Қуғын-сүргінді көзімен көрген қызылордалық қариялардың бойын әлі күнге дейін үрей билеп алған

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР, ҚОҒАМ | 02 маусым 2017 ж. - 11:16 | Көрудің саны: 101
Қуғын-сүргінді көзімен көрген қызылордалық қариялардың бойын әлі күнге дейін үрей билеп алған1930 жылдардағы аласапыран заманда талай тектілер, ардақты арыстар абақтыға айдалды, аяусыз атылды. Өткен шақ дегенімізбен, жүректерде сызаты қалды. Иә, саяси қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары мен куәгерлері әлі де арамызда жүр. Baq.kz порталының Сыр өңіріндегі тілшісі қасіретті жылдарды көзімен көрген, қудалауды бастарынан өткерген Қармақшы ауданының тұрғындары Нағымет пен Мінуар Алдашбаевтар және Қызылорда қаласының тұрғыны Зәкида Әубәкірованың үйінде болып, олардың тауқыметті тағдырымен танысып қайтты.
Алдашбай ахуннан – Әубәкір, Омар мақсым, Асан мақсым, Мұстафа, Қожахмет және Әбділхамит тараған. Ахунның ұрпақтарының барлығын да саяси қуғын-сүргіннің салқыны айналып өтпеді. Атап айтсақ, Әубәкірді 1937 жылдың ылаңында «ахунның тұқымы, Кеңес үкіметінің жауы» деген желеумен ұсталып, кейіннен атылып кеткен. Одан Зәкида деген жалғыз қыз қалған. Осы Алдашбайұлы Әубәкір еліміз егемендігін алған соң ақталды, оның ақталғандығы жөніндегі құжатты Омар мақсұмның баласы Әбсалам әлі сақтап отыр.
Алдашбайұлы Әубәкірден қалған жалғыз тұяқ Зәкида апа қазір Әбсаламның қолында, ол жасы тоқсаннан асқан қарияны бағып-қарап отыр. Біз әжейді әрі-бері сөзге тартып көріп едік, өткен өмірі жайында ештеңе айтпады. Әңгіме ауанын басқаға бұра береді. Кейде біреулер «күлсең кәріге күл», «әзілің жарасса атаңмен ойна» дегенді желеу етіп, Зәкида әжемен әзілдеп алдайды. «Әже, милиция балдар келді, батаңды бер» десе олар, әже жалма-жан қолын жайып: «Ленин жасасын, Сталиннің еңбегі жансын» дейді екен. (1 сурет. Зәкида)
«Қуғын-сүргін кезі туралы айтқысы келмейді. Үйде «Сақ болыңдар, Құран оқытпаңдар, жеті шелпек таратпаңдар, қуғын-сүргінді айтпаңдар, ұсталып кетерсіңдер» деп отырады. Зұлмат заманның зардабы жанына әбден батқан, содан жүрегі шайылып қалған сияқты. Бойын үрей билеп алған. НКВД-дан қатты қорқытқан ғой, туыстарын көзінше соққыға жыққан, өлтірген. Жендеттер Зәкиданы да ұрып-соққан қыз бала екен деп қарамаған. Қожахметтің баласы Нағымет ағамыз да көп нәрсе айтпайды. Қорқып қалған. Сондағы бар айыбы – Алдашбай ахунның, яғни молданың ұрпағы болғаны», – деді Әбсалам Омарұлы.
Ал Асан мақсымның немересі Сәкен Алдашбаевтың айтуынша, ахун ұрпақтарының қудалауға ұшырауының тағы бір себебі бар. Яғни, Алдашбай Ерназарұлының 1852 жылы дүниеге келген немере ағасы болған, есімі – Қожабай Жанназарұлы. Екеуі де Бұхараға барып, он жылдан астам уақыт оқып, «ахун» атанып келген. 19 ғасырдың соңында елге оралысымен мешіт-медресе ұстап, ауыл халқын имандылыққа тәрбиелейді, балалардың сауатын ашады. Осы екі ахунның құнды кітаптары болған.
«Алдашбай ахунның алты баласына да аманат болып қалған діни кітаптар қоры болды. НКВД сол діни еңбектерді іздеу жолында ахундардың ұрпақтарын да, туыстарын да қудалап, түртпектеген. «Сен халық жауының тұқымысының, әкелерің кітаптарын қайда тықтыңдар» деп, бұларға көрсетпеген қорлығы жоқ. Атам Асан мақсымды іздеуінің сыры осында. 1975 жылы ауылдың адамдары Алдашбай ахун бейітінің басындағы үш моланы ашады да билік өкілдеріне кітаптарды тауып береді. Мәскеуге үш «газик» көлігімен алып кетеді. Әулеттің түбіне жетіп жүрген осы кітаптар», – дейді Сәкен Мінуарұлы.
Асан мақсымның 1945 жылы дүниеге келген баласы Мінуар ақсақалмен де сұхбаттасқымыз келіп еді, жарытып ештеңе айта қоймады. «Сәкен деген балам бар, содан сұрарсың» деп қысқа қайырды.
«Саяси қуғын-сүргіннің салқыны әкемнің бойында қалып қойған ғой. Үйге сырттан адам келсе, бұл тақырыпта сөйлеспейді. Өйткені, әкесі Асан мақсым Алдашбайұлы кеңестік асыра сілтеушілердің соққысын жас күнінде көп көрген, түртпегін өмірінің соңына дейін көрген. 1936 жылы әкесі қайтыс болғаннан кейін Өзбекстан еліне қашып кеткен. Әйелі, яғни біздің әжеміз Жәнікей де «халық жауының» – Дәулетбай қажының қызы еді. Қиын сәттерде Құдай сақтап, НКВД органдарының адамдарынан айласын асырып отырған. Кездесіп қалса, шолақ белсенділерді алып ұрып, соққыға жығатын болған. Өзі палуан, өзі ақын. Сондықтан «молданың баласы» деп Мінуарды да түртпектеген ғой. Мінуар Өзбекстанда туылып, мектепті сонда бітіреді. Сосын 17-18 жасында Қазалыға оқуға түседі. Алты айдан кейін үстінен домалақ арыз түсіп, оқудан шығып қалады. Одан кейін Жалағаш ауданындағы Аққыр совхозында зоотехниктің көмекшісі болып жұмыс істейді, о жақтан да шығарып жібереді. Әкем шешеме үйленерде «Асанның баласымын» деп айтуға қорқып, «жетіммін» деген. Бір жағынан әкемнің қуғын-сүргінді туралы айтқысы келмейтіні – бала кезде көзінше әке-шешесін НКВД-ның ұрып-соққандары, қинағаны есіне түсіп, көңіл-күйі болмай кетеді-ау», – дейді Сәкен Алдашбаев.
Алдашбай ахунның көрген, тәлімін алған немересі, Қожахметтің баласы Нағыметулла атаның басынан өткерген қиындықтары кімді болса да селт еткізбей қоймайды.
«Әкем Қожахмет діни сауатты, қари болған. Үлкен ағасы Әубәкірмен бірге 1937 жылы 29 жасында сол айта беретін «Кеңес үкіметінің жауы, ахунның ұрпағы, Кеңеске қарсы үгіт жүргізді» сияқты айыптармен ұсталып, атылып кеткен. Осы Қожахметтен жалғыз тұяқ мына мен. 1929 жылы туғанмын, қазір Жосалы кентінде тұрамын. Алдашбай ахунның балаларының, яғни әкемнің бауырларының ішінде аман қалғаны Омар, Асан, Мұстафа. Омары түрмеде болып келді. Асан мен Мұстафаның өмірі қашумен өтті. Бұлар қудалаушылықтың «көкесін» көрген адамдар. Сол зұлматты, ауыр жылдардың тауқыметі біздің әулетке оңай болған жоқ. Омар мақсұм өзінің көпке сыйымды жібектей мінезімен аман қалса, Асан мақсұм палуандығымен, жаужүрек батырлығымен және ептілігінің арқасында тірі жүрді. Ахунның кенжесі Әбділхамит соғыста қаза тапқан», – дейді Нағымет ата. Қарияның айтуынша, 1936-37 жылдары жаппай қудалау жүріп жатқанда 7-8 жаста болған.
«Сол кезде Асан мақсым көкеммен бірге белсенділердің қорлығын мен де көрдім. Біздің үй Қуаңның бойында еді. Мен ойын баласымын, үлкендер бөтен адамдармен сөйлеспе деп тапсырып қойды. Бір күні таңертең ұйқыдан оянғанымызда, ауыл тегіс көшіп кетіпті. Тек біздің үй ғана қалыпты. Кейін ер жеткен соң түсіндік қой. Ахундардың әулетімен аралас-құралас болғандарды қудалайтынын білгесін үрейленіп, қоныс аударған екен. Бір күні түн ортасында бірнеше аттылының дыбысы етілді. Үлкендермен бірге үрпиісе мен де ояндым. Асан мақсым басындағы сәлдесін жазып, жаулық сияқты тартып алды да, қолына құман алып, ақсаңдап, кемпір кейіпіне еніп үйден шығып кетті. Асан көкем шығысымен әлгілер үйге сау етіп кіріп келіп, үйдің астаң-кестеңін шығарды, түгел тінтіді. «Асан қайда» деп айқайлап жүр. Мен төсекте бүрісіп жатырмын. Олар біресе сыртқа шығады, біресе кіреді. Бір уақта үйден шыққан «кемпірдің» Асан көкем екенін сезіп қойды да үйдегілерді қыспаққа алды. Біреуі менің көрпемді жұлып алып: «Айт шыныңды, молданың құйыршығы, жаңағы Асан ба» дегенде қорқып жылап жібердім. Бірақ жақ ашып сөйлеген жоқпын. Тіпті, қорыққанымнан қалтырап, сөйлей алмай қалдым. Әлгі адам мені әдейі сөйлемеді деген болуы керек, бір орысша былапыт сөз айтып, қолындағы мылтығының дүмімен жағымнан бір ұрып, желкемнен бүре ұстап үйдің ортасына қарай лақтырып жіберді. Қатты қорыққанымнан мылтықтың дүмі тиген жағым, лақтырғанда жамбасым ауырып қалса да жылауға дәрменім болмады», – дейді қария.
Ақсақал бүгінгі бейбіт күнге аман-есен жеткеніне шүкірлік етеді. «Коммунистер билеген үкіметтен қудалаушылықтың, зорлықтың ащы дәмін таттық. Біздерді бір Құдай, сосын ата-бабаларымыздың әруақтары қолдап әупіріммен осы күнге жеткен жандармыз. Енді мұндай жаманшылық ешқашан болмасын» деп батасын берді Нағымет ата.
Сөзіміздің басында айттық, саяси қуғын-сүргіннің куәгерлері әлі де ортамызда жүр. Тәуелсіздік алғанымызбен, олар зұлмат заманның зардабы туралы айтуға жасқанады. Бойларында үрей бар. Өмір бойына қорлық, қудалау көру оңай ма, кім-кімнің болмасын жүрегін жаралап, санасын сансыратары сөзсіз. Осы ретте, оларға саяси репрессияның куәгерлері ретінде мемлекет тарапынан арнайы мәртебе беріп, қамқорлыққа алуға болмас па екен...
Ибраш ӘЛИ
Фото – автор

Сондай-ақ... оқыңыз:

ТАҒДЫР және ТАУҚЫМЕТ

ТАҒДЫР және ТАУҚЫМЕТ

Кеше жалағаштықтар саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алып, кент іргесіндегі...
ЖАЛҒАН ЖАЛАНЫҢ ҚҰРБАНЫ

ЖАЛҒАН ЖАЛАНЫҢ ҚҰРБАНЫ

Өткен  ғасырдың отызыншы жылдарындағы қызыл империя әдейі ұйымдастырған қанды...
31 мамыр - саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні

31 мамыр - саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні

31 мамыр - Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Бұл күн Елбасының...
Қызылордалықтар қуғын-сүргін құрбандарын еске алды

Қызылордалықтар қуғын-сүргін құрбандарын еске алды

Бүгін қызылордалықтар саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алып, жазықсыз жапа...
Өткеннің әңгімесі

Өткеннің әңгімесі

Көкеме ұсталуы туралы хабар жеткенде ол лезде жолға даярланып, түнде ешкімге...
СІЗДІҢ АЙТҚАНЫҢЫЗ МЕШІТ ЕМЕС, БЕЙІТ

СІЗДІҢ АЙТҚАНЫҢЫЗ МЕШІТ ЕМЕС, БЕЙІТ

Қадірменді інім Серікбай! Сенің жазған дүниелеріңе әркез зер саламын. "Сыр бойы”...
Пікір: