Балабақша көлiгi соқтығысып қалды

Балабақша көлiгi соқтығысып қалдыБүгін облыс орталығында оқыс жағдай орын алды. Тасбөгет кентінде бүлдіршіндер мінген Газель көлігі өзге көлікке соққан. Құдай сақтап, балалар аман қалды.
Оқыс жағдай таңертең сағат 10-ның кезінде болған. Қызылорда қаласына қарасты Тасбөгет кентiндегi Абай және Сапарбаев көшелерiнiң қиылысында жол оқиғасы орын алған. "Ералаш" жеке балабақшасына тиесiлi "Газель" автокөлiгi таңертең балаларды үй-үйлерінен жинап балабақшаға апара жатқан. Апат орын алған сәтте көлiктiң iшiнде 21 бүлдiршiн болған екен. Төрт бала жеңіл жарақат алған. Балалардың ең кенжесі бір жарым жаста екен. Балабақша медбикесi балалардың ешқайсысы ауыр жарақат алмағанын айтады. Медициналық тексеруден кейiн балалар үйлерiне қайтарылған. Осыған орай облыстық білім басқармасы басшысы Бақытжан Сайлыбаев, Қызылорда ОІІД Жергілікті полиция қызметінің бастығы Бауыржан Ибраев, ОІІД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Алтынбек Ахметов балабақша меңгерушілеріне және қызметкерлеріне түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Бүгінде балаларды мектепке дейінгі мекемелермен қамтамасыз ету бойынша облысымыз өзгелерден көш ілгеріде тұр. Мемлекеттік балабақшалардан жекеменшік балалар үйінің саны әлдеқайда көп. Бәскелестікті қалыптастырған жеке балабақшаларда балалар тасымалы бар. Мұндай көлік тасымалдары мемлекеттік балабақшаларда қаралмаған. Жеке кәсіпкерлер балалар тасымалына жүргізушіні өзі алатыны белгілі. Осыған орай  әкімшілік полиция жетекшісі А.Ахметов енді бала тасымалымен айналысатын жүргізушілерге қатаң тәртіп қоятын боламыз деді. «Балабақша көлігінің өз талаптары бар. Яғни көліктің бояуы қанық әрі ашық болуы қажет. Тек балабақша көлігі деген жазумен ғана шектелмеу керек. Көлік төбесіне маяк немесе түрлі түсті айналма жарық орнатуды қолға аламыз. Барлық балабақша жүргізушілеріне түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, жүргізушілерді және көліктерді заң талаптарына сай тексереміз. Жалпы жолаушылар отыратын орындықтарға бала отырғызу үшін арнайы балалар белқыстырғыштарын орнату керек. Біз осыған дейін балабақша көліктеріне ондай талап қойған жоқпыз. Салдарынан осындай жайтқа ұшырап отырмыз. Және басты мәселе, 13 орынды Газельге қосымша орындықтар қойып 21 баланы тасымалдаған. Бұл заңды белден басқан», - деді басқарма басшысы.
Оқиғаның мән-жайына тоқталған жергілікті полиция қызметінің басшысы Б.Ибраев енді орта сыйымдылықтағы көлік жүргізушілеріне талап күшейетінін айтты. «Биылғы жылдың бес айында жалпы көлік апаты азайғанымен, қоғамдық жол тасымалы автокөліктеріндегі апаттар 33,3 пайызды көрсетіп, төмендемей тұр. Бұндай сыйымдылықтағы көліктері жылына екі мәрте тексеруден өтуі тиіс. Бірақ, көбісі жалған құжаттарды сатып алып, техникалық тексерістен өткісі жоқ. Балалар тасымалына алынатын жүргізушілердің 5 жылдық өтілі, Д категориясы, соттылығы және денсаулығында кінәраты жоқ жан болуы керек» - деді.  
«Апат азанғы онның кезінде болған екен. Таңертең сегізде ата-анасы үйінен мінгізіп жіберген бала екі сағат бойы көлік ішінде жүргені ма? Ол сегіз жарымды таңғы асын ішпей ма? - деп таңданысын білдірген облыстық білім басқармасы басшысы Б.Сайлыбаев, меңгерушілерге бала тәрбиесіне үлкен жауапкершілікпен қарап, өте мұқият болуды тапсырды. «Ата-ана өз баласын сендерге аманат етіп тапсырғасын ол баланың бір тал шашына дейін жауапты боласын. Сондықтан қай жағынан болмасын бала қауіпсіздігіне салғырт қарамай өте мұқият, қызметтеріне ықтият болыңдар», - деді.
 
Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР / ҚОҒАМ 15 маусым 2017 г. 1 906 0