Аудан жаңалықтары

783

0

Жауынгерлер жаттықты

Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің бөлімінде кезекті жауынгерлік атыс өтті.

Оған барлық санаттағы әскери қызметшілер тартылды. Жеке құрам арнайы жауынгерлік тапсырмаларды орындамас бұрын, әдістемелік-нұсқаулық сабақтар өткізіліп, барлық қауіпсіздік шаралары жеткізілді. Бөлім офицерлері мен сержанттары жақсы даярлықтарын көрсетті.

Медиация мамандарының дәрісі

«Әділдік жолы» қоғамдық бірлестігі облыстық филиалы басшысы Ләззат Бақтыбаева мен психолог Назира Аймаханова ауданда болып, кездесу өткізді.

Кездесуде мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындардағы азаматтардың құқықтары мен міндеттері, басшылық тарапынан жасалатын қысымдар жайы талқыланды.

Сондай-ақ, №262 мектеп-гимназиясы ғимаратында «Мектеп медиациясын дамыту» тақырыбында мектеп психологтарының қатысуымен көшпелі оқыту семинары өткізілді.

Үш мектеп директорының орны бос

Аудан әкімі Мұхтар Оразбаевтың төрағалығымен өткен әкімдік мәжілісінде жаңа оқу жылына дайындық пысықталды.

Жиында бірнеше мектеп пен балабақша басшысыз отырғаны сынға алынды.

– Жаңа оқу жылында ауданда 3 мектеп директорының орны бос. Бұл мәселе – өте өзекті, – деді аудан басшысы.

Сондай-ақ, білім ошақтарына қысқы жылу беру маусымына дайындықты күшейтуді тапсырды.

«AMANAT» ауылдарды аралады

«AMANAT» партиясының мобильді қоғамдық қабылдауы ауылдарды аралады.

Қабылдау бөлмесінің тобы кезекті жұмысын Алдашбай ахун мен Тұрмағамбет ауылдық округтерінде жалғастырды. Ауыл тұрғындарын облыстық және аудандық мәслихат депутаттары, сала басшылары қабылдады. Тұрғындар жол, ауызсу, «көгілдір отын», электр жарығы, жер телімі, қайтарымсыз грант, жұмысқа орналасу секілді мәселелер бойынша жүгінді.

Ауыл әкімдері есеп берді

«AMANAT» партиясы аудандық филиалының партиялық бақылау комиссиясының отырысы өтті.

Онда ауыл әкімдерінің сайлаушыларға берген уәделерінің орындалуы бойынша есептері тыңдалды. Жиында Бұқарбай батыр ауылдық округінің әкімі Сағат Байділдаев пен Аққыр ауылдық округінің әкімі Жанабек Матаев ауылдық округте атқарылған істер мен алдағы жоспарларын бөлісті.

260 балаға көмек көрсетілді

«Мектепке жол» акциясы басталғалы ауданда 260 балаға 3 млн 640 мың теңге көлемінде материалдық көмек көрсетілді.

Акция әлі жалғасуда. Бүгінге дейін білім бөлімнің сенім телефонына 200-ден астам ата-ана «Мектепке жол» акциясы жөнінде түсіндірме алу үшін хабарласқан.

Ата заң ардақталды

Жастар ресурстық орталығының мәжіліс залында Конституция күніне орай облыстық архивтің Шиелі аудандық филиалының ұйымдастыруымен «дөңгелек үстел» өтті.

Оған аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Жібек Баймұратова, аудандық архив қор сақтау қоймасы қызметкерлері, кент және ауылдық округтердегі жас мамандар қатысты. «Дөңгелек үстел» барысында Ата заңымызға әр жылдары енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға шолу жасалды.

Жиын соңында қатысушылар оның мемлекеттің дамуында алатын орны туралы ой бөлісті.

Жас ақындар айтысы

М.Көкенов атындағы аудандық мәдениет үйі мен Кейден ауылдық клубының ұйымдастыруымен ақын, жырау Құлан Алдабергенұлы атындағы облыстық жас ақындар айтысы өтті.

Белгілі шиелілік ақын Кенжебай Жүсіпов төрағалық еткен қазылар алқасының шешімімен бас жүлдені жайылмалық жас ақын Мұхамедәли Абдуллаев жеңіп алды. Жүлдегерлер мен қатысушылар бағалы сыйлықтармен марапатталды.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<