«Қазақфильм» 2018 жылы киносүйер қауымға не ұсынады

18 көркем толықметражды, 21 деректі толықметражды фильм, 6 қысқа метражды дебюттік фильм мен 2 толықметражды анимациялық туынды. Осы фильмдердің барлығын биыл «Қазақфильм» киностудиясы қалың көрерменге ұсынғалы отыр. Жиыны 48 туынды қандай тақырыптарды қамтитыны және «Қазақфильм» киностудиясының жоспары туралы «ҚазАқпарат» ХАА тілшісіне киностудияның баспасөз қызметінің жетекшісі Айнұр Исаева айтып берді.
«Жалпы, 2017 жыл Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы үшін өте олжалы жыл болды. Көптеген көркем, деректі, анимациялық және қысқаметражды дебюттік фильмдер түсірілді. 2015 жылда өндіріске жіберілген көптеген толықметражды фильмдердің өндірісі 2017 жылдың соңында аяқталып, қазіргі уақытта қолымызда дайын тұр.
Атап айтар болсақ, 18 толықметражды көркем фильм, 21 деректі толыметражды фильм, 6 қысқа метражды дебюттік фильм және 2 толық метражды анимациялық фильмді биыл біздің киностудия халыққа ұсынады. Алдымыздағы жылы осы туындылардың барлығы көрерменге жол тартады», - дейді Айнұр Исаева. Киностудия өкілінің айтуынша, 2017 жылы «Қазақфильм» түсірген үш фильм: режиссер Рүстем Әбдірашовтың «Қазақ Хандығы: Алмас қылыш», Сәбит Құрманбековтың «Оралманы», Талғат Теменовтың «Біздің қаланың ханзадасы» атты үш фильмі прокатқа шыққан.
Айнұр Исаева «Қазақ Хандығы: Алмас қылыш» пен «Оралман» фильмі табысты көрсеткішке қол жеткізгенін атап өтті.
«2018 жылы көрерменге жол тартатын фильмдердің кейбіреуін атап өтейін. 18 толықметражды фильм туралы айтар болсам, олардың қатарында бәрімізде күтіп отырған Қанағат Мұстафиннің «16 қыз - 2» комедиясы, Әбіш Кекілбаевтың «Шыңырау» повесінің негізінде түсірілген «Шыңырау» атты көркем фильм, Асанәлі Әшімов басты рөлді ойнаған «В тени ветвей над косогором» атты туындылар бар. Асанәлі Әшімов түскен кино туындының нақты атауы емес, өзгертілуі мүмкін. Ол көркем филм міндетті түрде қазақ тіліне аударылады», - дейді Айнұр Исаева.
Сондай-ақ, көпшілік күтіп отырған «Балуан Шолақ» (басты рөлді актер Еркебұлан Дайыров сомдайды) туындысы биылғы жылы көптің назарына ұсынылмақ. Әлеуметтік тақырыпта мүмкіндігі шектеулі балалар туралы «Девушка и море» және режиссер Эмир Байгазиннің «Река» атты фильмі де биыл көрсетіледі.
«Балаларға жол тартқалы отырған 2 анимациялық фильм бар. Толық метражды олардың біреуі ЭКСПО кезеңінде түсірілген. Атауы - Күлтегін. Кішкентай балаларға патриоттық тәрбие беретін туындының авторы - Адай Әбілдинов. Сонымен қатар, Тұрдыбек Майдан мен Тілек Тілеуғазының «Мұзбалақ» атты анимациялық фильмі биылғы жылы балаларды қуантпақ», - дейді Айнұр Исаева.
Киностудияның баспасөз қызметінің жетекшісі 2018 жылы шығатын деректі фильмдердің көбі мемлекет тарапынан тапсырылған шығармалар екенін айтады.
«Үлкен мемлекет - Үлкен отбасы» бағдарламасы аясында бірнеше фильм түсірілді. Сондай-ақ, «Қазақстан - біздің ортақ үйіміз» бағдарламасы аясында түсірілген бірнеше фильмдеріміз бар. Қазақ тарихының белгілі тұлғалары Қаз дауысты Қазыбек би туралы деректі фильмді биыл тамашалай аласыздар. Сонымен қатар, Алаш автономиясының 100 жылдығына арналған «Алаш туы астында» атты деректі туынды дайын тұр. Осыларды биыл көрермендерге ұсынамыз. Сыбайлас жемқорлыққа, терроризмге қатысты түсірілген деректі фильмдер бар», - дейді Айнұр Исаева.
2017 жылы «Қазақфильм» туындысының фильмдері 27 кинофестивальдан 27 жүлде иеленген екен. Айнұр Исаева сонымен қатар, киностудияның жоспарымен бөлісті. «2017 жылы өндіріске жіберілген 4 ауқымды фильм бар. Олар 2018 жылдың аяғында ғана дайын болады. Атап айтқанда, Ақан Сатаевтың «Томирис» фильмі мен «В эпицентре мира: Путь Лидера» атты фильмі, Жазғы Олимпиада ойындарының тұңғыш алтын медалін алған қазақ Жақсылық Үшкемпіровке арналған «Жеңімпаз» атты көркем фильмі. Сонымен бірге, Қазақстанда пайда болған алғашқы бірлескен «Фокс» студиясының тарихы туралы түсірілген «Эвакуция» атты көркем фильм түсірілмек. Бұл - жоспардағы жұмыс», - деп түйді Айнұр Исаева.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 04 қаңтар 2018 г. 60 0