ҚОҒАМДЫҚ БАҚЫЛАУ – ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ТЕТІК

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен Халықаралық түрме реформасы Орталық Азиядағы аймақтық өкілдігі арасында «Өзара түсіністік және ыңтымақтастық туралы» меморандум жасалған. Аталған келісім негізінде жазаны және өзге де қылмыстық-құқықтық ықпал ету шараларын орындайтын мекемелердің қызметіне қоғамдық мониторинг жүргізілуде. Жуырда бақылау комиссиясының мүшелері тексеру нәтижесін ортаға салып, тиісті ұсыныстарды талқылау мақсатында арнайы отырыс ұйымдастырды. Облыс әкімдігінде өткен жиынға ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департамент басшысы А.Мұхимов төрағалық етіп, қоғамдық бақылаудың міндеттерін атап өтті.

Отырыс барысында «Тұтынушылардың құқығын қорғау қоғамы» бірлестігінің президенті С.Теңізбаев облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаментінің ЗК-169/1 мекемесі тергеу изоляторындағы бақылау қорытындысын жариялады. 12 ұсынымын ортаға салып, туындаған мәселелердің шешімін бірге табуға шақырды. Айта кетейік, ұсынымдардың басым бөлігі тамақ өнімдерін бекітілген нормаға сәйкестендіруге қатысты. Сондай-ақ, сотталушылардың жатын орнында көрпе-төсек жиынтығының толық еместігі анықталып отыр. Алайда, қылмыстық атқару жүйесі департаментінің бастығы, әділет полковнигі Ғ.Отарбаев  бұл мәселенің басты назарға алынып жүргенін, атқарылған жұмыс ауқымы кең, ахуалдың тұрақты екендігін алға тартады. Алдағы уақытта осындай мониторинг жұмыстары ЗК 169/4 қоныс колониясы мен ЗК 169/5 қатаң режиміндегі колонияда жүргізілмек. Оқырмандардың түзету мекемелерінің қызметіне қатысты ұсынысы болса, 70-25-20 байланыс құралына хабарласуына мүмкіндік бар.

                                                                                                           

М.СНАДИНҚЫЗЫ.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 12 қаңтар 2018 г. 56 0