АҚАЙ АУЫЛЫНДА ЖАҢА САУЫҚТЫРУ КЕШЕНІ АШЫЛАДЫ

«Мир-2001» серіктестігінің негізгі қызметі – престелген бетон құрылыс материалдарын өндіру, сондай-ақ жанар-жағармай материалдарын сату. Бүгінгі таңда компания қарқынды дамып, бизнесін әртараптандыруды жоспарлап отыр.
«Мир-2001» ЖШС-нің бұл игі бастамасын «Даму» қоры және «Қазақстан Халық Банкі» қолдады. Кәсіпорын банктен несие рәсімдеу барысында, кепіл жетіспеушілігінен туындаған мәселесін осы жолы да «Даму» Қорының жартылай кепілдендіру бағдарламасы арқылы шешті. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында несие бойынша 15,5 пайыз пайыздық мөлшерлемесінің 10 пайызы мемлекет тарапынан өтелудің нәтижесінде кәсіпорынның борыштық жүктемесі жеңілдетілді.
Несие қаражатына компания жаңа қызмет түрін, яғни монша-сауықтыру кешенін ашуды жоспарлап отыр. Мемлекеттік қолдау аясында Ақай ауылында монша, массаж бөлмелері, шаштараз және көлік жуу орталығын қамтитын керемет кешен ашылатын болады. Жоба аясында 12 жаңа жұмыс орындары ашылып, ауыл тұрғындары тұрақты жұмыспен қамтылмақ.
Бүгінгі таңда серіктестік престелген бетон өнімдерін өндіру жағынан аймақтағы жетекші компаниялардың бірі. Жаяу жол плиткалары, жол тақталары, аулаға арналған плиталар, жиектас, брусчаткалар секілді жоғары сапалы өнімдер қазіргі таңда компанияның цехында жоғары технологиялық қондырғыда шығарылуда. 2015 жылы «Даму» қоры «Мир-2001» ЖШС-не несие рәсімдеу үшін қажетті кепілдеме беріп, соның нәтижесінде компанияның жаңа бағытта бизнесін кеңейтуге мүмкіндік ашылған болатын.
Кәсіпорын директоры Сейфулла Ажмолдаевтың айтуынша, өндірістің жоғары техникалық деңгейі, мамандардың кәсіби деңгейлігі мен мол тәжірибесі, сондай-ақ жергілікті инертті материалдарды пайдалану нәтижесінде кәсіпорын нарықта тұрақтылығын сақтай отырып, ірі көлемде жоғары сапалы өнімдер өндіруде.  
Айта кету керек, «Мир-2001» ЖШС-гі мемлекеттік қолдау алған еліміздің үздік 20 кәсіпорындарының қатарына еніп, «Ұлы дала елі» отандық өнім өндірушілердің III форумында дипломмен марапатталды. «Даму» Қорымен бірлесе әріптестік жұмыс жасау нәтижесінде компания шығаратын өнім көлемі 15 пайызға өсті, қыметкерлердің орташа жылдық саны 20 пайыз, ал бюджетке төленетін салық көлемі 10 пайызға артты.

Ш.АЛТЫНБЕКҚЫЗЫ.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 10 тамыз 2017 г. 52 0