Қазақ боксының атасы кім?

1316

0

Спорттағы халықаралық даталар тізімі 2017 жылы тағы бір мерекемен толықты. 2018 жылдан бастап Халықаралық бокс күні атап өтіліп, жыл сайын 22 шілдеде тойланатын болды. Бірақ 2021 жылы мерекені 27 тамызға ауыстыру туралы шешім қабылданды.

Бокс – әлемдегі ең көне спорт түрлерінің бірі. Жұдырықтасу б.з.д. 688 жылы Олимпиада ойындарының бағдарламасына алғаш рет енгізіліпті. Ал, қазіргі біз білетін бокс XVIII ғасырдың басында Англияда пайда болды. Алғашқы бокс академиясын Джеймс Фигг 1719 жылы Англияда құрған. 1889 жылдан бастап боксшылар қолғаппен жұдырықтаса бастады. 1912 жылы Олимпиадаға қатыспады, себебі Швецияда бұл спорт түріне 2007 жылға дейін тыйым салынған болатын. Сондай-ақ, Норвегия, Исландия, Иран және Солтүстік Кореяда да боксқа тыйым салынған.

1920 жылдан бастап бокс олимпиадалық спорт түрлерінің тізіміне енді. Бүгінде кәсіпқой бокста 17 салмақ дәрежесі бар. Ең жеңіл салмақ 47,6 келіге дейін, ең ауыры – 90,7 келіден жоғары. Айта кетерлігі, бокс – қауіпті спорт түрлерінің бірі. 1980 жылдан бері 200-ден астам боксшы рингте қайтыс болды.

Бүгінде бокс – әлемдегі ең танымал, еліміздегі ең дамыған спорт түрлерінің бірі. Тарихи деректерде елімізде 1933 жылы пайда болғаны айтылады. Қазақ боксының негізін салған – Шоқыр Бөлтекұлы. Ол – қазақтан шыққан тұңғыш КСРО спорт шебері.

Қазақ боксының баһадүрі атанған Шоқыр Бөлтекұлы жайлы қазақ спорт журналистикасының негізін қалаған қаламгер Сейдахмет Бердіқұлов «Қазақстанға бокс қолғабын алғаш арқалап келген адам» десе, қазақтан шыққан қаһарман тұлға Бауыржан Момышұлы: «Дүниеде екі-ақ нағыз қазақ бармыз, бірі – мен, бірі – Шоқыр» депті.

Елімізде бокстан тұңғыш жарыс 1937 жылы Алматыда өтті. Қазақтар КСРО чемпионатына алғаш рет 1947 жылы қатысты. Қазақ КСРО 1948 жылы Орта Азия республикаларының спартакиадасына қатысты. Кеңес үкіметі кезінде қазақстандықтар КСРО чемпионаттарында 157 медаль жеңіп алған. Атап айтсақ, барлығы 36 алтын, 44 күміс, 77 қола медаль жеңіп алды. Олимпиада ойындарында КСРО құрамасы сапында өнер көрсеткен қазақстандық спортшылар екі күміс және екі қола, ал әлем чемпионаттарында екі алтын және екі күміс медаль иеленді. 1988 жылға дейін қазақ боксшылары КСРО құрамасы сапында өнер көрсетті.

Бір қызығы, 1992 жылға дейін ТМД елдерінен құралған бірлескен команданың құрамында Қазақстан спортшылары болды. Ресми түрде еліміздің ұлттық құрамасы жеке команда ретінде 1994 жылдан бері өнер көрсетіп келеді. Бүгінде Қазақстан Олимпиададағы медальдар саны бойынша алғашқы 10 елдің қатарында.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<