БОЛАШАҚ ҮШІН МАҢЫЗДЫ ШЕШІМ

  Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында латын әліпбиіне көшу мәселесі қозғалғаннан бері қазақ қоғамында латын әліпбиі қандай болуы тиіс, оның қазіргі қолданыстағы әліпбиден артықшылығы нендей болмақ, арнайы топтың дайындаған нұсқаларының бір-бірінен не айырмашылығы бар – бұл сұрақтар баспасөз беттерінде, әлеуметтік желілерде қызу талқылануда.

Әрбір азамат әліпбиге байланысты ойларын, ұсыныс, пікірлерін ашық айтып жатыр. Елбасының өзі де латын әліпбиінің соңғы таныстырылымында алфавитті ел болып талқыға салған жалғыз қазақ халқы екенін атап өтті. Бұл – ұлттық сананың жаңғыруы, елдігіміздің  танылуы. Қазіргі таңда әлемнің 80 пайызы латын жазуын игерген. Олай болса, латын әліпбиіне өту атаның қаны, ананың сүтімен дарыған тіліміздің мәртебесін көтеру, оны дамыту, түркі халықтарын бір-бірімен жақындастыру, рухани байланыс жасау, ақпараттық кеңістікке шығу дегенді білдіреді. Латын қарпіне көшу арқылы біз халқымыздың өткен тарихын, көне жәдігерлерімізді тауып, оқып, зерттеуге мүмкіндік аламыз.

Латын әліпбиіне өту – өркениетке өтудің жолы. А.Байтұрсынұлы салған жолды жалғастыру, оның 26 (28) қағидатын өміршең ету бүгінгі ұрпақ еншісіне тиесілі болған екен. Тіл тазалығын, тіл әуезділігін сақтауда ең алдымен, әліпбидің тиімді нұсқасын таңдай білуіміз қажет. Елбасы латын қарпіне көшу күрделі үдеріс, сондай-ақ оның мақсаты тілімізді дамыту және оны әлемдік ақпараттық кеңістікке шығару үшін жағдай жасау екенін атап өтті. Латын қарпіне көшу, әрине, аз күннің шаруасы емес. Алайда бұл мәселенің жан-жақты ойластырылып, мақсатты түрде қабылданған шешім екенін елімізде жасалып жатқан жұмыстардан анық аңғарамыз.

Алфавит ауыстыруда кездесетін түрлі қиындықтардың алдын ала отырып атқарылатын жұмыстар күрделілігіне қарай кезең-кезеңімен іске асырылуы тиіс. Сондықтан да латын әліпбиіне көшу мәселесіне үрке қараудың қажеті жоқ. Керісінше осы үрдісті мейлінше тез қолдау керек. Қазіргі таңдағы үш тілді меңгеріп жатқан жас буынға латын әліпбиін меңгеру еш қиындық туғызбайды. Өйткені латын тілі – компьютердің тілі. Тіпті, ұялы айланыс құралы арқылы хабарламаны латын тілінде жазатындар көп.

Латын қарпіне өту – болашақ үшін маңызды шешім. Латын әліпбиіне көшу, оны қолдау – халықтың болашағы үшін жасалып жатырған тарихи қадам. «Бір дыбыс – бір таңба» ыңғайындағы аkоrdа.kz сайтында жарияланған латын графикасына негізделген жаңа әліпбиде қазақ тілінің төл дыбыстары (ә, ғ, ң, қ, ұ, ө) апострофтармен берілген. Осы нұсқа тіл заңдылықтарына сәйкес келеді. Тілдің ұлттық сипаты айқын танылады.

Әрине, ұсынылған жоба әлі де болса толықтырылады деген үміттемін. Тілші ғалымдардың пікіріне сүйенсек, апостроф қою қиындыққа соғуы мүмкін. Дегенмен, компьютер тілін меңгерген мамандар бұл проблеманың да шешімін табады деген ойдамын. Сондықтан да мен осы нұсқаны қолдайтынымды айтқым келеді.

Гүлзира ОРАЛОВА,

Қорқыт Ата атындағы ҚМУ-дің аға оқытушысы, 

филология ғылымдарының кандидаты.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 13 қазан 2017 г. 80 0