Аудан жаңалықтары

315

0

Оқу-жаттығу өтті

«Эдельвейс» саяжайының маңындағы «Шіркейлі» каналының оң жағалауында орман-дала өрттерінің алдын алу мақсатында тактикалық оқу-жаттығу өтті.

Шараны Өртке қарсы қызмет пен Орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесі жыл сайын өткізіп келеді.

Дала өртін сөндірудегі күш құрылымдарының дайындығын пысықтау мақсатында өткен жаттығуға 80 қызметкер мен 15 техника жұмылдырылды.

Мерейлі мереке

Қалалық мәдениет үйінде мейіргерлер мерекесі аталып өтті. Мерекелік кешке аудан әкімінің орынбасары Кете-Төлеби Бержанов қатысып, денсаулық сақшыларына ізгі тілегін жеткізді. Сондай-ақ, бірқатар сала қызметкерлерін алғыс хатпен марапаттады.

Іс-шарада аудандық аурухананың бас дәрігері салада ұзақ уақыт қызмет етіп жүрген мейіргерлер мен сала ардагерлеріне алғыс хат пен арнайы сый-сияпат табыстады.

Фестиваль үздіктері марапатталды

Роза Бағланова атындағы мәдениет орталығында «Жаңа дәуір – Жаңа Қазақстан» атты фестивалдің қорытынды кеші өтті.

Салтанатты шараға аудан әкімі Мұхтар Оразбаев қатысып, үздік атанған жастарға Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің оқу гранты сертификатын және жетекшілеріне аудан әкімінің «Алғыс хатын» табыстады.

Аудан жастары төрт бағыт бойынша бақ сынайтын фестиваль жыл сайын ұйымдастырылып отырады. Биыл да жеңіске жеткен жастарға қаржылай жүлде мен бағалы сыйлықтар табысталды.

Тарих пәнінен олимпиада

«Ақжар» ауылында ұстаз Сәден Нұртаев атындағы Қазақстан тарихы пәнінен республикалық олимпиада өтті.

Сайыстың ашылу салтанатында аудан әкімі Жандос Еркінбек ұлағатты ұстаз өмірі мен еңбек жолы туралы айтып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Биыл алтыншы рет ұйымдастырылған білім додасында Қызылорда, Батыс Қазақстан, Түркістан облыстарынан 25 жас тарихшы қатысты. Жеңімпаздарға арнайы дипломдар мен қаржылай сыйлық табысталды.

Жеке қабылдады

Аудан әкімі Асқарбек Есжанов кезектілікке сәйкес тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қабылдауда тұрғындар тарапынан жұмысқа орналасу және тұрғын үй мәселелері көтерілді.

Аудан басшысы мәселелер назарға алынатынын айтып, заңдылыққа сәйкес тиісті сала басшыларына тапсырмалар жүктеді.

Көше жөнделіп, көпір салынуда

Аудан әкімі Берік Сәрменбаев жауапты мамандармен Тереңөзек кентінде атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.

Кенттегі Айтбай, И.Тоқтыбаев көшелерін орташа жөндеу, А.Тоқмағанбетов көшесі бойындағы «Қаракөл» каналына жаяу жүргіншілерге арналған жаңа көпір салу барысын көрді.

Аудан басшысы жауапты сала мамандарына бөлінген қаржыны тиісінше игеріп, жұмыстардың сапалы және уақытылы орындалуын міндеттеді.

Жазба ақындар мүшәйрасы

Н.Бекежанов атындағы №156 орта мектебінде соғыс ардагері Сәрсенбек Байжановтың 100 жасқа толуына орай аудандық білім қызметкерлерінің кәсіподақ комитеті ұйымдастыруымен жазба ақындар мүшәйрасы өтті.

Мүшәйраға аудан бойынша өлеңге жақын ұстаздар қатысып, байқаудың екі кезеңінде бақ сынады.

Жыр додасында жеңімпаз атанған ұстаздар дипломдармен және аудандық кәсіподақ ұйымының бағалы сыйлықтарымен марапатталды.

Ауыл тұрғындарымен кездесті

Аудан әкімі Мұрат Тілеуімбетов Сыр беткейдегі «Қожакент», «Өзгент», М.Нәлібаев, «Жаңарық», «Қыркеңсе» ауылдарында болып, кездесулер өткізді.

Тұрғындардың ұсыныс-пікірін тыңдаған аудан басшысы Сыр беткейдегі ауылдардың негізгі мәселесі, жарық, көше жолы, газ және аяқсу екенін назарға алды.

Сондай-ақ, алдағы 2-3 жылдың ішінде аудан бойынша 21 ауылдың электр жарығы жаңғыратынын айтты. Мұнан бөлек, төрт ауылға 2025 жылы «көгілдір отын» тарту жұмысы басталады.

Дайындаған Бейболат Сәтжан,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<