12 күн, 1200 шақырым

813

0

тұңғыш марафонда маңғыстаулықтар топ жарды

Ұлан-ғайыр даламыз – бағзы заманнан қазақтың қастерлі мекені. Сынық сүйем жер үшін ат үстінде алысқан ұлттың арғы-бергі тарихы әлі де талай сырды ішке бүгеді.  Сол тарихтың бір қатпары адамзат әлемінде жылқы ең алғаш қазақ даласында қолға үйретілгенін айтады. Бұл – енді дүниелік өркениетте теңдессіз жаңалық. Баһадүр бабалар тұлпардың тұяғымен ұлы дала шежіресін жазды. Бүгінгі ұрпақ – сол көшпенділер мәдениетінің заңды мұрагері.

Елордамыз – Астана қаласынан басталған «Ұлы дала жорығы» бәйге-марафоны алаш баласына ерекше сезім сыйлады. Арқадан киелі Түркістанға дейінгі айтулы аламан өткен күндердің асқақ рухын бойымызда оятты.

«Ұлы дала жорығына» қатысқан шабандоздар 18-29 қыркүйек аралығында елордадан рухани ордамыз – Түркістанға дейінгі 1200 шақырымды артқа салды. Марафон 100 шақырымдық 12 сатыға бөлінген. Еліміздің әрбір өңірінен 1 командадан қатысты. Марафонға қатысушылар киелі мекендер – Жошы хан, Алаша хан кесенелеріне аялдады. Қазақ хандығының айрықша орны – Созақ шаһарының шежіресіне зер салып, Түркістан қаласындағы тарихи орындарға зиярат жасады.

Бәйгеге қатысушылар сегізінші күні, яғни 26 қыркүйекте Сыр өңіріне жетті. Бұл жолы Жамбыл,  Маңғыстау, Түркістан облыстарының шабандоздары сөреге бұрын іліксе, Сыр өңірінің командасы төртінші болып өткен еді.

Марафон-бәйгенің соңғы нүктесі – Түркістанға жеткен шабандоздарды Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев арнайы күтіп алды. Министр төл құндылықты түгендеп, ұлттық келбетті оятқан бірегей жоба келешекте де жалғасуы қажет екенін жеткізді.

– Ұлы даланы дүбірге бөлеген мұндай аламан бұрын-соңды болмаған. Бұл – отандық спортымыз, төл руханиятымыз үшін де теңдессіз тарихи оқиға. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Түркістанға жасаған іссапарында «Ұлы дала жорығы»  бәйгесінің мән-маңызына ерекше тоқталды. Мемлекет басшысы ұлт жадын жаңғыртуда мұндай аламандардың айрықша қажет екенін баса айтты. Сондықтан бұл бәйгені кешегі батыр бабаларымыздың жорық жолын жаңғыртқан, елдің рухын оятқан жоба болды деуге толық негіз бар, – деді Дәурен Абаев.

Марафон-бәйгені Мәдениет және спорт министрлігі, «The Great Steppe Tour» қоғамдық қоры мен Ұлттық спорт қауымдастығы ұйымдастырды.

 «Ұлттық спорт қауымдастығы бұл шараны әу бастан қолға алды, жан-жақты қолдау білдірді. Бұл отандық және халықаралық ат спорты саласында жаңа сайыс форматын енгізуге негіз болады деп сенеміз. Марафонды келешекте халықаралық деңгейде ұйымдастырып, Халықаралық ат спорты федерациясы (FEI) өткізетін жарыстар қатарына қосу жоспарланып отыр», – деді Ұлттық спорт қауымдастығы президентінің кеңесшісі Әлібек Әлденей.

Соңғы меже – Түркістан қаласына дейін ең қысқа уақыт ішінде жеткен Маңғыстау командасы бас жүлде – «Ұлы дала сарбазы» атағы мен 24 млн теңге көлеміндегі жүлдемен марапатталды. Мәре сызығын екінші болып қиған Жетісу облысы командасы 12 млн, үздік үштіктегі Түркістан облысы шабандоздары 9 млн теңге жүлдені қанжығаға байлады. Мәреге төртінші болып жеткен жамбылдық спортшылар 6 млн теңге көлеміндегі сыйлықпен марапатталды. Сонымен бірге, жарыстан шығып қалған, бірақ жорықты өз еркімен жалғастырған бірнеше облыс құрамасынан 13 шабандоз 1 миллион теңге қаржылай сыйлыққа ие болды.

Әділжан Үмбет,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<