Бүйрек жетіспеушілігі: Аппарат жоқ, маман тапшы

781

0

Аймақтың денсаулық сақтау саласында өзекті мәселе көп. Кезек күттірмейтін сондай мәселенің бірі – иммуно-химиялық талдау жасайтын аппараттың жоқтығы. Бүйрегін ауыстырған азаматтарға ауадай қажет аппарат үшін науқастар елордаға, Шымкент пен Алматыға қатынауға мәжбүр. Бүйрегі сыр берген бір топ науқас осындай шағыммен барлық жауапты мекемелердің табалдырығын тоздырыпты. Олардың мәселесіне 2020 жылы сол кездегі аймақ басшысы ден қойып, тиісті тапсырмалар да берген.

Нәтижесінде облыс әкімдігі мен денсаулық сақтау басқармасы бірлесе, 16 тармақтан тұратын арнайы Жол картасы жасалған. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы келтірген мәліметке сенсек, созылмалы бүйрек жетіспеушілігі бар науқастарды емдеудегі қордаланған проблемаларды шешуді, оның ішінде такролимус аппаратын сатып алуды көздейтін Жол картасы бойынша өңірде бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр.

Дегенмен, нәтиже әлі көңіл көншітпейді. Созылмалы бүйрек жетіспеушілігі бар науқастар орындалуынан үлкен үміт күткен Жол картасы да өз деңгейінде жүргізіліп жатқан жоқ. Оған қоса, облыста нефролог мамандар тапшы. Әсіресе аудандарда нефролог жоқ.

Денсаулық сақтау басқармасының дерегінше, бүгінгі таңда облыста 9 нефролог маман жұмыс істеуде. Жүз мың адамға шаққанда 1 нефролог дәрігері болуы тиіс десек, 800 мыңдай халқы бар облыс үшін маман жеткілікті көрінуі мүмкін. Бірақ іс жүзінде алты маман ғана нақты нефролог, қалғаны – түрлі апталық курстардан өткен терапевттер.

Ал, біз айтқан алты маманның төртеуі – жасы алпыстан асып кеткен дәрігерлер. Тағы бір айта кетерлігі, 2020 жылы пандемия басталғанға дейін созылмалы бүйрек жетіспеушілігі бар науқастардың басым бөлігі қаралып келген облысымыздың бас нефрологы Лиза Нұрсұлтановаға қаралу мүмкін болмай отыр. Қазіргі уақытта облысқа жас білікті нефрологтар дайындалып жатқан жоқ.

Облыстық қоғамдық кеңес мүшесі Абай Шайнұров қазір созылмалы науқастардың жағдайы күрт төмендеп кеткенін айтады.

– Жол картасына сәйкес А.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургиялық орталығында оқып келген маманның да жасы алпыстан асып кеткен. Оған қоса, бір айлық оқудан өтіп, жақсы УЗИ маманы болып кету мүмкін емес деп ойлаймын. Сондықтан науқастар УЗИ-ге түсу үшін Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларына өз қаражаты есебінен қатынап жүр. Мәселе мұнымен де шектелмейді. Жол картасына сәйкес облыстық кеңес беру диагностикалық орталығында нефрологиялық орталық ашу көзделген еді. Бірақ оның орнына кішкентай кабинет ашылды. Ол кабинетке аймақтағы алты нефрологтың бірі, жасы жетпіске таяп қалған жоғары санатты тәжірибелі дәрігер-нефролог бекітілді. Қазіргі таңда науқастардың көбін сол дәрігер қарауда, – дейді ол.

Абай Шайнұров бұл мәселені 2016 жылдан бері көтеріп келеді. Айтуынша, ҚР ДСМ «Қазақстан Республикасының халқына нефрологиялық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандартын бекіту туралы» 2013 жылғы бұйрығына сәйкес созылмалы бүйрек жетіспеушілігі және бүйрегі ауыстырылған науқастар жылына екі рет ауруханаға жатып ем алып тұруы керек. Бірақ науқастардың облыстық медициналық орталыққа жатуы да қиындап кеткен.

Бір сөзбен айтқанда, екі жыл бұрын жасалған Жол картасына енген іс-шаралар бойынша нәтиже мардымсыз. Айталық, басқа қалалардағы жақсы дәрігерлерге қатынамас үшін облыстағы созылмалы бүйрек жетіспеушілігі бар науқастарға сырттан жоғары санатты тәжірибелі дәрігер-нефрологтарды үш айда бір рет шақырып тұру көзделген. Бірақ іс жүзінде былтыр бір рет ғана шақырылған. Сол кезде көпбейінді облыстық аурухана базасында А.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми орталықтың трансплантология бөлімшесінің меңгерушісі Ислам Мадатовтың қатысуымен кездесу өткізіліп, науқастарға кеңес берілген. Биылғы алты айда дәрігер-нефролог шақырылмаған.

Ал, облыстық денсаулық сақтау басқармасы бұл іс-шаралар алдағы айға жоспарланғанын айтады. Тамызда пациенттердің жоғары санатты дәрігер Әкімжан Зайналовпен кездесіп, кеңес алуына мүмкіндік жасалады. Дегенмен, Жол картасында қарастырылған созылмалы бүйрек жетіспеушілігі бар науқастардың өлім-жітім жағдайлары дұрыс талданбай, БМСК деңгейінде нефрологиялық кабинеттер ашу және қажетті мамандармен қамтамасыз ету мәселелері бойынша ілгерілеу байқалмай отыр.

Айта кетейік, облыста 20 мыңнан астам адам созылмалы бүйрек ауруымен есепте тұрады. Оның ішінде 300 адам диализге тәуелді болса, 80 адам бүйрегін ауыстырған. Оған қоса, биылдың өзінде 56 науқас алғаш рет гемодиализге алынған.

Бұл ретте саладағы ең негізгі мәселе – иммуно-химиялық талдау жасайтын аппараттың әлі күнге дейін алынбағаны. Бүйрек трансплантациясын жасатқан науқастарға қажет аппарат өткен жылдың соңына дейін алынуы керек болатын. Әзірге науқастар қандағы такролимус концентрациясын анықтау үшін Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларына өз қаражаты есебінен баруға мәжбүр.

Жалағаш ауданының тұрғыны Мира Ысқақова ауданда бүйрекке қарайтын дәрігерлердің жоқтығынан 70 шақырым жол жүріп, облыс орталығына қатынауға мәжбүр.

– Ауданда білікті нефролог дәрігер жоқ. Мысалы, ауырып тұрсам, маған қандай дәрі салу керек екенін білмейді. Сондықтан Қызылордадағы мамандардың көмегіне жүгінеміз. Иммуно-химиялық талдау жасайтын аппарат та қазір істен шыққан. Сондықтан тиісті жолдама алып, жылына төрт рет «Олимп» клиникалық-диагностикалық зертханасынан тексеріліп жүрміз, – дейді ол.

Ал, Әбдімәулен Әлішов 5 жыл бұрын бүйрек трансплантациясын жасатқан. Жарты ғасырға жуық теміржол саласында еңбек етіп жүрген ол бауыры берген бүйректі  енді көзінің қарашығындай сақтауы тиіс.

– Маған үш айда бір сынама тапсырып, қан құрамын бақылап отыру керек. Сондықтан Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларына баруға тура келеді. Өйткені Қызылордадағы иммуно-химиялық анализатор аппараты істен шыққан. Бүйректі ауыстырғандықтан, біз «Иммунсуперстант» деген дәрі ішеміз. Қан құрамын өлшеп, біліп отыратын аппарат бар. Сол аппарат біздің облыста жоқ. Сатып алынғанына 13 жылдай болған бір аппарат бар еді, ол да тозығы жетіп, ақыры істен шықты, – дейді Әбдімәулен Әлішов.

Облыстық мәслихаттың 4 мамырдағы шешіміне сәйкес аталған аппаратты сатып алуға 39 млн теңге қаражат бөлінген. Бірақ бұл – аппараттың 2020 жылғы бағасы. Қазіргі таңда аппарат бағасы екі есе қымбат, шамамен 80 млн теңге көлемінде. Мәселені облыстық қоғамдық кеңестің кезекті отырысында да көтерген Абай Шайнұров аппаратты сатып алу биыл да кейінге қалуы мүмкін екеніне алаңдаулы.

– Құзырлы органдар сырттан жас мамандарды әртүрлі ынталандыру жолдарымен тартса дейміз. Сондай-ақ, созылмалы бүйрек жетіспеушілігі бар науқастардың ауруханаларға жылына кем дегенде бір рет жатуын қамтамасыз ету, әр өлім-жітім жағдайына терең талдау жасап, себептерін анықтау дұрыс жолға қойылуы керек. Қоғамдық кеңестің кезекті отырысында бұл тақырып тағы да қозғалатын болады, – дейді ол.

Қорыта айтқанда, облысымызға жаңадан кем дегенде үш дәрігер-нефролог керек. Сондай-ақ, Жол картасында қарастырылған іс-шаралар өз деңгейінде атқарылып, иммуно-химиялық анализатор аппаратының заманауи түрін сатып алу қажет.

Биболат СӘТЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<