Трилогия: Головкин – Канело

602

0

Әлемдік аренада қазақтың атын шығарған бір спортшы болса, ол – Геннадий Головкин. Әуесқой бокстан кәсіпқой боксқа ауысқан «сары қазақ» өзінің бүгінге дейінгі жекпе-жектерінде «мен» деп кеуде соққан «талай мықтының» мысын басты.

Шапшаңдық. Мінез. Еңбек. Осы қабілеттердің арқасында Гена өзімен жұдырық түйістірген қарсыластарын бірінен соң бірін сұлата берді. 10 жыл бойы жеңілістің кермек дәмін татпады. Бір кездері «GGG-ді шаршы алаңда өлтіріп сабаймын. Ал оның жанкүйерлері оның жаназасына келеді» деп те есіріп мәлімдеме жасағандар болған. Алайда жымысқы ойлары жүзеге аспады. Айтпағымыз бұл емес, бүгінгі әңгімеміз Геннадийдің жолында үлкен бөгетке айналған мексикалық Канело және олардың үшінші, біздіңше, шешуші жекпе-жегі жайында.

Отандасымыз бен Америка құрлығының мақтанышы Сауль Альварес арасындағы үшінші жекпе-жек ақыры болатын болды. Сәтін салса, үшінші кездесу 17 қыркүйек күні АҚШ-тың Лас-Вегас қаласындағы T-Mobile Arena спорт кешенінде өтеді.

Өткенге оралайық. Қос боксшы да бұл трилогияға дейін бір реттен басқа былғары қолғап шеберімен жұдырық түйістірді. Геннадий жапониялық Риота Муратаны жеңсе, ал Канело ресейлік Дмитрий Биволға есе жіберді. Енді әлем назары трилогияға ауып отыр. Америкалық бокс сарапшыларының мәліметінше, бұл соңғы онжылдықтағы ең мықты спорт кешінің жетілігіне енбек.

Алғашқы кездесуде екі мықты тең түсті. Төрешілер ұйғарымы шешуші рөл ойнаған екінші айқас мексикалықтың пайдасына шешілді. Екі боксшы арада үзіліс алып, бірнеше жылда шаршы алаңға қайта оралды. Екеуі де оралған соң жанкүйерлеріне әдемі шоу көрсетті. «Сары қазақ» Польшаның мақтанышы Камил Шереметаны мерзімінен бұрын жеңді де, 2020 жылды сәтті қорытындылады. Ал  Канело  британиялық  Каллум  Смитті  ұпай басымдығымен жеңді. Кездесуден соң қос боксшы мәлімдеме жасап, промоутерлер екеуіне де тиімді тәуір ұсыныс жасаса, трилогияға қарсы емес екендіктерін айтып қалды. Осы мәлімдемеден соң арада тағы бір жыл өтті. Бұл аралықта Гена украиндық боксшы Деревянченко мен канадалық Стив Роллсты жеңді. Ал Альварес ұлыбританиялық Рокки Филдинг, Билли Джо Сондерс, америкалық Даниэл Джейкобс, Калеб Плант, түркиялық Авни Иылдырым және ресейлік Сергей Ковалёвпен жұдырық түйістіріп, бәрінде жеңіс тойын тойлады.

Осыдан кейін Канело Генамен үшінші рет жекпе-жекке шықпайтынын айтты. Дегенмен мексикалық боксшы тек бір жағдайда ғана қазақ боксшысымен кездесуге қарсы еместігін жасырмаған. Ол өз ойындағыдай миллион долларлық ұсыныс керек деп ашып айтты.

Әрине, трилогия боксшылардың қайсысына тиімді не тиімсіз деген сұрақтың айналасында көптеген сарапшылар, жанкүйерлер пікірлерін айтты. Мәселен, америкалық TALKsport порталының редакторы Майкл Бенсон GGG мен Канело арасындағы үшінші жекпе-жек қызықты өтетініне сенімді.

«Геннадий Головкин мен Сауль Альварес рингке бір уақытта оралды. GGG де, Альварес те қарсыластарына мүмкіндік бермей келеді. Бірақ Гена жыл өткен сайын үлкейіп, баяғыға қарағанда күші сарқылуда. Ал Альварес болса тиісінше, жыл санап күшіне күш қосуда. Тек Биволдан жеңілгенін қоспасақ. Алдағы үшінші жекпе-жекте Головкинге өте қиын болады. Қорыта келгенде, қос боксшы арасындағы үшінші кездесу тек қаржылық жағдай үшін өтпек. Бұл менің – жеке пікірім. Биыл DAZN платформасының ең негізгі жекпе-жегі – GGG мен Канело арасындағы трилогия. Өйткені бұл шоуды өткізу жалғыз боксшыларға ғана емес, платформа мен промоутерлерге де пайдалы» дейді Бенсон.

Ашық ақпарат көздерін шолып шығып едік, біраз сарапшының пікірі осыған саяды. Бұған дейін қалай болды? Жанкүйерлердің басым көпшілігі қос боксшының арасындағы екі айқастың қорытындысы бойынша есеп тең болды деп есептейді. Себебі алғашқы бәсекеде отандасымыздың басым болғанын айтады. Міне, осыдан кейін қайсысының шын мәнінде мықты екенін анықтау үшін, бір жағы спорт жанкүйерлерінің арасында күмән қалмауы үшін бәрібір шешуші кездесу керек еді.

Мақала басында қос боксшының қаржы мәселесіне байланысты кездесуді кейінге шегеріп келгенін айттық. Алайда былтыр ортақ келісімге келіп, 70-30 болып, ақша мәселесі шешілді. Осы кезде барып қос тарап, келісімге келді. Әрине, бұл келісім қаржы жағынан Головкин үшін тиімсіздеу, дегенмен, промоутерлердің дегені болады. Өйткені ұйымдастыратын солар. Оның үстіне айқас бір аптадан соң, жоғарыда айтқанымыздай, АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өтеді.

Жанкүйерлерді алаңдатқан бір нәрсе – кім жеңеді деген сауал. Бұл енді шын айқас бола ма әлде астарында долларлық келісім жатыр ма, оны трилогия барысында көретін боламыз. Сіз қалай ойлайсыз, оқырман?

Ақтілек БІТІМБАЙ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<