Ұлытау сапары: Жезқазған және Жошы хан

1316

0

Қызылордадан шыға бере осы сапардағы жол қиындығы айтылған. Бұрын мұнда келген әріптестердің біреуі де Жезқазғанға барар жолды мақтамады. Қаладан шыға бере тым жақсы басталған асфальт 130 шақырымға дейін жетті. Әрі қарай кедір-бұдырлы тас жол. Жезқазған мен Қызылорда арасы 430 шақырым. Демек, үш жүз шақырым селкілдеуге тура келеді.

Екі аралықтағы жол жайы көптен жазылып жүр. Тіпті биыл маңызды жол құрылысына қаржы бөлінетіні белгілі болған. Бірақ ел күткен жобаның әлі де бір қайнауы кем секілді.

Қош, біз әлі селкілдеумен келеміз. Көлік терезесінен сыртқа көз салсаң, жазық дала жап-жасыл. Биыл былтырғыдай емес, жер ызасы баршылық. Көктем айының кереметі сол ғой, Сыр мен Арқа арасы түгелдей көк көрпе жамылғандай бусанып жатады. Содан болар, жол машақатынан ойды бөлер, көңілге демеуі әзірге осы ғана. Ара-тұра мінген көлікті шетке тоқтатып, кең далада бой жазамыз.

Жақсы үрдіс үзілмегей

Жезқазғанға жол тартуымыздың себебі жоқ емес. Бұл – облыстық және аудандық газет редакторлары және тілшілерден жасақталған дәстүрлі сапар. Үш жылдан бері «Сыр медиа» ЖШС бас директоры, облыстық мәслихат депутаты Аманжол Оңғарбаев қалыптастырған үрдіс. Қайбір жылы Түркістандағы Арыстан бабтан бастап, Қызылдың құмында жатқан Жанқожа батыр мазарына дейін бардық. Рухани сапарда Ахмет Иассауи мавзолейі, Сауран, Сығанақ қалалары, Оқшы ата, Қорқыт баба, Марал ишан жатқан киелі мекендер туралы да қағазға түсіріп, қалың оқырманға ұсынғанбыз. Аралдың Ақирегінде жатқан Арыстан бабтың тағы бір мекеніне де сапар сәті түскен еді. Ал өткен жылы Түркістаннан басталған сапар Үкаша атадан теріскейге өрлей отырып Баба түкті Шашты Әзіз, Ысқақ баб, сонау Қазығұрт жеріндегі Ғайып ерен, қырық шілтен секілді киелі мекендерде жалғасқан болатын.

Дәл сол үрдістен жаңылмай келеміз. Аманжол Сақыпұлы бұл жолы Ұлытау сапарын таңдапты. Неге Ұлытау десеңіз, оны мақала барысында ашып айтамыз. Ал осы сапардағы шығармашылық топта 15-ке жуық адам бар.

Жезқазғанның жаңа дәуірі басталмақ

Сегіз сағат. Таңғы бесте шыққан біз осындай уақыт жүріппіз. Жезқазған дәл осы кезде байқалды. Алдымен көзге көрінгені үлкен мұнара. Түтіні будақтай шыққанына қарап, Жезқазғанның өндірісті қала екені бірден ойыңа сап етеді.

Иә, 430 шақырымды басып өтіп, Жезқазғанға да кіре бердік. Бұл дегенің Қызылорда мен Қазалының арасындай қашықтық. Расымен Қазалыға қатынайтын автобустар төрт сағатта шаршатпай апаратын. Жолы теп-тегіс қой. Кейбір жеңіл көлікті такси жүргізушілері алаөкпе болған күйі үш сағатта жеткізер еді. Бұның бәрі жаңарған «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автожолының арқасы. Ал біздің митың жүріске кінәлі көрінген «Қызылорда-Жезқазған» арасына асфальт төсер болса, жағдай басқаша болар ма еді, кім білсін?!

Кезінде облыс орталығы болған қаланы алғаш көрсеңіз, көңілің құлазиды. Әйтсе де мұндағылардың өзі үйренген сияқты. Қаланы қалқайтып тұрған әзірге «Қазақмыс» корпорациясы мен бірқатар электр энергиясы және түсті металл өндіретін компаниялар ғана шығар. Басқа көңілге қуаныш сыйлар көркемдік көре алмадық мұнда. 1954 жылы құрылған Жезқазғанның қазіргі күйі бұл.

Бір қуаныштысы, алда үлкен үміт бар. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында Жезқазған аумағында Ұлытау облысын құру қажеттігін айтқан еді. Президенттің «Бұрынғы Жезқазған облысының аумағында Ұлытау облысын құру қажет. Жезқазған қаласы қайтадан облыс орталығы болады. Бұл аймақта дербес облыс құру – экономикалық қана емес, рухани жағынан да маңызды шешім» деген сөзі елдің рухын көтерді. 1973 жылы облыс атанып, 1997 жылы таратылған Жезқазғанның қайта Ұлытау облысы болуы өңір экономикасының көтерілуіне оң әсерін тигізері сөзсіз. Мұндағы халық соны аса зор сеніммен қабылдап отыр.

Кейінгі жаңалыққа сүйенсек, бүгінде Қарағанды облысы құрамына жататын қай аудан, қаланың жаңа Ұлытау облысына қарайтыны белгілі болған. Қарағанды облыстық мәслихатының кезектен тыс XII сессиясында Ұлытау облысына Жезқазған, Қаражал, Сәтбаев қалалары, Жаңаарқа және Ұлытау аудандарын қосу ұсынылған көрінеді.

Жаңашылдыққа пәрмен

Жезқазғаннан қатарымызға тағы бір азамат қосылды. Бауыржан Бірманов есімді ағамыз өңірден шығатын «Шарайна» газетінің бұрынғы бас редакторы. Жолсерік болған ол бірден Жошы хан кесенесіне қарай көлікті бұрғызды.

Ұлытау сапары енді айқындалып келе жатқандай. Сөз басында айтып өткендей, Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы наурыздағы Жолдауда Ұлытау облысын құру, әрі қазақ даласының дәл жүрегінде орналасқан киелі өңірдің тарихтағы ерекше орны жайлы айрықша атап өткен еді. «Ел тағдыры шешілген ұлы жиындар осында өткен. Сарыарқаның төрінде орналасқан бұл аймақтың туристік әлеуеті өте зор. Оның өндірістік қуатын, логистикалық мүмкіндігін ұтымды пайдалану керек. Бір сөзбен айтқанда, біз Ұлытау аймағының дамуына жол ашамыз» деген еді Мемлекет басшысы.

Міне, осы мақсатпен ұлылар мәңгілік тыныс тапқан өңірдің топырағын басып тұрмыз. Сыр журналистерінің көбі дерлік мұнда келе қоймаған. Содан болар, біздің әріптестерде қызығушылық көп.

Бауыржан ағамыздың көрсетуімен қаланың солтүстік-шығыс бөлігіне шықтық. Әу бастағы асфальт жол лезде аяқталып, қара жолға түстік. Жошы хан кесенесіне барар жол қаладан 50 шақырым. Ұлытау баурайында жатқан ұлы ханның мазарына жету қиындау соқты. Бірақ биыл осындағы туристік аймақтарға жол түседі-мыс. Соның дәлеліндей, жол бойы тас тиеген жүк көліктері көптеп кездесуде. Борпылдақ құмға малта тас төсеп жүр. Болжам бойынша келешек асфальт түсірмек. Бұл мұнда келетін қонақтар үшін жақсы жаңалық емес пе?!

Ұлытаудағы тарихи жәдігерлердің көбісі Алтын Орда дәуіріне тиесілі. Біз бағыт алған ұлы ханның мазарынан бөлек, өңірде «Болған ана», «Құлан ана», «Домбауыл» мазары, «Теректі әулие», «Байқоңыр», «Зыңғыртас» петроглифтері және Әмір Темірдің Тоқтамысқа жорыққа аттанардағы тасқа қашап жаздырған жазуы бар «Алтыншоқы» шыңы, жеті әулиенің жайы жатқан «Әулиетау Ақмешіт» шыңы сияқты тарихи ескерткіштері бар. Тарихшылардың айтуынша, қыпшақ даласында бой көтерген алып мемлекеттің әу бастағы атауы Ұлық Ұлыс деп аталған. Сібір мен Орталық Азиядан бастап Шығыс Еуропаға дейінгі алқапты алған, одан қалды Еділ мен Дунай өзеніне тұлпарын суарған осы мемлекеттің жауынгерлері деп жазады. Ал орыс зерттеушілерінің жазбаларында «Алтын Орда» деп аталып кеткен мемлекеттің 1456 жылғы құрылған Қазақ хандығының бастауы екені айтылады. Ғалымдар жазбасында айтылғандай, өз дәуірінде айбатты болған мемлекет құрамына қазіргі Ресейдің көп бөлігі, Украина, Өзбекстан, Түркіменстанның кейбір аймағы, Қазақстанмен бірге Қырым, Солтүстік Кавказ жерлері кірген.

Сарыарқа даласында жатқан хан кесенесіне түс ауа жеттік. Өзі алыстан көрінеді. Биіктеу төбе басында орналасқан екен. Одан төменіректе өзен ағып жатыр. Білетіндер «Қаракеңгір дейтін суың осы» деп қалып жатты. Бастауын таудан алатын көрінеді.

 Жошы хан кесенесі жанында заманауи кешен бар. «Екі жыл бұрын мұндай болмаған» дейді жол бастаушы Бауыржан ағамыз. Салтанаты келіскен сарай екен. Әсіресе, батыр дулығасы тектес шатырлар, күймелі арғымақтар,  құлан мен әлемді билеген Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошының айқасы бейнеленген мүсіндер еріксіз көз тартады. Киелі жердегі нысандар Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың пәрменімен салынған. Біз кесененің ту сыртын айналып алдымен осында келдік.

– Қош келдіңіздер, – деп әдеттегі амандық-саулықтан соң жігіт ағасы ғимарат ішіне бастай берген. Өзін Манат Айтбаев деп таныстырды.

– Сіздер көріп тұрғандай, бұл жаңа ғимарат «Жошы хан» тарихи-мәдени кешені деп аталады. Мен осы кешеннің директорымын. 2019 жылы тікелей Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасымен Ұлытау өңіріндегі тарихи жерлерді дәріптеу керектігі айтылған еді. 2020 жылы осы нысан құрылысы басталды. Алтын Орданың 750 жылдығына орай Жошы ұлысын ұлықтау мақсатында салынған кешен Президенттің қатысуымен былтыр қазан айының 20-сы күні ашылды, – деді ол. Осы арада кешен директоры бөлім  меңгерушісі Бақытжан Көпбаевты таныстырып өткен еді. Мұнан арғы деректерді Бақытжан айтты. 

– Кешеннің тарихи-мәдени деп аталуының өзіндік себебі бар. Көбіне бізде тарихи-археологиялық не тарихи-өлкетану музейлері деп аталатын мәдени орындар жетерлік. Ал мұнда тарихпен қатар мәдени демалыс та ұйымдастырылған. Кешен ішінде келушілерге арналған қонақүй, асхана, музей, заманауи фильм көрсететін бөлме және жанында кәсіпкерлер тарапынан ұйымдастырылған этно ауыл бар. Екінші жағынан,  мұнда сізге аса бір гид қызметі қажет емес. Себебі, өздеріңіз көріп тұрғандай, тас кескінді тұғырға орналасқан жылжымалы экран арқылы Ұлытау жерінің ұзақ жылдар бойғы тарихын үш тілде біле аласыздар. Өйткені, мұнда ел азаматтарынан бөлек, шетелдіктер де жиі келеді. Экранда қазақтың тарихи жерлері, салт-дәстүр, әдет-ғұрпы, жалпы ұлттық құндылықтары топтастырылған ақпарат бар, – дейді кешен қызметкері.

Оның айтуынша, жалпы Қарағанды облысы бойынша 6 туристік аймақ болса, Жезқазған өңірінде бүгінгі күні толық зерттелген 250-ден астам тарихи-археологиялық ескерткіштер бар. Сондай-ақ ежелгі металлургияның да түп қазығы осы өлкеден басталады. Өйткені, археологиялық зерттеу жұмыстарының нәтижесі осыны айғақтап тұр. Жезқазған, Ұлытау, Жезді жеріндегі ежелгі қоныстар мен өндіріс ошақтарының орны қола, сақ және орта ғасырлар дәуіріне тиесілі екені белгілі болған.

Кешен ішіндегі музейде Жошы хан кесенесінің сол дәуірдегі қыштан құйылған, ою-өрнегі бар қабырға кірпіші, мазардың ағаш табалдырығы, Әлкей Марғұлан экспедициясының қазба жұмыстары кезінде табылған шырағдан, осы өлкедегі 1918 жылы Болған ана кесенесінен шыққан, ХІV ғасырға жататын, айна, құлақ тазалағыш,  кездік, алтын сырға мен алтын кесе қойылған. Жебе ұштары, түрлі көне теңгелер де тұр. Екінші бір қызық, кешен ішінде келушілерге арнайы деректі фильмдер көрсетіледі. Ұлы даланың көне сырлары мен осында мекен еткен тарихи тұлғалар жайлы деректі фильмдер туристерге бірден ұнары анық.

Осы кешен мен кесене арасы 100 қадамнан асатын шығар. Екі аралықта Жошының алып бейнесі құйылған ескерткіш пен Хан шатыры тұр. Таза қоладан құйылған хан бейнесінің биіктігі 5 метр болса, салмағы 4 жарым тонна.

– Басты мақсат – Алтын Орданың негізін қалаған Жошы ханның есімін ұлықтау арқылы Ұлытауды халықаралық деңгейдегі этнографиялық туризм орталығына айналдыру. Міне, соның нәтижесімен қасиетті мекенге тәу етіп келушілер бар, шетелдік қонақтар бар, соларға ыңғайлы етіп салынған кешенді көріп отырсыздар. Расымен де ұлылар жатқан Ұлытауға келушілер алдымен осы Жошы ханға аялдайды. Президентіміздің өзі Шыңғыс хан тұлғасын халықаралық туризмді дамыту үшін тиімді пайдалану керектігін айтқан болатын. Қазір де ұлы қағанның үлкен ұлы Жошының мазары қазақ жерінде екенін көпшілік біле бермейді. Бірақ кешен салынғалы бұрынғыдан келушілер күрт көбейді, – дейді «Жошы хан» тарихи-мәдени кешенінің бөлім меңгерушісі Бақытжан Көпбаев.

Құланнан келген ажал

Музей қызметкері Бақытжанның бастауымен кесене басында тұрмыз. Мемлекеттің қатаң қорғауындағы ескерткіш ғалымдардың болжауынша ХІІІ-ХІV ғасырға жатады. Деректер бойынша, әлемдегі ең үлкен мемлекет саналатын Ұлы моңғол империясының негізін қалаушы Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошы осында жерленген.

– Шыңғыс қаған өз ұлдарына империясын бөліп бергенде Жошыға Дешті Қыпшақ тиген. Осы Ұлытауда Жошы ұлысы құрылады. Алтын Орданың негізі осы өлкеден басталады десек қателеспейміз. Ал енді аңыз бойынша Жошы ханды аңшылықта құлан шайнап өлтірген дейді. Бұл сөздің жаны бар секілді. Өйткені, 1946 жылы белгілі ғалым Әлкей Марғұлан мұнда қазба жұмыстарын жүргізген. Сонда кесене қабірінен табылған ер адамның бір қолы жоқ екені анықталыпты. Кейіннен бұл жердегі сүйектерді Алматыға әкеткені белгілі болды, – дейді бізді кесене басына апарған Бақытжан.

Тарихи деректерде кесенені салуға Жошы ұлысына қараған қаңлы, қоңырат, керей, найман, арғын, қыпшақ сияқты үлкен тайпалар ат салысқан. Кесенедегі таңбалар соны айғақтайды.

– Кесенедегі тағы бір ерекшелік, мұнда жарық түсіру үшін күмбез жақтан үш ойықтың тұрғанын байқайсыз. Ал сырттан қарағанда мұның іші қараңғы болып көрінеді. Бұл да сол дәуірдегі шеберлердің мықтылығы болар. Сондай-ақ кесене ішіндегі дәл қазіргі температура қыс уақытында да сол қалыпта тұрады. Осындай да өзгешелігін айтпай кетуге болмайды, – дейді Бақытжан Көпбаев.

Жалпы кесене жайлы алғашқы дерек Бұхар тарихшысы Хафиз Таныштың (ХVІ ғасыр) жазбаларында айтылыпты. Жалпы мұнда 1946-1973 жылдары Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясы, сондай-ақ 1998 жылы Жезқазған археологиялық экспедициясы зерттеу жүргізген. Ал ескерткішке реставрациялық жұмыстар 1998-2000 жылдары, одан соң 2006, 2011, 2016 және 2020 жылы жүргізілген. 1982 жылдан бері «Жошы хан» кесенесі республикалық маңызы бар тарихи ескерткіштер тізіміне еніпті.

Аңшылық кезінде Ұлытау даласында құлан шайнап өлтірген Жошының өлімін естірткен күйші Кетбұғаға да арнайы белгі орнатылған. Шыңғыс ханның кеңесшісі, Жошының ұлық биі атанған кемеңгер Кетбұғаның тарихта жырау, күйші, абыз, қолбасшы болғанын айтады. «Ақсақ құлан», «Нарату», «Сауға» күйлерінің авторы екендігі белгілі. Мұндағы белгінің астында Кетбұға бабамыз дүниеден көшкен Сириядағы «Айн-Жалут» жерінен арнайы алдырған бір уыс топырақ та қойылыпты. Халық «Ұлы жырау» атаған бабаның ұлықтау мақсатында 2017 жылы Жезқазған қаласында ескерткіш қойылған…

…Арқаның біз болған алғашқы түні ерекше күйге енді. Таңғы жол Домбауыл кесенесін бетке алмақ.

(Жалғасы бар).

Ержан ҚОЖАСОВ,

«Сыр бойы»

Суреттерді түсірген Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

Қызылорда-Жезқазған-Қызылорда