Өмірге келген сәбидің құжаттарын рәсімдеу жеңілдейді

Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында ҚР  Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев өмірге келген сәбидің құжаттарын рәсімдеу шаралары айтарлықтай жеңілдейтінін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Министрдің атап өтуінше,  мемлекеттік қызметтерді көрсетудің проактивті принципін толықтай электрондық нұсқада жүзеге асыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мұндай жағдайда адамдардың арнайы келуі де қажет болмайды.
«Мысалы, бала туғанда, ата-анасына туу туралы куәлік алу үшін баланың аты-жөнін, жәрдемақылар тағайындау үшін шот нөмірін және балабақшаға кезекке қою үшін мекенжайын көрсету ұсынысымен  автоматты түрде SMS-хабарламалар келеді. Өтініш беруші мемкорпорацияға мемлекеттік қызмет нәтижесін алып кетуі үшін ғана келеді немесе үйге жеткізу қызметіне тапсырыс бере алады», - деді Дәрен Абаев.
Бұдан бөлек, ведомство басшысы жақында  Астанада мемлекеттік қызметтерді алу үрдісі толықтай автоматтандырылған Digital-ХҚКО іске қосылатынын және онда операторлар болмайтынын айтты. Цифрлық ХҚКО ашылуы мемлекеттік қызметтерді ұсынудың жаңа нұсқасына өту кезеңі болмақ. Ол жерде азаматтар өз бетінше қоғамдық қолжетімділік орындары, «Connection point» өзіне-өзі қызмет көрсету секторлары және мемкорпорацияның арнайы стенд-павильондарындағы планшеттер арқылы электрондық өтініштер береді.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 20 қараша 2017 г. 47 0