол барлығымызбен етене жақын араласты. Ол Алматыға алғаш келгенде, жатарға орын тапшы жатақханада, Азамат пен Асхат өз бөлмесіне сыйдырғанын ылғи еске алып отыратын. Әріп¬жан¬ның ата-анасының қамқорлығы да қиын кезде оған демеу бола білді. Нұрланмен «Азамат.KZ» басылымында бірге жұмыс атқарды. Оның қай дүниеге де тереңнен қарауды үйреткенін айтатын. Ал Бауыржан достық әрі ағалық кеңесін еш аяған емес, өмірлік ұстанымын қалып¬тастыруға көмектесті. Алмас пен Ғалымжанды қорғандай көретін. Қиын тұста қорқуды білмейтін¬мен кім жолдас болсын?! Ал Жігер, нағыз дос еді. Онымен қалжың да, ойын да жарасып тұратын. Дұрыс болмаса «дат» деп тыйып тастаушы да сол еді. Руслан басқаға қарамаса да Жі¬герге тоқтайтын. Оқуға түсерде 119 балл жинаған ақыл кенішіне кім қарсы шықсын?! Мен өзім де Жігердің айтқанына имандай сеніп тұрамын әлі күнге дейін. Өйткені ол артық айтпайтын. Қойшы, мәселе Жігерде емес еді, асыл дос Руслан жайлы. Өзім де осы топтың бірі болғандықтан, Русланмен бірге оқу маңдайыма бұйырды. Достығымыз қандай болғаны туралы осы естелік-ақ айтып берер.
Қыздарымыз көп болғандық¬тан, бас-басына тоқтамай-ақ қояйын. Жалпы, қай-қайсысын болсын сыйлап өтті. Олардың да жасаған жақсылықтары көп болды. Жаза берсек, жарыс¬қандай боламыз. Сондықтан асыл досымызды жылда еске алып тұру үшін қалған қызықты кейін жазуға қалдырдық.
16 мамырда Руслан марқұм тірі болғанда 29 жасқа толар еді. Оның арамыздан кеткеніне де 5 жылға тақапты. Өзі болмағанмен, көзін көрген достары, курстас¬тары, ұстаздары, елде жерлестері бар. «Өлді деуге бола ма, айтың¬дар¬шы, өлмейтұғын артында сөз қалдырған» деп Абай атамыз айтқандай, Русланды жадынан өшірмейтін бір қауым елдің бар екені ақиқат. Талай журналистік зерттеулері, өткір сюжеттері, өнерге деген құрметі талайға үлгі болары сөзсіз. Жасындай жарқ етіп, аққан жұлдыздай ерте сөн¬ген азаматын туған жері де ұмыт қалдырмаса екен дейміз. Сыр өңірінде кіндік қаны тамған Шиелі кентінің тумасы Руслан Бөлебай – қандай құрметке де лайық азамат. Осы орайда, Қы¬зылорда облысы, Шиелі ауданы¬ның басшылығы, аудандық оно¬мастика бөлімінің мамандары, аудан орталығы Шиелі кентінде бір көшені Русланның есімімен атаса, талай жасқа үлгі болатыны сөзсіз! Ата-анасының көзі тірісінде баласынан айырылға¬ны да қабырғаңды қайыстырады. Ол кісілердің де көңілдеріне медеу болып, ұлдарының аты өшпе¬геніне көңілдері тоқ болар еді. Ал Руслан досымыздың есімі қайткен күнде де біздің арамыз¬дан өшпек емес. Алла сәтін салса, әлі кино түсіруді де, еске алар кештерді өткізуді де қолға аламыз.
Бұдан бір жыл бұрын Русланның туған күніне орай оның туған ауылы Қызылорда облысы Шиелі ауданындағы орталық көшелердің біріне Руслан Әбсаттарұлы Бөлейбайдың есімі берілді.
Онда Русланды еске алу кеші ұйымдастырылып, онымен бірге істеген әріптестері мен өнер жұлдыздары де кешке қатысты.
Русланның қазасы оның отбасындағы жалғыз қайғылы жайт емес. Оның өмірден озардан бір жыл бұрын ағасы да жол апатынан қайтыс болғаны белгілі.
Бір таңданарлығы, Русланның жасаған соңғы хабары көлік апаты және одан сақтану жолдары туралы болған.
Бүгінде жыл сайын талантты журналисті еске алып, әріптестері әсерлі жазбалар жазуда.

Сондай-ақ... оқыңыз:

Руслан Әбдіразақов түйе палуан сайысының чемпионы атанды

Руслан Әбдіразақов түйе палуан сайысының чемпионы атанды

Қызылордада ауылшаруашылығына еңбегі сіңген қайраткер Сартай Мыхановты еске алуға...
Дмитрий Огай мен Руслан Балтиев қызметтерін босатты

Дмитрий Огай мен Руслан Балтиев қызметтерін босатты

«Қайсар» футбол клубында кадрлық өзгерістер орын алды. Бүгін бас бапкер Дмитрий...
Сыр елінде Батырхан Шүкеновті еске алу кеші өтті

Сыр елінде Батырхан Шүкеновті еске алу кеші өтті

18-мамыр күні Қызылордада қасиетті Сыр топырағында туып, өнерімен Қ...
ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗ ЕДІ...

ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗ ЕДІ...

Адамның бойындағы жақсы қасиеттер туралы айтқанда әңгіме кейіпкері болып отырған...
ҚАРАҚҰМНАН ШЫҚҚАН ҚАЛАМГЕР

ҚАРАҚҰМНАН ШЫҚҚАН ҚАЛАМГЕР

Арал ауданының Қарақұм ауылынан шыққан тұңғыш жазушы-журналист, ақын Қази...
Руслан мен Ұлан баспаналы болды

Руслан мен Ұлан баспаналы болды

Кеше, 1 шілдеде облыс әкімі Қырымбек Көшербаев «Қазақстан барысы» турнирінде қола...
Пікір: