Теңізді өлкедегі толымды тіршілік

1038

0

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев құқық қорғау органдары басшыларымен бірге жұмыс сапарымен Арал ауданына барды.  Батыс аудандағы сапардың басты мақсаты – Президенттің «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығы аясында жергілікті тұрғындармен жүздесу. Сондай-ақ Нұрлыбек Нәлібаев қала статусын алғанына 95 жыл толған аудан орталығындағы бірқатар шараларға қатысып, жыл сайын тойланатын балықшылар мерекесіне де ортақтасты.

Алдымен аймақ басшысы аудан территориясындағы «Көкарал» бөгетінің жұмысымен танысты. Сала мамандарымен пікірлесіп, бөгетті жөндеу жұмыстарының барысын саралады.

Аймақ басшысы «Көкарал» тек Арал өңіріне ғана емес, республика үшін өте маңызды нысан екенін алға тартып, Президент тапсырмасы аясында бөгетті жөндеу жұмыстары қолға алынғанын тілге тиек етті.

– Мемлекет басшысы «Кіші Аралды» сақтап қалу бойынша шұғыл шаралар қабылдауды тапсырды. Осы орайда, республикалық бюджет есебінен «Көкарал» бөгетін сақтап қалу және Сырдария өзенінің атырауын қалпына келтіру» жобасының жоба-сметалық құжаттамасы әзірленіп, биыл тамыз айында мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. Ал қыркүйекте республикалық бюджеттік комиссияның отырысында Су ресурстары комитетінің бюджетін қайта бағыттау есебінен жобаны іске асыруды бастауға биыл 500 млн теңге бөлінді. Сондықтан жұмысты сапалы деңгейде үйлестіріп, механикалық тазарту жұмыстарын жүргізу қажет, – деді облыс әкімі.

Жоба-сметалық құжаттарда қаралған негізгі жұмыстардың бірі – «Солтүстік Арал» теңізінің солтүстік бөлігінің тұздылығын азайту мақсатында «Тұщы», «Сарытерең», «Қарашалаң-1», «Қарашалаң-2» каналдарына механикалық тазарту жұмыстарын жүргізу басталды.

Айта кетейік, Президент пәрмені негізінде бөгет мәселесі бұған дейін де Өзбекстан мен Қазақстан Парламенті Сенатында жан-жақты қаралып, бірлескен топ «Көкаралға» келіп, бөгеттің жағдайымен танысқан еді.

«Көкарал» бөгеті 2005 жылы қараша айында пайдалануға берілген. Ұзындығы 13 шақырым. Жоба құны 4,6 млрд теңге. Су тоспасы салынған уақыттан бастап теңіздегі судың көлемі 11,5 млрд текше метрге ұлғайды. Сондай-ақ, балықтың жергілікті түрлері артып, бекіре тұқымдас балықтарды өсіруге қолайлы жағдай туды. Ал аулау көлемі 400 тоннадан 8 мың тоннаға дейін көбейді.

Бөгет басында облыс әкімі белгіленген жұмысты уақытылы әрі сапалы аяқтауды міндеттеп, сала мамандарына бірқатар тапсырмалар берді.

***

Президенттің «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығы аясында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев пен құқық қорғау органдары басшыларының өңірлерге сапары жалғасуда. Арал ауданында тұрғындармен жеке қабылдау өткізіп, бірқатар мәселелерді заң аясында бірге талқылады.

Тұрғындарды қабылдаудан бұрын аймақ басшысы мемлекет және қоғам қайраткері Құдайберген Саржановтың «Суреттер сыр шертеді» тарихи музей жұмысымен танысты.

Мәдени нысан 2018 жылдан бері жұмыс істейді. Мұнда өңір шежіресін айқындайтын түрлі фотосуреттер мен тарихи жәдігерлер сақталған. Оның ішінде теңіз бен балықшы қауым тіршілігін бедерлейтін құжаттар мен экспонаттар көбірек жиналған. Сондай-ақ музейдің негізін қалаушы Құдайберген Саржановтың да жеке тұтынған заттары тұр.

– Әу баста музей ашамын деген ойым болмады. Тек бұрыннан осы Аралыма қатысты түрлі суреттерді жинайтынмын. Келе-келе бұл жинағандарым көбейіп, үйдегі кітапханама да сыймауға айналды. Сонымен үй алдына бір бөлмелі жай тұрғызып, сонда жинақтадым.  Уақыт өте тағы да бөлме қосып, көптеген жәдігерлердің басын құрап, 2018 жылы музей етіп аштық. Бұның артықшылығы – көп жерде кездесе бермейтін фото мен тарихи деректер жиналуында. Әсіресе, балық шаруашылығы саласына қатысты тарихи құжаттар сақтаулы. Жалпы саны 1500-ге жуық түрлі экспонат жинаппын. Мұндағы мақсатым – балықшы бабаларының ерен еңбегін бүгінгі ұрпаққа ұмыттырмау. Ғимаратты былтырдан бері облыстық тарихи-өлкетану музейі қарамағына өткіздім, – дейді Құдайберген Саржанов.

Айта кетейік, Құдайберген Саржанұлы – Қазақ КСР Балық шаруашылығы министрі, облыс және Арал ауданының құрметті азаматы. Арал теңізінің экологиялық мәселесін шешуіне зор үлес қосқан ардақты азамат биыл 85 жас мерейтойын атап өтуде.

Мұнан соң облыс әкімі аудан тұрғындарын  қабылдады. Аудандық «Оқушылар үйінде» өткен қабылдауға облыстық сот төрағасы Әділхады Шығамбаев, облыс прокуроры Нұрлан Бижанов, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің облыс пен Байқоңыр қаласы бойынша департаменті бастығы Болат Қалмырзаев, облыстық полиция департаменті бастығы Мұхтар Қожабаев, облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Бақыт Қайшыбеков келді. Сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті басшысының бірінші орынбасары Асылхан Ашықов, мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Ғани Аманов және төтенше жағдайлар департаменті бастығы Руслан Қайрақбаев та қатысты.

Ашықтық қағидасына негізделген қабылдауда 70-ке жуық азаматтың өтініші қаралды. Мұның ішінде облыс әкіміне 30-ға жуық тұрғын өз сұрақтарымен келді. Жергілікті азаматтар тұрғын үй алу, жұмысқа орналасу, инфрақұрылым жүргізу, жол сапасына мән беру, көл мен каналдарды тазалау, балабақша, мектеп салу және субсидияға қатысты мәселелер көтерді.

– Менің облыс әкіміне айтқан мәселем – «Шымкент-Самара-Жақсықылыш-Тоқабай-Абай» бағытындағы тас жолы. Аталған жолмен үш ауылдық округтегі бес мың адам аудан орталығына қатынайды. Бұл жолды 2018 жылдан бастап орташа жөндеуден өткізген еді. Бірақ ол жөнді атқарылмай, мердігер мекеме былтырғы бөлінген қаржыны дұрыс игермей, бюджетке кері қайтарып отыр. Биыл да қаржы бөлінбеді. Аймақ басшысына жол жөндеу жұмыстарын тексертуді және қалған 5 шақырым жолға қаржы бөлдіруге өтініш білдірдім. Нұрлыбек Машбекұлы аудан басшысы мен тиісті сала басшыларына тапсырма беретінін, бұған қолдау көрсететінін айтты, – дейді зейнеткер Қазыбек Аяпов.

Ал, құқық қорғау органдарының басшыларына 40 азамат өз мәселесін жеткізіп, заң аясында тиісті түсіндірме алды. Сондай-ақ облыс әкімі барлық мәселе сала мамандарымен бірге мұқият зерделеп, заңдылығына қарай шешім қабылданатынын жеткізді және жауапты басқарма басшыларына нақты тапсырма берді.

Айта кетейік, бұған дейін аймақ басшысы Жаңақорған ауданында жеке қабылдау өткізіп, өзекті мәселелер реттілігіне қарай шешімін тапты. Сонымен қатар, облыс әкімінің тапсырмасы аясында орынбасарлары мен құқық қорғау органдары басшыларының орынбасарлары әр ауданда бір күн бойы жеке қабылдаулар өткізді.

Еске сала кетейік, Нұрлыбек Нәлібаев облыс әкімі болып келгеннен бері 21 рет қабылдау өткізіп, 200-ге жуық азаматтың мәселесін саралады.

***

Биыл теңізді өлкенің бас шаһары – Арал қаласының 95 жылдығы атап өтілуде. Мерейтойға орай «Балықшылар монументі» ашылып, «Балықшылар» аллеясы қайта жаңғыртудан өтті. Арал ауданына сапарына облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев балық шаруашылығының даму барысын суреттейтін нысандарды аралап, аудан тұрғындарын мерейлі мерекемен құттықтады.

Арал – жарты әлемге балығымен аты шыққан тарихи мекен. 50-60 жыл бұрын Арал жағасында балық аулау кәсібіне байланысты 2 комбинат, 10 зауыт, 70-ке жуық балық қабылдау бекеті болғанын кейінгілер білмеуі мүмкін. Қолда бар мәліметке сүйенсек, теңізден 30-дан аса балық түрі ауланыпты. Қазірде теңізді өлкенің балығы әлемнің 10 еліне экспортталады. 10 балық өңдеу зауыты жұмыс істеп, ондағы 31 балықшы бригадасында 700-ден аса жігіт су маржанын сүзіп жүр.

Сапар барысында облыс әкімі құқық қорғау органдары басшыларымен бірге жаңғыртылған «Балықшылар» аллеясының жұмысымен танысып, «Балықшылар» монументін ашу рәсіміне қатысты.

Мерекелік іс-шара «Арал антологиясы» жинағының тұсаукесерінен басталды. Айдынды өлкенің тарихы мен даму барысын сипаттайтын бұл жинақ  Арал тұрғындарының тұрмыс-тіршілігінен сыр шертеді.

Сондай-ақ жергілікті зиялы қауыммен кездескен облыс әкімі Президент қолдауымен Арал өңірінің жағдайын жақсарту, балық шаруашылығын дамытудың нақты жолдары іске асқанын, өлкедегі өзекті мәселелер кезең-кезеңімен оңтайлы шешілетінін тілге тиек етті.

– Арал – тек еліміздің ғана емес, әлем назарындағы өңір. Тіршіліктің өзегі сумен байланысты болғандықтан, оның деңгейіне қатысты көптеген қиындық еңсерілді. Президент қолдауымен «Көкарал» бөгетіне де ерекше мән беріліп, жөндеу жұмыстарына қажетті қаржы бөлінуде. Бірнеше балық зауыты ашылып, кезінде жоғалған балықтың түрлері қайта оралуда. Балық аулау көлемі 400 тоннадан 8 мың тоннаға дейін ұлғайды. 10-нан аса зауыт жұмыс жасап, балық өнімдері шетелге экспортталуда. Аралда тіршіліктің көзі балық пен мал шаруашылығы болғандықтан, бұл бағыттағы жұмыстарға қолдау болады. Келешек ұрпаққа қажетті тарихи кітап та жарық көруде. Мұның бәрі киелі Арал жұртының игілікті ісі деп санаймын, – деді облыс әкімі.

Жиынға қатысушылар 2012 жылы ашылған  «Балықшылар» музейінің жұмысымен танысты. Мәдени нысанда 2000-нан астам теңіз жәдігері топтастырылған. 11 адам жұмыс істейтін мекемеге былтыр облыстық бюджеттен 86 млн теңге бөлініп, қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілген еді. Орыс архитектурасымен салынғандықтан, уақыт өте ескіріп, ағаш қабырғалары мүжілген тарихи үйдің жаңаша кейіпке енуі көз қуантады. Ал ғимарат сыртында ат шана, түйе шана, қайықтар, жылым тартуға арналған шығыр, Ленин сыйға тартқан станок, түрлі капитан есімі жазылған кемелер тұр. Ең үлкені – «Лев Берг» деп аталатын 25 метрлік кеме. Әр кеменің сыртқы бетінде кеме капитандарының аты-жөні жазылған. Бұл экспонаттар бұдан бірнеше жыл бұрын қолданыста болғаны анық. 1962 жылы Арал теңізінің тартылуына байланысты порт жабылып, оның маңайына спорт кешені, спорт алаңы салынып, көгалдандырылып ашық аспан астындағы музейге айналыпты.

Ал жаңғыртудан өткен «Балықшылар» аллеясында жаттығу және балалар спорттық-ойын алаңы, субұрқақ, балықшылар мүсіні және балықшылар есімі жазылған тақта және вагон орнатылған.

Салтанатты іс-шарада «Поволжье тұрғындарына 14 вагон балық жіберілгеніне 100 жыл» атты театрландырылған қойылым көрсетілді. Аудандық мәдениет қызметкерлері жаппай ашаршылық пен қуаңшылық заманында аштықтан зардап шеккен Еділ аумағының тұрғындарына Арал балықшыларының 14 вагон балық жіберуін, миллиондаған халық құтқару оқиғасын шебер түрде сахналады.

Аймақ басшысы адал еңбек иесі саналатын балықшы қауым мерекесі – «Балықшылар» слетіне қатысты. Игі шарада ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Балық шаруашылығы комитеті төрағасының орынбасары Алмас Асылбеков, мемлекет және қоғам қайраткері Құдайберген Саржанов, сала ардагерлері мен қызметкерлері де болды. Жиында облыс әкімі аудан тұрғындарын Арал қаласының 95 жылдық мерейтойымен құттықтап, аймақ үшін балық шаруашылығының маңызын атап өтті.

– Биыл – айдынды өлке үшін ерекше жыл. Әлем таныған Арал қаласына 95 жыл толса, ашаршылық жылдары Поволжье тұрғындарына 14 вагон жіберген қайырымды іске 100 жыл толды. Теңіз дауылына желкенін жықпай, өмір соқпағына мойымаған ата-бабаларымыздың ерлігін де естен шығаруға болмайды. Еділ бойы мен оған жақын аумақтағы ашыққан жұртқа, сондай-ақ 7 миллионнан астам балаға көмек көрсеткен кешегі балықшылардың еңбегі батырлықпен пара-пар. Дана халқымызда «Өткенді білмей, болашақты болжау мүмкін емес» деген тағылымды сөз бар. Осы ретте бұл біздің өткен тарихымызға елеулі еңбегі сіңген балықшы бабаларға құрмет және олардың бүгінгі ізбасарларына деген зор ілтипаттың үлгісі деп білемін, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Слетте облыс әкімі мемлекет және қоғам қайраткері, бұрынғы балық шаруашылығы министрі, облыс пен Арал ауданының құрметті азаматы Құдайберген Саржановқа Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы Алғыс хатын табыстады.

– Құдайберген Саржанұлы – аймақтың экологиялық проблемасын, Арал тағдырын жоғары мінберлерде көтеріп, балық шаруашылығын дамытуға ерекше үлес қосып келе жатқан ардақты азамат. 90-жылдары теңіз жағалауынан ел үдере көшкен кезде Қапшағай аймағынан «Толқын» деген балықшы ауылын құрып, оған Арал балықшыларын көшірген бастамасын әлі күнге дейін жергілікті халық ерлікке теңейді. Сексеннің сеңгірінен асса да атакәсіптен қол үзбей, «Қызыл кітапқа» енген Арал қаязын өсіріп, бағалы балық тұқымын қайта қалпына келтіру бағытында еңбек етіп келеді, – деді облыс әкімі.

Өз кезегінде мемлекет және қоғам қайраткері Құдайберген Саржанов жерлестеріне алғыс білдірді. Сондай-ақ ҚР ЭГТРМ Балық шаруашылығы комитеті төрағасының орынбасары Алмас Асылбеков Арал балықшыларын құттықтап, ізгі тілегін арнады.

Салтанатты жиында балық шаруашылығына елеулі үлес қосқан бірқатар азаматтар құрметке бөленді. Олардың қатарында «Үздік балық өңдеуші зауыт» пен «Үздік өнім экспорттаушы», сондай-ақ «Озат балықшы» және «Озат балық өсіруші» номинациясы да бар. Аталған шарада балықшы қауымның еселі еңбегін халыққа жеткізуде еңбек еткен облыстық «Сыр бойы» газетінің бөлім басшысы Ержан Бекмырзаұлы да марапатталды.

Айта кетейік, Сыр өңірінде Еуропа нарығына шығуға мүмкіндік беретін еуропалық сапа стандартын растайтын белгісі бар төрт кәсіпорын жұмыс жасайды. Қазіргі таңда облыстағы балық өнімдерінің экспорт көлемі еселеп артып, биылғы жылдың 9 айында 3435 тонна өнім шетелге шығарылды. Өңірде балық шаруашылығын дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған бағдарламасы бекітіліп, Арал ауданына қатысты тауарлық балық өндірісін ұлғайту үшін 7 тауарлы көл тізімге енгізіліп отыр.

Ержан ҚОЖАС,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<