Елордада маска кигендер шағын несие ұйымына шабуыл жасады

Елордалық полицейлер  шағын несие ұйымына қарақшылық шабуыл жасаған күдіктілерді ізін суытпай тапты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА Астана ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«29 желтоқсан күні 19:00 шамасында Бөгенбай батыр даңғылында орналасқан шағын несие ұйымдарының біріне медициналық маска киген екі адам баса көктеп кірген. Олар пышақпен және қаруға ұқсайтын затпен қоқан-лоққы жасап, кассадан 500 мың теңгедей ақшаны қолды қылған. Осы факті сотқа дейінгі тергеп-тексеру тізіліміне ҚР Қылмыстық кодексінің 192-бабымен («Қарақшылық») тіркелді», - дейді Астана ІІД-дегілер.
Азаматтардың және бейнебақылау камераларының көмегімен полиция қаланың 23 және 25 жастағы екі тұрғынын ұстады. Олардан пневматикалық қару мен 428 500 теңге ақша тәркіленді. Қарақшылар асығыс қаша жүріп, ұрлаған ақшасының бір бөлігін түсіріп те алады. Оны қайырымды қаланың тұрғындары кеңсеге әкеліп берген. Күдіктілер тергеу барысында өз айыбын мойнына алды. Олар Астана ІІД уақытша ұстау оқшаулағышына жіберілді. Тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 30 желтоксан 2017 г. 81 0