АЛҒАШҚЫ ҚҰЖАТТЫ БІР КҮНДЕ АЛДЫ

Кеше облыстық перинаталдық орталығында балалы болған ата-аналарға көрсетілетін қызметтердің проактивті  әдісі бойынша екі анаға нәрестелерінің туу туралы куәлігі табысталды.

Жалпы, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-ымен бірге өткен жылдың аяғынан бастап бала өмірге келгенде көрсетілетін қызметтердің проактивті әдісі бойынша пилоттық жобаны іске қосқан болатын. Енді ақпараттық жүйелердің бірігуінің арқасында нәрестені тіркеу бойынша өтініш автоматты түрде келетін болады. Бала өмірге келісімен оның ата-анасына SMS-хабарлама арқылы құттықтау келіп, сәбиді тіркеу бойынша мемлекеттік қызметті алуға ұсыныс жасалады. Электрондық үкімет порталы барлық мәліметті түрлі мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен жинап, ал өзге деректерді SMS хабарлама арқылы ата-анадан сұрайды.

Мәдина Сопабекованың бұл тұңғышы. 11 қаңтар күні кешкілік аман-есен босанып, ұлды болған Мәдина алғаш құттықтауды мемлекеттен алғанына риза. Сонымен бірге жас ана екі сағат өтпей жатып сәбиінің алғашқы құжаты – туу туралы куәлікті қолындағы смартфон арқылы тез әрі ешқайда шықпай - ақ рәсімдеп, ертеңіне міне, дайын құжатқа ие болып отыр. Бұған Мәдина  дән риза.

Балалы болған ата-аналарға көрсетілетін қызметтердің проактивті әдісі жобасы маған қатты ұнады. Босанған соң ең бірінші болып телефоныма құттықтау келді. Қуанып қалдым. Онан бөлек, екі сағатта сәбиімнің туу туралы куәлігін рәсімдеп, бір күн ішінде қолыма алып отырмын. Бұл  өте тиімді әдіс екен,– дейді жас ана.

Шарада «Азаматтарға арналған үкіметтің» Қызылорда облысы бойынша Халыққа қызмет көрсету орталығының директоры Айнұр Тобаева жас аналарды құттықтап, пилоттық жобаның Қызылорда қаласы бойынша алғашқы қатысушылары атануымен және сәбилі болуларымен құттықтап, нәрестелердің бауы берік болсын деген игі тілегін арнап, балалардың туу туралы куәліктерін табыстады.

– Қазіргі таңда бала туғаннан кейін ата-аналар баланы тіркеу, куәлік алу, жәрдемақы тағайындау және балабақшаға кезекке қою үшін халыққа қызмет көрсету орталықтарына баратыны мәлім. Енді проактивті әдістің іске қосылуына байланысты фронт-офистерге барудың, тіпті электрондық үкімет порталына жүгінудің де қажеті жоқ. Барлық қажетті қызметтерді ол SMS-хабарлама арқылы ала алады. Бірақ SMS-хабарлама алу үшін азаматтар кез-келген ХҚКО-ға барып, өздерінің телефон нөмірлерін порталдағы жеке кабинеттерінде бекітуі тиіс,–деп атап өтті «Азаматтарға арналған үкіметтің» Қызылорда облысы бойынша Халыққа қызмет көрсету орталығының директоры Айнұр Шорабекқызы.

Сонымен бірге, баланы тіркеу, жәрдемақыны рәсімдеу және балабақша кезегіне қою қызметтерін халыққа қызмет көрсету орталығынан да алуға болады. «Бала туу» композиттік қызметі проактивті тәсілмен ұсынылады. Яғни, телефон арқылы шот нөмірін жіберіп, жәрдемақыларды да рәсімдеуге және балабақша кезегіне қоюға болады. Айта кетейік, жоба басталғаннан осы уақытқа дейін Қазақстан бойынша бала туған 1000-ға жуық анаға мемлекеттік қызметті алу ұсынысымен sms хабарламасы жіберілсе, облыс бойынша Арал, Қазалы, Шиелі аудандары мен Қызылорда қаласында іске асырылып, 15 анаға туу туралы куәлік берілді.

Айнұр БАТТАЛОВА.

«Сыр бойы».

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 13 қаңтар 2018 г. 112 0

Едел-Жедел

Күнтізбе

«    Қаңтар 2018    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031