Балабақша мен мектептерге көңіл бөлінуде

Қазақстанда 113 мың шаршы метр мемлекеттік мекеме ғимараттары мектептер мен балабақшаларға беріледі.
 Бұл жөнінде бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Қаржы министрі Болат Жәмішев мәлім етті. Күні кеше кеңейтілген үкімет отырысы кезінде мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жылжымайтын мүлік нысандарын сатып алу барысында оның бағасына тиісті бақылаудың жоқ екеніндігін сын тезіне алған еді. Президент: Тендерде мердігерді таңдау кезеңінде төрешілдік пен ысырапшылдық басталады. Міне, құрылыс бағасы өсуінің, инфляцияның шарықтап кетуінің себебі осында.Көбінесе біркелкі нысандар әртүрлі баға бойынша салынуда. Отырыста атап өтілгендей, Ақмола облысында 1200 орындық мектептің құны 900 орындық мектепке қарағанда 219 млн. теңгеге арзан бағаға салынған. Ақтөбе қаласында бір жылда бірдей мектептер құрылысы құнының айырмашылығы 130 млн. теңге болған, ал Атырау облысындағы бірдей емханалар құрылысына жұмсалған шығын құнының айырмашылығы 400 миллион теңгеден асқан. Бақылаушы органдар мұндайға қалай жол береді? Мен қаншама рет тек типтік мектептер мен ауруханалар салуға тапсырма бердім,- деп атап өткені белгілі. Бүгін қаржы министрі Болат Жәмішев: «Қаржы министрлігі Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, 18,5 мың мемлекеттік мекеме мен кәсіпорындарға тиесілі алаңға ревизия жүргізді. Мен жетекшілік еткен комиссия 567 мың шаршы метр аумаққа қатысты шешім шығарды. Оның 47 мың шаршы метрі бойынша ешқандай ұсыныс бермеуді ұйғардық. Бұл – асханалар, ТЖМ-нің қоймалары, ол алаңдарды іске жаратудың қажеті шамалы», - деп осы сала бойынша есеп берді. Министр хабарлағандай, 113 шаршы метр мемлекеттік мекеме ғимараттары әлеуметтік нысандарға беріледі. Бұл ғимараттарда балабақшалар, шағын орталықтар, мәдениет үйлері, мектептер, медициналық мекемелер, спорттық ұйымдар, кітапханалар орналастырылмақ.«305 мың шаршы метр аумақты жекешелендіруге беру туралы шешім шығарылды. Естеріңізде болса, Мемлекет басшысы 250 мың шаршы метр жөнінде айтқан болатын, комиссия 418 мың шаршы метр аумақ бойынша шешім шығарды», - деп толықтырды ол.Б.Жәмішев мәлім еткендей, 102 шаршы метрді мемлекеттік мекемелер арасында бөлу ұйғарылған. «Бүгінде бірқатар мемлекеттік ұйымдардың артық алаңдары бар. Ал кейбір мемлекеттік мекемелер оны жеке сектордан жалға алады. Сондықтан қалған аумақты осы мекемелерге бөліп беру шешімі шығарылды», - деп атап өтті Б.Жәмішев.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 29 қазан 2013 г. 521 0