МӘДЕНИЕТ МАЙТАЛМАНЫ

Қармақшы ауданы әкімдігі мен облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен, облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығының ұйымдастыруымен Қармақшы ауданы, Дүр Оңғар ауылдық округінің мәдениет үйінде Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру мақсатында және Қармақшы ауданының өсіп-өркендеуіне, оның ішінде мәдениеті мен өнерінің дамуына сүбелі үлесін қосып, ел құрметіне бөленген азамат, Сұлтан Сармолдиннің өнегелі өмір жолын өскелең ұрпақ жадында сақтау мақсатында «Сырдың сырбаз Сұлтаны» атты мәдени шара өтті.   

Журналист Қаршыға Есімсейітованың Сұлтан Сармолдиннің өмір жолы жайлы түсірген деректі фильмімен ашылған шарада аудан әкімінің орынбасары Мәжит Сәмитов мәдениет саласы бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды саралап, мәдениет саласы майталманының өнегелі өмір мен еңбек жолы жайлы әңгімеледі.

Сондай-ақ, аудандық мәслихат хатшысы Марат Наятұлы, «Жаңажол» ЖШС-ның бас агрономы, аудандық мәслихат депутаты Төлеу Ерәлиев, мәдениет саласының ардагері Шекер Орынбаева және Сұлтан Сармолдиннің жары Күміс Тасболатова сөз сөйлеп, ардақты азамат жайлы естеліктер айтты.

Шара барысында ауыл тұрғындары мен қонақтар С.Сармолдиннің өмір және еңбек жолы туралы жазылған «Сырдың сырбаз Сұлтаны» атты кітаптың тұсаукесеріне куә болды.

Шара одан әрі тақырып бойынша жас жазба ақындар арасында мүшәйраға ұласып, оған қатысқан 14 жас ақын өздерінің жеке шығармашылықтарынан өлеңдер оқып, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Қазылар алқасының шешімімен Қармақшы ауылынан келген жас ақын Орынбек Құндыбеков бас жүлдені жеңіп алса, І орынды дүроңғарлық ақын Перизат Мақсат, ІІ орынды Көмекбаев ауылынан келген жас талапкер ақын Нұрай Өркенбекқызы, ал жүлделі ІІІ орынды ақтөбелік Нұржауһар Өмірсерікова  иемденді.

Мүшәйраға қатысқан басқа да жас ақындар Алғыс хаттармен марапатталып, сый-құрметке ие болды.

Мұнан соң шара аймағымыздың барлық аудандарынан келген мәдениет үйлері мен ауылдық клуб үйлері арасында екінші рет өткізіліп отырған Сұлтан Сармолдин атындағы облыстық «Үздік клуб-2017» байқауына жалғасты. Клуб үйлерінің жыл бойғы атқарған жұмыстарын саралау мақсатында ұйымдастырылған байқаудың қорытындысымен бас жүлдені Жалағаш ауданы, Аққұм ауылдық клуб үйі жеңіп алса, І орын Шиелі кенттік «Арман» мәдениет үйіне берілді. Сонымен бірге, жүлделі ІІ орынға Қармақшы ауданы, Ақай ауылдық клуб үйі, ІІІ орынға Сырдария ауданындағы Шіркейлі ауылдық мәдениет үйі мен Шиелі ауданына қарасты Бәйгеқұм ауылдық клуб үйі көтерілді.

Қатысушылар Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында Шәмшат Төлепова атындағы аудандық мәдениет үйі ұйымдастырған көрмені тамашалады.

М.МЕРЕЙ.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 21 қараша 2017 г. 141 0

Едел-Жедел

Күнтізбе

«    Желтоксан 2017    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031