Жылу жүйесі жаңғыртылуда

ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің облыстық департаменті “Қызылорда жылу электр орталығы” МКК-ның қайта жаңғыртылған нысандарына пресс-тур ұйымдастырды. Сапар барысында мамандар кәсіпорынның жаңаланған активтерін, техникалық қайта жарақтандырудың тиімділігін сөз етті және алдағы жылу беру маусымына дайындық жұмысын пысықтады.
Мәліметтерге көз жүгіртсек, жылу желілерін қайта жаңғырту үшін “Нұрлы жол” мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 8754,041 млн теңге бөлінген. Ал, қазандықтарды ағымдағы және күрделі жөндеуден өткізуге 904 млн теңгеден астам қаржы бөлінген. Сонымен қатар алдағы қыстың қаһарына сын бермеу мақсатында Еуропалық қайта құру және даму банкі арқылы қосымша 764 млн теңгеге жуық қаражат қарастырылған. Жалпы 2016 жылға инвестициялық бағдарламамен  3697,425 млн теңгеге шақталған шаралар легі жоспарланған екен. Оның ішіне негізгі және қосалқы қондырғылар мен оңтүстік қазандықтың айналмалы механизмдерін жөндеу, әртүрлі диаметрлі кварталаралық жылу жүйелерін жаңғырту, гидравликалық модельдің бағдарламасын орнатып, КОГТЭС газотурбиналық қондырғысының қозғалтқышын ауыстыру кіреді. Көзделген жобаларды іске асыру нәтижесінде жылу жүйесінің тозуы 48 пайыздан 45 пайызға төмендеген, жылу ысыраптары 15 пайызға азайған және қызмет көрсету сапасының жақсаруы байқалған.
– Жыл сайын стратегиялық мақсаттарды іске асыруды қадағалау, жылу жүйелері жұмысы тиімділігін, тұтастай алғанда, саланың жағдайына бақылау жасау жүзеге асырылып келеді. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының келісімі, Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің облыстық департаментінің бұйрығы бойынша 2015-2020 жылдарға арналған, жалпы соммасы 16244,7 млн теңгені құрайтын инвестициялық бағдарлама бекітілген. Ендігі кезекте кәсіпорын алдында жылу беру маусымына дайындық жұмыстарын ықтияттау, техникалық қайта құру секілді міндеттемелер тұр. Осы бағытта тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр, – деді “Қызылорда жылу электр орталығы” МКК бас инженері Наурыз Сатханов.
Айта кетейік, аталған кәсіпорын өз қаржысы есебінен станцияның жоғарғы қысымды құбырларын да жаңартқан. Қала халқын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету бағытындағы осындай ірі жобаларды жүзеге асырудың нәтижесінде өткен жылы Қызылжарма жерасты су кені арқылы 98 су ұңғымасы іске қосылды. Соның арқасында тұрғындар таза жерасты ауыз суын тұтынуға толығымен мүмкіндік алған болатын.

Мөлдір СНАДИН.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 10 тамыз 2017 г. 35 0