«Қайсардың» екінші жеңісі

690

0

Фото: ашық дереккөз

Демалыс күндері футболдан ел біріншілігінің бесінші туры өткізілді. Биыл Премьер-лигада сынға түсіп жатқан қызылордалық «Қайсар» өз алаңында Қарағандының «Шахтерін» қабылдады.

Биылғы доп додасын екі команда да сәтсіз бастаған еді. Жерлестеріміз алғашқы үш турда небәрі бір ұпай жинады. Төртінші турда сырт алаңда Ақтаудың «Каспийін» жеңіп, жанкүйер көңілін бір серпілтіп тастағандай. Ал қарағандылық клуб төрт ойында небәрі бір ұпай олжалап, турнир кестесінде төменгі орынның бірін місе тұтты.

Осындай себептерге байланысты командалар өзара кездесуді бірден шабуылмен бастады. Алғашқы минуттан қарбалас болып жатты. Қарағандылық клуб бірінші шабуылында «Қайсар» қақпасынан саңылау тапты. Қызылордалық қорғаушылардың қателігін пайдалана білген «Шахтер» шабуылшысы Иван Свиридов командасын алға шығарды.

Ендігі кезекте алаң иелері тізгінді өз қолына алуға тырысты. Қос қанаттан шабуыл жасап, қарағандылық клубты тықсыра бастады. Бірнеше мәрте бұрыштама добы берілді. Осындай сәттердің бірінде «Қайсардың» жартылай қорғаушысы Горан Милойко ұлттық құрама қақпасын күзетіп жүрген Игорь Шацкийді қапы қалдырып кетті. Бұл – ойынның 19-минуты болатын.

Жерлестеріміз бұдан кейін де тізгінді өз қолына алуға тырысты. Белсенділігі байқалып тұрды. Нәтижесінде 39-минутта қызылордалық қорғаушы Әділет Кеңесбектің тепкен добы қақпа торында тулап жатты.

Ойынның екінші кезеңінде қарағандылық команда есепті теңестіруге ұмтылды. Тоқсан минут түгесілер тұста олардың басымдығы байқалып тұрды. Десе де таблодағы есепке өзгеріс енген жоқ. Нәтижесінде «Қайсар» қарсыласынан 2:1 есебімен басым түсті. Турнир кестесінде сегізінші орынға көтерілді.

Енді жерлестеріміз алдағы ойынын 15 сәуірде Талдықорғанда «Жетісу» командасына қарсы өткізеді.

Айта кетсек, бесінші турда «Қайрат» өз алаңында «Жетісуға» 2:3, «Тобыл» «Астанаға» 0:1 есебімен есе жіберсе, «Ордабасы» мен «Ақтөбе» 1:1 есебіне қанағат білдірді.

Сондай-ақ, «Оқжетпес» «Ақсуды» 3:0, «Мақтарал» «Каспийді» 3:1, «Қызылжар» «Атырауды» 1:0, «Қайсар» «Шахтерді» 2:1 есебімен тізе бүктірді.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<