АН-28 ұшағының апатқа ұшырауына байланысты қылмыстық іс қозғалды

Көлік прокуратурасы Алматы маңында ұшақтың құлауына байланысты тергеуді бастады, деп мәлімдеді ҚР Бас прокурордың орынбасары Андрей Лукин, - деп жазады БАҚ.кз сайты

«Көлік прокуратурасы қауіпсіздік ережесін бұзу бойынша тексеріс жүргізіп жатыр, жағдайды бақылауда ұстап отыр», - деді Лукин.

3 қазанда болған ұшақ апаты Алматы әуежайындағы ішкі істер желілік бөлімінде соталды тергеудің бірыңғай реестріне тіркелді. Қылмыстық кодекстің 344-бабы 3-тармағына сәйкес (екі немесе одан да көп адамның абайсызда қаза болуына әкеліп соққан қозғалыс қауiпсiздiгiн немесе әуе көлігін пайдалану қағидаларын бұзу) қылмыстық іс қозғалды.

Естеріңізге сала кетейік, 3 қазан күні Алматы-Шымкент бағыты бойынша ұшқан «East Wing» авиакомпаниясына тиесілі авиация ұшағы 12 минуттан кейін радардан жоғалып кеткен болатын.

АН-28 ұшағы Іле ауданына қарасты шаруа қожалығының аумағына құлаған. Ұшақ құлаған кезде электр беру сымдарын іліп кеткен, басқа азаматтық құрылыстар зақымданбаған.

Ұшақ бортында 5 адам болған. Олар: ұшақ командирі Қырғыз елінің азаматы Геннадий Ше, екінші пилот Евгений Кутафин, авиатехник Бейшебек Ақматбаев, профессор, Акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығының акушер-гинеколог дәрігері Патсаев Талғат Анапиаұлы, профессор, Кардиология мен ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының реаниматолог-дәрігері Артықбаев Жәнібек Төкенұлы. Олар ауыр халдегі жүкті әйелге көмек көрсету үшін шыққан. Апат кезінде барлығы қаза тапты.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінде қаза тапқандардың туыстарына материалдық көмек көрсету туралы мәселе қарастырылып жатыр.

Алдын ала мәлімет бойынша, ұшақтың қозғалтқышында проблема туындаған. Экипаж екі айналым жасап, ұшақты алқапқа қондыруға тырысқан. Бірақ ұшақ төмен түсіп бара жатқанда сымдарды іліп кетеді. Ұшақты бірден айналдырып жіберіп, ол бағананы сырып өтеді. Соққыдан ұшақтың қанаты жұлынып кетеді.


ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 04 қазан 2017 г. 56 0