Оқиғаның нақты деректері белгілі болды

ҚР ішкі істер министрінің орынбасары Ерлан Тұрғымбаев Ақтөбе облысындағы автобус өртінің негізгі себебін айтты, - деп хабарлайды Вaq.kz ақпарат агенттігі.

ҚР ІІМ министрінің орынбасары Ерлан Тұрғымбаев мәлімдегендей, негізгі болжам бойынша Ақтөбе облысындағы автобустың өртеніп кетуіне отты абайсыз пайдалану себеп болған.

– Қазіргі таңда оқиға орнындағы жұмыстар аяқталды. Қаза болғандардың мәйіттері Өзбекстанға жіберілді. Ол жақта бірқатар геномдық сараптамалар жүргізіліп, марқұмдардың денелері туыстарына беріледі. Негізгі болжамға сәйкес, отты салғырт пайдалану өрттің шығуына себеп болған. Оқиға орнында дәнекерлейтін шам табылды. Сонымен қатар, тергеу кезінде бес литр бензин құйылған пластмасса ыдыстың (автобуста) болғандығы анықталды, – деді Е.Тұрғымбаев.

Оның айтуынша, тергеу органдары зардап шеккендерден жауап алуды 19 қаңтар күні бастаған.

– Отты салғырт пайдаланғандығы жөніндегі болжам аман қалғандардың түсініктемелерімен расталып отыр. Автокөліктің қозғалтқышы өшіп қалып, көліктің іші салқын болған, сол кезде дәнекерлейтін шам жылытқыш ретінде қолданылған. Ол екі сағаттан астам уақыт жұмыс жасайды. Сол кезде бес литрлік ыдыстағы бензин төгіледі де, от лап етеді. Сөйтіп, аз уақытта автобус ішіндегі азаматтардың барлығының өмірін жалмайды. Сондай-ақ, жол көлік оқиғасы немесе қандай да бір криминалдық жағдайдың болуы мүмкін деген болжамдар толықтай жоққа шығарылды. Оқиға орнын тексеру аяқталғаннан кейін аталмыш автокөліктен ешқандай суық қару, атыс қаруы, оқ-дәрі немесе сол оқ-дәрілердің қалдықтары табылмады, – деді ҚР ІІМ министрінің орынбасары.

ҚР Денсаулық сақтау вице министрі Алексей Цой ауруханада жатқан бес азаматтың денсаулығы туралы айтты.

–Санитарлық авиация арқылы жеткізілген барлық емделуші кешеден бері толық тексерілді. Жалпы алғанда, жағдай тұрақты, олардың әрқайсысы өздерін жақсы сезінеді. Психологтар өте белсенді жұмыс жасады, өйткені емделушілерді моральдық тұрғыдан қалпына келтіру қажет болды. Бүгін жағдай қалыпты. Зардап шеккендердің денсаулығына ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Оларды ауруханадан шығаруға болады», – деп хабарлады А.Цой.

Сондай-ақ, жұма күні Астана уақыты бойынша шамамен 21:00-де өрт кезінде қаза болған 52 адамның мәйітін Өзбекстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігі Ақтөбеден Ташкентке ұшақпен алып кетті. Ол Қазақстан тарапына көрсеткен көмегі мен қолдауы үшін алғысын білдірді.

Айта кетейік, бұған дейін Өзбекстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми сайтында қайтыс болғандардың алдын ала тізімі жарияланды. Қайтыс болғандардың барлығы – Наманган облысында дүниеге келген ер адамдар. Ең үлкені 41 жаста, ал ең жасы 19-да. Алдын ала тізімде 29 адамның аты көрсетілген. Сондай-ақ, зардап шеккендердің аты-жөні жазылған.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 20 қаңтар 2018 г. 68 0