Аудан жаңалықтары

457

0

Ауыл халқымен кездесу

Аудан әкімі Серік Сермағамбетов Бекбауыл, Райым ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездесті.

Бекбауылдықтар бірнеше мәселені көтерді. «Самара-Шымкент-Бекбауыл» бағытындағы автомобиль жолының құрылысы, «Басықара» каналының «Борлы маңы» тұсына автокөлік өткелінің қажеттілігі, шабындық және жайылымдық жерлерді суландыру, аяқсумен қамту мәселелері сөз болды. Аудан әкімі автомобиль жолының құрылысы келер жылы басталатынын айтты. Ал автокөлік өткелін салу бойынша жеке инвесторлармен келіссөздер жүргізілуде.

Жарықшамдар орнатылды

Биыл шағын және моноқалаларда бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыру шеңберінде Қазалы қаласының 10 көшесін жарықтандыруға республикалық бюджеттен 124,1 млн теңге қаралды.

Бүгінгі күнге 348 дана жарықшам орнатылып, жалпы ұзындығы 10,72 шақырым электр желілері тартылды. Сонымен қатар, Қазалы қаласының электр желілерін қайта жаңғырту үшін бюджеттен 148,7 млн теңге қаржы бөлінді. Жоба бойынша 16,64 шақырым электр желісі жаңартылатын болады.

Байқау жеңімпаздары

А.Жанпейісов атындағы №105 мектеп-лицейінің оқушылары Шымкент қаласында өткен республикалық робототехника байқауынан жүлделі 2-орынды иеленді.

«Робосумо» бағыты бойынша мектеп-лицейдің 11-сынып оқушысы Айбол Алтаев пен 8-сынып оқушысы Мәди Слам 62 команданың ішінен үздік шығып, 2-орынмен марапатталды. Жетекшісі – информатика пәнінің мұғалімі Нұржан Төлеков. Сонымен бірге роботтың сызық бойымен қозғалысы бағыты бойынша 9- сынып оқушысы Диас Жақсылықов пен 5-сынып оқушысы Шахмардан Әбибуллаев диплом мен сыйлыққа ие болды. Жетекшісі – информатика пәнінің мұғалімі Айдана Жансейітова.

«Өшпес тұлға жолымен»

Режиссер, ҚР Мәдениет қайраткері Тынымбай Мәдиевті еске алуға арналған «Өшпес тұлға жолымен» атты халық театрлары облыстық байқауының ашылу салтанаты өтті.

Аудан әкімінің орынбасары Жасұлан Еспенбет байқауға қатысушыларға сәттілік тіледі. Қорытындысымен бас жүлдені Жаңақорған, І орынды Қармақшы, ІІ және ІІІ орынды Сырдария мен Қазалы және Жалағаш аудандық мәдениет үйлері, арнайы жүлдемен Аманөткел ауылдық мәдениет үйі марапатталды. Жарыс жеңімпаздарына арнайы диплом табысталды.

Өмірі өнегелі  еңбек иелері

Аудан әкімі М.Ергешбаев еңбек ардагері, «Еңбек даңқы» орденінің иегері Бексұлу Синаева және мәдениет саласының ардагері, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Алмагүл Бақтиярованы 75 жылдық мерейтойымен құттықтады.

Өнегелі өмір иелерінің жүріп өткен жолы, атқарған еңбектері көпшілікке үлгі екенін айтып, игі тілектерін білдірді. Іс-шара барысында облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Өмірбек Шәменов мерейтой иелерін «Қызылорда облысының Құрметті ардагері» төсбелгісімен марапаттады.

Бар жақсы – балаға

Кенттегі М.Қаратаев көшесінде «Промстройсервис Е» ЖШС-ның демеушілігімен салынған балалар спорт-ойын алаңы мен шағын футбол алаңы пайдалануға берілді.

Рәсімге аудан әкімінің орынбасары Айтбай Жандарбеков қатысты. Биыл «Балалар жылы» аясында демеушілер есебінен ауданда 6 алаң салынады. Оның 3-уі пайдалануға берілді. Айта кетейік, Қаратаев көшесіндегі алаңның аумағы 500 шаршы метрді алып жатыр.

Қыраштағы қуаныш

Ауданның тау беткейінде орналасқан Қыраш және Ақүйік елді мекендеріне газ құбыры құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін елді мекен тұрғындары «көгілдір отынға» қол жеткізетін болады.

Сондай-ақ, Қыраш елді мекенінен «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізі аралығындағы ұзындығы 4 шақырым жол асфальтталып, пайдалануға берілді.

Дайындаған: Шынар БЕКБАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<