Өніміміз Еуропаға жөнелтілуде

 Елбасы Н.Назарбаевтың ұсынысымен теңіздің Солтүстік бөлігін сақтап қалу нәтижесінде, САРАТС-1» жобасына 85,8 миллион АҚШ доллары тұратын жобаның қаржысын Дүниежүзілік Банк пен Қазақстан Үкіметі бөлді. Бүгінде ғасыр жобасы өзінің тиімділігін дәлелдеді.
Жобаның бірінші кезеңінде Арал өңірінің қайта жанданып, балық шаруашылығының даму қарқыны артып келеді. Су айдынында бұрын жоғалып кеткен балықтардың түрлері қайта көрініс тапты. Бүгінде жоғалған 22 балықтың түрі қайта келді. Облыс бойынша теңіз бен көлдерден ауланатын балықтың 90 пайызы біздің ауданымыздың үлесінде. Балық аулау, оны өңдеу көлемі жыл сайын артып келеді. Қазіргі таңда жылдық қуаттылығы 16400 тоннадан асатын 6 балық өңдеу зауыты жұмыс жасайды. Жүздеген жанжар балық аулау, өңдеу жұмыстарымен қамтылып отыр.
Өткен жылдың өзінде ауданда 7100 тонна балық ауланып, қыруар тонна балық өңделді. Сонымен бірге балық өнімдерін сыртқа шығару да қарқын алды. Польша, Грузия, Әзербайжан, Ресей сынды мемлекеттер Арал балығын тұтынуда. Сондай-ақ, Германия, Дания, Голландия, Бельгия, Австрия елдеріне экспортқа шығарылуда. Ал, өңіріміздегі балық шаруашылығына ерекше назар аударған азамат А.Ерхатов Ресейдің Ульяновск облысы. Димитровград қаласы маңынан балық өңдеу зауытын іске қосты.
Балықшылар қауымының әрбір күні қарбаласқа толы. Тілім-тілімі шыққан қолымызды мұздай судың қарығанына, бетімізді күн қақтап, теңіз самалы тотықтырғанына қарамастан ел байлығын еселеу үшін еңбек етудеміз. Ата кәсіп қашанда адалдықты қалайды.
Балық түрлерінің молайып, өнімдеріміздің Еуропаға жөнелтіліп, шет елден зауыт салуымыз-Елбасының ерен еңбегінің нәтижесі деп білеміз. Ал, «САРАТС» жобасының екінші кезеңі басталғанда Кіші Арал айдыны бұрынғыдан бірнеше есе ұлғайып, балық аулау көлемі бұрынғыдан да арта түспек.
Жеңіс Демеуов,
балықшы.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 05 қаңтар 2018 г. 75 0