Болар елдің баласы

182

0

«Сен туған күн – мерекеміз»

Ұшқыш емес кәсібі,

Ұшқыр қалам – нәсібі.

Аспан жақты айналып,

Алшы түскен асығы.

(Кейіпкерге еліктеу)

Еуропаның осыдан пәленбай ғасыр бұрын жасаған атақты кісілерінің өмірбаянына үңілгенде, туған мезгілінің – жылы, айы, күні, кейде сағаты мен минутына дейін – тайға таңба басқандай хатталып тұрғанын көріп, біртүрлі күй кешетінің рас. Ал біз болсақ, басқа тарихи тұлғаларымызды былай қойғанда, ұлы Абайдың өзін «қайта тудырамыз» деп қызыл кеңірдек айтысқа түсіп, ақырында туған күні – 10 тамыз мереке боп рәсімделген соң ғана мәмілеге әзер келдік емес пе? «Мың өліп, мың тірілген» қазақты жырлаған Жұбан Молдағалиев бұл жағынан «қалың елінің» қамын жеген данышпан ақынға қарағанда әлдеқайда «бақытты» екен, өйткені жеке анкетасын толтырарда анасымен ақылдаса отырып, 1920 жылдың 5 қазанын, яғни Қазақ Республикасының құрылтайы өтіп жатқан мезетті өзінің «туған күні»  етіп таңдап алған. Бір жолы классик жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің төлқұжатындағы жазуға қарап: «Аға, баламыз сізбен бір күнде туған екен… 22 қазан….», – дей бергенімізде: «Әй, біздікі біреулер жай әншейін сүйкей салған нәрсе ғой», – деп шорт кескен. Өзіміз зерттеген көрнекті мемлекет қайраткері Сұлтанбек Қожанұлының жылы белгілі болғанымен, еш жерде көрсетілмеген туған айы мен күні дерегі (10 қыркүйек) Өзбекстанның қауіпсіздік ұйымы берген жалғыз парақ анықтамада жазылмаса, «ақтаңдақ» күйінде  қалар ма еді… Міне, қазақ арасында туған күн әуресі мен әуселесінің осылар сияқты мың бір мысалы бар.

Арыдағы бабаларымыз бен берідегі ағаларымыз ғана емес, біздің қатарластарымыздың да бірталайы «екі рет» туған. Тәптіштеп сұрасаң, төлқұжатындағысы – өтірік, ауызша айтқандағысы – шын болып шығады. Кейде оның өзі де дәл емес – «әкем былай дейді…», «шешемнің айтуы бойынша…» деген сияқты күлбілте жоба. Шетінен өзінше бір шым-шытырық сюжеті бар ғажайып фольклор. Тіпті өмірінде цифрдан не әріптен бір қате жібермейтін, ал егер сәл мүлт кете қалса (ол енді өте сирек кездесетін жағдай), сол күні өзін-өзі қуырып бітетін Бауыржан Жұмаханұлы Омаров та дүниеге келгенде «жаңылысыпты». Бірақ ол жәй «жаңылыс» емес. Өйткені ресми (1 мамыр) һәм биресми (12 сәуір) туған күндерінің екеуінде де бір тылсым бар. Неге?

Бауыржанның Арал теңізі құшағына емініп жатқан туған ауылы – Қаратерең жеті қат көкпен жіпсіз байланысқан мекен секілді. Аспанға біртабан жақын. Не сиқыры барын кім білсін, бұл топырақтың перзенттерінің көбі қолтығына қанат байлап туады. Алақандай ауылдан отызға жуық авиатор түлеп ұшқаны – соның айғағы. Кейіпкеріміздің өзі әсірелеп айтқандай: «Қаратереңнің ұшқыштарынан толыққанды бір аэродром, үш-төрт ұшу тобын жасақтауға болады». Штурвалға отырмаса да, өз әуежайы болғандықтан, заманында бұл ауыл тұрғындарының ішінде әмбебап «АН-2» ұшағына мініп көрмегені некен-саяқ. Қаратереңнің төбесіне көбіне бұлт емес, әуе кемелері үйірілетін. 1967 жылдың ақпанында Байқоңырдан сынақ үшін ұшырылған советтік «Союз» кораблі істен шығып, басқа жер таппағандай, осы ауылдың күнбатысын ала бере, Аралдың мұз айдынына құлапты. Ал бұдан ілгеріде, 1960 жылы америкалық барлаушы Фрэнсис Гэри Пауэрстың атып түсірілген U-2 ұшағы жол-жөнекей сәлем бере кетейін дегендей тура Қаратереңнің үстін кесіп өткен. Қай күні дейсіз ғой? Сол айтылған –  1 мамырда, Бауыржанның құжатталған туған күнінен екі жыл бұрын ақ жолақ із қалдырған.

Ал енді 1961 жылдың 12 сәуірі адамзат тарихын шартты түрде «екі аяқты пенде ғарышқа қадам басқанға дейінгі және одан кейінгі дәуірлер» деп бөліп тастады. Ол күні жүрегінің түгін жайдары жымиысы жасырған Юрий Гагарин көктің қақпасын айқарса, тура бір жылдан соң Бауыржан дүние есігін ашты. Ғарышкерлер күні тұңғыш рет оның кіндігі кесілген шақта тойланды. Тіпті Байқоңырдың өзі оның ауылынан қолсозым жерде: космодромнан көкке енді көтеріліп бара жатқан ғарыш кемесінің от шашқан құйрығын бала күнінде талай рет сарайдың төбесіне шығып тамашалаған.  Ендеше, Бауыржан – жаңа заманның бесігінде тербелген, Олжастың «Адамға табын, Жер, енді» поэмасын жаттап өскен, бүгін алпыстың асуына иек артқан тұтас буынның төлбасыларының бірі. Ұялы телефонына «мініп» алып, виртуалды әлемнің кеңістігінде «ұшып» жүрген қазіргі ұрпақ өкілдерін «цифрлық дәуірдің балалары» десек, олардың аталары, яғни Bauyrzhan&Co өздерін танымал әнші Лев Лещенко шырқайтын әндегідей «Біз – Галактика перзентіміз» деп айта алады.

Ұшқыш не ғарышкер болу маңдайына жазылмаса да, тұңғиық дала түнінің жыпырлаған жұлдызды қияны көзін арбаған бала Бауыржан жүйрік қиялымен ғаламның түкпірін дамылсыз кезді. Сол кезеңнің бестселлеріне айналған Иван Ефремовтің «Андромеда тұмандығы», Герберт Уэллстің «Әлемдер соғысы», ол – ол ма, жерлес ағасы, фантаст-жазушы Абдул-Хамид Мархабаевтың «Ғарыштағы қымыз» шығармаларын құмарта да қызыға оқыды. Імия әжесінің тіл мен жақтан алдына жан салмайтын сөзге тапқыр немересі бір күні өзінің жазуға да ебі барын байқады. Шіркін-ай, суға салған қармағын алтын балық қаба қалса: «Менің әжем – Імия, Еркелеймін жымия, Бүкірейген белі бар, Түзетсеңші, дүния», – деп сәби тілегін ұйқастыратындай хәлге жетті. Сөйтіп, басқалардың қолтығына байланған қанат мұның қаламына бітті. Сол ұшқыр қаламы керек кезінде қанатты тұлпардың кейпіне кіріп, Бауыржанға дүниенің төрт тарабын шарлатса, шабыты ұстаған шақтарда – қанатты періштенің бейнесіне еніп, сөздің маржаны мен мәйегін көкейіне ұялатты. Әрдайым сенімді серігі болып, сөз өнерінде де, саясат өрнегінде де оны шыққан биігінен, қонған тұғырынан түсірген жоқ.

«Тас үйлерін тастаған биік өріп, Ассалаумағалейкүм, Нью-Йорк» деп жырлап, Американы бізден бұрын көрген Бауыржанмен бірге 1995 жылдың жазында мұхиттың ар жағындағы «Сэм ағайдың» еліне сапарлас болуымыздың реті келді. Ілгеріде табаны тигесін бе, ол жерде өзін емін-еркін сезінді. Әсіресе масс-медиа атаулыға бас сұққан уақытта көзі жайнап сала береді. Оклахома қаласындағы бір телерадиостанцияға барғанымызда, өздерінің жекеменшік тікұшағы бар екеніне қайран қалдық. Біздің әлі күнге дейін түсімізге кірмейтін жайт. Бауыржан да таңданды, бірақ сасқан жоқ. Өзі он шақты жыл жаяу шапқылап тер төккен «Жас алаш» газетінде осындай әуе көлігін күнде жүгендеп жүргендей, тікұшақтың пилоттар кабинасына оп-оңай секіріп мініп алды да, қарсы алдындағы неше түрлі батырмаларды шұқып көрді. Тікұшақ та бейтаныс қонақты онша жатсынбайтын секілді. Әбжіл қимылына қарап, «мынауың қайтеді-ай, айдап кетер ме?!» дегендей,  америкалық әріптестері аузын ашып қапты. Сол сәтте тікұшақтың тізгінін ұстап отырған жігіттің баяғыда өздерінің Пауэрсы фотоұңғыға алған, оны қойшы, басқа планетадан әлдебір аппарат самғап  жетсе де таңсық көрмейтін Қаратереңнің тумасы екенін қайдан білсін. Бауыржан тікұшақты қимады ма, әлде тікұшақ Бауыржанды жібергісі келмеді ме, сол арада біраз аялдап қалғанымыз есте.

Әйтеуір оны «аэро»-ға немесе «космос»-қа қатысты нәрселер оқтын-оқтын айналсоқтап жүреді. Мәселен, Бауыржан Жұмаханұлы 1997-1998 жылдары Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары болған кезінде көше аттарын қазақыландыруға және оларға еліміздің көрнекті қайраткерлерінің есімдерін беруге айрықша үлес қосты. Оның бастамасы нәтижесінде бұрын сәйкесінше құрмет жасалмаған Қарасақал Ерімбет, Балқы Базар, Дүр Оңғар, Қаңлы Жүсіп, Шораяқтың Омары, т.б. Сыр сүлейлері, сондай-ақ күллі республикаға және өз аймағына мәлім басқа да тұлғалар атындағы қаз-қатар көшелер тізбегі пайда болды. Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның қадір-қасиетін өз жұрты енді-енді ғана тани бастаған заматта Бауыржан еш кідірместен байырғы астананың орталық даңғылдарының біріне оның атын беру туралы мәселені шешті. Басқа өңірдегілер ырғалып-жырғалып біткенше осындай батыл қадам жасады. Және, бір қызығы, ұзынынан созылып жатқан әлгі көшенің ескі орысша аты «Аэродромная» болатын. Қаланың көне аэропорты да соның бойында орналасқан-тұғын. Ұшқыштарын мақтан тұтатын ауылдың баласы ұлт абыройы үшін осындай «құрбандыққа» барды. Әлиханның дәрпін жоғары асырды.

Бауыржанның шынында да ғарыш дүниесімен қосақталып туғанының тағы бір жанды айғағы бар. Осыдан ширек ғасыр бұрын Байқоңырдың жыр дүлдүлі Шаһизада Әбдікәрімовтің сол космодром аттас тырнақалды жеке жинағын өз қолымен құрастырып, жарыққа шығарды. Қалалық телеарна ашып беріп, оған бастық болуына ықпал етті. Әркез Шәкеңнің ғарыш тақырыбын ұңғыл-шұңғылына дейін білетін оқымыстылығын «Бас конструктор» атанған Сергей Павлович Королевтің өзімен шендестіреді. Тіпті: «Егер ғарышқа турист қана емес, ақын жіберуге де болатын заман туса, қасына Алтай Үсенов пен Дүйсенбек Аяшұлын ертіп, екі-үш күн самғап қайтуға қарсы емес», – дейді. Қазір Бауыржан сырбойылық атақты шайырмен бірге әр жазда бауырлас Түркияға барып, теңіздің суына шомылады. Осындайда өзіне ұқсатып сөз қайырсақ: «Осман жұрты ешқайда қашпас, келешекте ақын мен ғалымды ғарыш серуеніне жұптап аттандыратын мүмкіндік туса, жанына Шәкеңді алып, түбін қазса таусылмайтын қазыналы әңгімесін әуе кемесінің ішінде асықпай тыңдап қайтуына болар еді-ау», – дейміз. Туған күнін сол сапарға тураласа – тіпті керемет.

Ал енді кейіпкеріміздің қос туған күнінің қай-қайсысы да – қоғам өміріндегі атаулы даталар. 12 сәуірде ғұлама ғалым Қаныш Сәтбаев дүниеге келген. Соған сәйкес, ресми түрде Ғылым күні мерекеленеді. Бауыржан Омаров болса, сол Сәтбаев негізін қалаған Ұлттық ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, мәшһүр әдебиеттанушы. 1 мамыр – елді бірлікке ұйытатын Ынтымақ мейрамы. Оның да мән-мазмұны баяғыдағы ханға кеңес беретін би бабаларының ізін жаңғыртқан, мемлекетшіл мінезінің мәмілегерлік сипаты мол зерделі замандасымызға әдемі үйлесетіні анық.

Астрологтар адам баласының туған күні оның тағдыр-талайына әсер етеді деп, неше түрлі қисынды алға тартып жатады. Мұның қаншалықты ақылға қонымды екенін пайымдау әсте де біздің міндетімізге кірмейді. Тек Мұхтар Шахановтың танымал әніндегі «Сен туған күн – мерекеміз» деген бір қатар жол Бауыржанның дүниеге келген сәтін барша тілектесінің қуанышына айналдырып тұратындай көрінеді.

«Журфактың Жидебайы жоғалса да…»

Сөзінің жоқ шалысы,

Берекелі  әрі ісі.

Жұрттың жанын тербейді

«Қаратерең вальсі».

(Кейіпкерге еліктеу)

Өткен ғасырдың 70-80 жылдары КазГУ-дің журфагында оқыған студенттер кезекке тұрып, таласа-тармаса пайдаланған бір кітап бар. Ол – осы факультеттің тұңғыш деканы, профессор Тауман Салықбайұлы Амандосовтың орыс тілінен аударған «Журналист анықтамалығы». Мұқабасы сарғыш, мәтіні майда қаріпті, іші сол заманның БАҚ әлеміне қатысты ақпаратқа лық толы сол қалың кітап қазір көненің көзі ретінде библиографиялық құндылыққа айналып үлгерген. Әр дәуірдің өзіне шақ сөзі, сазы мен сәні бар десек, уақытпен және қоғаммен бірге жылдам құбылатын журналистиканың да әлгі анықтамалықта қамтылған мәселелерінің бірталайы тарихи фактілер жиынтығы қалпына көшіп, бүгінгі медиакеңістіктің өлшемдеріне сәйкеспей қалғаны сөзсіз. Енді осы олқылықтың орнын журналистер қауымы немен толтырмақ? Біздіңше, бұл сауалдың жауабы Бауыржан Омаровтан табылады.

Оның оқулық немесе ғылыми еңбек деуге келмейтін, дәстүрлі анықтамалық пен сөздікке де үш қайнаса сорпасы қосылмайтын, бірақ қазақ журналистикасының соңғы елу жылдық межесін әр қырынан қамтитын екі кітабы бар. Әуелгісі – «11-ші қаламұш», келесісі – «Төртінші билік». Екеуі де – эсселер жинағы. Алғашқысының аңдатпасын қазақ көсемсөзінің корифейі Әзілхан Нұршайықов жазса, кейінгісіне белгілі қайраткер-қаламгер Мұхтар Құл-Мұхаммед кіріспе лебізін білдірген. Мазмұнына жәй көз жүгіртіп қараған кісі бұл қос кітап қазақ журналистикасының жеке өкілдері туралы портреттік дүниелер жинағы деп ой түюі ықтимал. Рас, тұлғалар тағылымына бірінші кезекте ден қойылған; бірақ БАҚ-тың көркем сөзбен көмкерілген, тез жалықтыратын қасаңдықтан ада, жалпы жұртшылық үшін оқылымды тарихы, теориясы, тәжірибесі – үшеуі бірдей сырты жасыл, іші асыл сол егіз жинақта тоғысқан. Бұл Бауыржанның еті де, сүйегі де өз кәсібімен сіңісіп кеткендігін дәйектейді.

Біріншіден, Бауыржан Омаров – қаршадайынан қазақтың маңдайалды мерзімді басылымдарының «отымен кіріп, күлімен шығып», көрігінде шыңдалған, қазанында қайнап піскен азамат. Университеттегі оқуын бітірмей жатып жастар баспасөзінің флагманы – «Лениншіл жас» газетінің табалдырығын тілші боп аттаса,  одан бергі уақытта «Литер Меdіа» ЖШС-нің атқарушы директоры, «Астана хабары» газеті бас редакторының бірінші орынбасары, «Айқын» газетінің бас редакторы, құрылымына «Ана тілі», «Уйғур авази», «Экономика» газеттері мен «Ақиқат», «Мысль», «Үркер» журналдары кірген «Қазақ газеттері» ЖШС-нің бас директоры болып қызмет атқарды. Танымал спорт журналисі Қыдырбек Рысбекұлы екеуі тізе қосып, «Ер Дәулет» ақпарат агенттігін құрды. Қазір әрқайсысының ширек ғасырлық тарихы бар –  қызылордалық «Қоғам ТВ» телеарнасы мен «Ақмешіт ақшамы» газеті оның ұтқыр қарым-қабілетінің арқасында дүниеге келді. «Хабар» телеарнасында жемісті жұмыс істеп, «Жеті күн» ақпараттық-сараптамалық бағдарламасын жүргізді. Бұған Мәдениет және спорт министрлігінде Ақпарат және мұрағат комитетін басқарғанын, бертінде ҚР Президенті Баспасөз хатшысының орынбасары болғанын қосыңыз. Мінекей, өзгелермен бөлісу үшін БАҚ саласының талантты өкіліне бұдан артық не тәжірибе керек?!

Екіншіден,  Бауыржан Жұмаханұлы студенттік аудиториядан ешқашан  қол үзген емес. Тәжірибесін теориямен тиімді ұштастырды. Өзі бітірген КазГУ-дің журналистік шеберлік және әдеби редакциялау кафедрасында оқытушылықпен айналысып, шәкірт тәрбиеледі. Онымен шектелмей, 1996 жылы сол кездегі ректор Бақберген Сәрсенұлы Досманбетовтың шақыруымен Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетіне проректорлық қызметке барып, осы оқу ордасында «журналистика» мамандығының ашылуына мұрындық болды. Әл-Фараби университеті журфагының сол жылғы бір топ үздік түлегін өзімен бірге ала кетті. Ағайларының соңына ілескен  жас мамандардың қатарында қызылордалық Гүлмира Әшірбекова, Әділжан Үмбетов, Асыл Оразова, шымкенттік Аягөз Әбдіразақова, атыраулық Нұрлыбек Ғизатов бар еді. Тұла бойлары иба мен инабатқа толы  өрімдей үш қыз Сыр бойында кәсіби журналистік білім берудің негізін қалауға бар ынты-шынтымен атсалысты. Сөйтіп, әріптестерінің құрметіне бөленген Аягөз бен Асыл Қорқыт университетінде біржолата тұрақтап қалса, филология ғылымдарының кандидаты дәрежесі мен доцент атағын алған Гүлмира кейіннен елордаға ауысып, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің баспасөз және баспа ісі кафедрасының меңгерушілігіне тағайындалды. Ілтипатты  мінезімен, ілкімді машығымен айналасын тәнті етті. Жігіттер жағы да үмітті ақтады. Әділжан мен Нұрлыбек ә дегеннен газет жұмысына белсене араласып, бас редакторлық қызметке дейінгі журналистік баспалдақтың бәрінен өтті. Ал әлгі баянды көштің басында тұрған Бауыржан Омаров біраз жылдан бері ЕҰУ-дің телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының профессоры ретінде студенттерге дәріс оқиды, магистранттар мен докторанттардың ғылыми зерттеулеріне  жетекшілік етеді. Сондықтан бұқаралық коммуникация теориялары ұдайы оның назарынан қағыс қалмайды.

Үшіншіден, қазақ баспасөзінің даму жолдарын зерттеп, іргелі оқулық жазған ғибратты ғалым Қайыржан Бекхожиннің жолын жалғаған ізбасарларының  көбі ХХ ғасыр басындағы ұлттық журналистиканың жоғын түгендеп жатса, Бауыржан Омаров бөлек бағдар ұстанып, ешкім електен өткізе қоймаған соңғы жарты ғасырдың шежіресін өзінше шертеді. Әшейінде құрғақ дерек, сүреңсіз баян, жансыз тізім түрінде берілетін қайсыбір мәліметтер оның жазбаларында реңі ашылып, бояуы түрленіп шыға келеді. Шындығында, ұлық ұстазы Зейнолла Қабдолов «Менің Әуезовім» шығармасы арқылы қазақ әдебиетін роман-эссе жанрымен байытса, Бауыржан Омаров ұлттық журналистикада мақала-эссенің өзіндік сүрлеуін салды. Ол қырықтан астам «төртінші биліктің тарландары», «ақпараттың ақмылтықтары» жөнінде көсіле толғап отырып, солардың көлеңкесінде тасаланып тұрған журналистика тарихының жықпыл-жыраларына да жарық сәуле түсіреді. Мысалы, «1980 жылы Мәскеуде жас журналистердің бүкілодақтық фестивалі өтті», «Жетпісінші жылдардың аяғында «Қазақстан пионері» газетінің редакциясы «Мәңгі өшпейтін із», «Күнге бет алған керуен» атты экспедициялар ұйымдастырды»  деген секілді жай хабарлы сөйлемдердің өзі әрі қарайғы оқиғаларға жол ашатын белгілі бір ақпараттық жүк арқалап тұрса, «Әзілхан Нұршайықов соғыста жүргенде, «Қан мен тер» деген поэзиялық шығарма жазбақ болыпты»,  «Біздің кейіпкеріміз (Шерхан Мұртаза – А.Ш.) «Лениншіл жасқа» редактор болып келгенде, таралымы аса көп емес екен. Оны 150 мыңға дейін жеткізеді. «Жұлдыз» журналының таралымын  250 мыңға дейін өсіреді» деп әңгімелейтін үзіктер қызықты да құнарлы фактілермен таныс қылады. Жалпы, Бауыржанның осы жинақтарынан өткен ғасырдың 70-80 жылдарындағы редакциялардың мекен-жайлары мен телефон нөмірлерінен бастап газет-журналдардың жылдық жазылым бағасы қанша болғанына дейінгі мағлұматтарды теріп алуға болады.

Көңіл көншітетіні, ертеде Амандосов тәржімалаған анықтамалықтың қолдан-қолға көшіп жүргеніндей, «11-ші қаламұш» пен «Төртінші билік» кітаптарын да заманауи журфак шәкірттерінің «Тауып бере аласыз ба?» деп қиылып сұрағанын талай рет көзімізбен көріп, құлағымызбен естідік. Соны өзіне айтсақ: «Қойшы, солар қайбір ынтық боп тұр дейсің? Шын ниетімен оқыса жақсы ғой. Курс жұмысына көшіріп алатын нәрсе таппай жатқан шығар», – деп бет бақтырмайды. «Плагиаттан» күдіктенсе, шеке тамыры адырайып кетеді. Кезінде «Журналист анықтамалығын» да солай кәдеге жаратқанымызбен шаруасы жоқ.

Бауыржан Омаров кез келген залды аузы-мұрнына дейін толтыратын жанкүйері бар екеніне қарамастан, өмірінде бірде-бір кітабының таныстырылымын жасап көрмепті. Бірақ, ғажабы сол, не жазғанын жұрттың бәрі онсыз да біледі. Әрі «мен туралы жазшы – лайықпын ғой» деп қыр соңынан қалмайтындар да жетіп-артылады. Ондай «тапсырыстардың» ыңғайына жығылу – мұның табиғатына жат. Жазбақ түгілі, кірпідей жиырылып қалады. Өз оңтайына келетін, ішкі дүниесі жылы тартып тұрған кейіпкерді ғана таңдайды.

Бір қарағанда, Бауыржан ырымшыл емес. Бойтұмар тақпайды, бал аштырмайды, жұлдызнамамен әуестенбейді. Дегенмен, ақжолтай цифрларға бей-жай қарамайтын әдеті бар. Өзі бір жерде былай толғанады: «Мына сәйкестікке сенер ме едіңіз?! Жаңа қызметіме тілектестік білдірген шағын мақала жарияланған «Астана ақшамы» сол күні 77-ші нөмірмен шықты. Ертеңіне Алматыда бас редактор ретінде алғашқы «Айқынға» қол қойдым. Сол жолы газеттің 777-ші нөмірі шықты! «Айқынға» 7 мамырда алғашқы бас редактор Серік Жанболаттан кейін келдім. Сондай-ақ бір кезде «Хабардағы» «7 күнді» де Серіктен қабылдап алған едім». Әрі қарай: «7 санына қатысты жетістіктеріміз мұнымен де шектелмейді. Бірақ ол – басқа әңгіменің тақырыбы», – деп жұмбақтай салыпты. Соның шешімін әрі-бері іздеп, шын туған күнін «12.04» деп белгілеп, цифрларды өзара қосқанымызда «7» шықты. Жаңағы екі кітабының атауларында 11 мен 4 сандары кездеседі. Алғашқысынан кейінгісін шегеріп тастасақ, тағы «7» болды. Жасаған арифметикалық амалымыз осы.  Басқасы өзіне аян.

Мақалаларына ат қойғанда да цифрларға жиі жүгінеді. Қараңыз: «Бес Олимпиаданың куәгері», «№1 ойыншы», «Үш тоғыс», «IV Бекхожин», «Сегіз сабақ», «Оныншы перзент», «Жүз қаз, жүз том және жүз жас», «Үлкен үшеудің үлгісі», «7, 77 және 777»… Сондай-ақ «Қос ағыс», «Жалғыз арша», «Жалқы мерген» де –  осыларға бөтен емес. Ал «5-ші жатақхана» деген эссесінің күллі журналист қауымы үшін орны айрықша. Неліктен?

Бауыржан Омаров үшін дүниеде ең құтты екі мекен бар тәрізді. Біріншісі –  «Қаратерең вальсі» атты сырлы кітабын сый етіп ұсынған, «ыстық құшағын жан анасындай көретін, өзіне арнап жыр маржанын төгетін» сүйікті туған ауылы. Екінші қайырлы қоныс – КазГУ қалашығында бой көтеріп, 1981 жылдан бастап қазақ қаламгерлерінің алтын бесігіне айналған 5-ші жатақхана. Журналистика факультеті түлектерінің әлсін-әлсін бет бұратын «шығармашылық Меккесі». Бауыржан оның тарихы мен тағылымын, сыры мен сипатын, даңқы мен дақпыртын өзінің эссесінде жан-жүрегінен төгілдіріп суреттей отырып: «Діңгегің берік, тірегің мықты болсын, журфактың Жидебайы!» деп ақжарма тілекпен аяқтайды.

Биылғы маусым айында Алматыға, оның ішінде өзіміз оқыған университетке жұмыс бабымен жолым түсіп барғанда, «журфактың Жидебайына» соқсақ деген ниетім болған. Бірақ бірге барайық деп өтініш айтқанымда, сол арадағы әріптестеріміз күмілжіп қалды. «Қажет десеңіз бас сұғайық, бірақ 5-ші жатақханада қазір журналистер тұрмайды», – деген сөзді есіттім. Неге екенін қайдам, өзегімді бір өрт жалап өтті. Бұрынырақта, орта білім алған мектебіміздің тарихи маңызы бар зәулім ғимаратын бұзып тастағанын естіген кезімде дәл сондай күйді кешкенмін. Не деріңді білмей қалады екенсің мұндайда.

Бауырым, өткен күнді көп аңсама,

Жете ме тірілтетін оған шама,

Жазғаны Бауыржанның жадта қалар,

Журфактың Жидебайы жоғалса да! –

деген шумақ ойға оралды. Рас, кейінірек, қасиетті құтхананың журфакқа қайта берілгенін көрдік. Бұрынғыдай бола ма, жоқ па, қайдам… 

Бәрібір, Бауыржан 5-ші жатақхананың заты өзгерсе де, аты ұзаққа кететіндей қылып, оның құрметіне сұлу сөзден күмбез соғып берді. Енді жатақхананың ілгерідегі дәуірін сағынғанда соны тамашалап, тәу етеміз.

Гипербола мен гиперболоид

Ортасы кең, сан қилы,

Жан-жүрекке нәр құйды.

Кішік мінез ұлықтың

Кісілігі аңқиды.

(Кейіпкерге еліктеу)

Бауыржан Омаров – жеңіл қалжыңның ұстасы, зілсіз қағытпаның шебері. Онысын қолма-қол шығарады. Сатираның жолын бірыңғай тұтынса, Көпен көкесімен күнде бірге шәй ішіп, юмор теріп жүрер ме еді;  айтыстың даңғылына түскенде, Жүрсін ағасының дөй сарбазының біріне айналып, сахнада ойнақ салғанына куә болар ма ек. Екеуіне де хобби ретінде қарап, уақытында қоя салды. Оның есесіне, сол әзілкештіктің де, суырыпсалмалықтың да өрнектері эсселерінің өзегіне шеберлікпен өріліп жатады. Қара базар тіршілікте де әр нәрсені жоқ жерден қиыстырып, айналасын күлдіріп жүргенді қалайды. «Баукең қатырып айтады ғой…», – дейді тамыр-танысы мен жора-жолдасы. Оның ойлап тапқан гиберболаларының әсері кейде Алексей Толстойдың фантастикалық романындағы инженер Гариннің гиперболоидының екпінін он орап алады. Жарылқап аға Бейсенбаев туралы жазғанындай, «ұлт ұғымын ұлғайтып» жүргенді ұнатады. Лексиконында литота (кішірейткіш сөздер) жолыға бермейді.

Бауыржан «үкіметтің жұмысына» үздіксіз жегілсе де, шығармашылық бабынан жазбайды. Қуаты таусылмайды, қайнары сарқылмайды. Журналистік мамандығына адалдығы өз алдына, ғылымының жай-жапсарына тіпті қатты алаңдайды. Қолы қалт етсе, бір бөлігі сөреде сіресіп, ең керегі жазу үстелінің үстінде қат-қат болып тұратын кітаптармен қауышады. Жеке архивіндегі бума-бума қағаздарды ақтарады. Зерттеу мақаласының нобайын хатқа түсіріп, нүктесі мен үтіріне дейін ерінбей-жалықпай әбден қырнайды. Сосын барып қана тиісті басылымға жөнелтеді. Ғылымның шынымен де зейнетінен гөрі, бейнеті көп. Тасбақа жүріс, өгіз митың жетеді мұнда. Соның өзінде күлкіге орын табады. Бір мысал. Ертеректе, докторантурада оқып жүрген кезімде Бауыржан әдеттегіше қоңырау шалды. Сұрағы да күндегіше: «Жағдай қалай? Не істеп жатсың?». Диссертацияммен әуреленіп, діңкем құрып шаршап отыр едім. Жауабым былай болды: «Өй, мынаның бітетін түрі жоқ. Баяғыда аспаннан кітап түсетін замандар болған екен. Маған да біреуі дайын күйінде жерге күмп ете қалса ғой деп тілеп отырғаным». Сонда Бауыржан даусын өзіне тән мысқылды интонацияға салып, тұтқаның ар жағынан баяу ғана: «Екеу деп айт…», – деп сыбырлады. Өйткені өзі де тап мен секілді докторлық диссертациясының қамымен қарбалас боп жүрген.

Бауыржан бір-бірімен онша қабыса бермейтін әлденеше шаруаны қатар бітіруге дағдыланған. Дүниедегі барлық жаңалыққа құлағы түрік. Көзі қиядағыны шалады. Телефонына тыным жоқ. Кісіге қайыры мол. Төңірегін түгендеп отырады. Сондықтан өзгелер де оны іздегіш. «Қара қазан, сары баланың» қамымен қоса, достың, әріптестің, шәкірттің, тіпті жеті атадан қосылатыны я қосылмайтыны белгісіз алыс ағайынның мәселесіне бас қатыратын екі адам болса, соның бірі – Бауыржан. Қолынан келсе, көмегін аямайды. Болмай жатса, қосылып уайымдайды, жылы сөзімен жұбатады. Тірліктің құрдымына кетті-ау деген кейбір жанға шын жанашырлықпен жасаған ақыры сәтті жәрдемін көргеніңде, анау ұлы мұхиттың түбінде шірік қаңқасы шөгіп жатқан «Титаниктің» өзін тірілтіп алып, құрлықтың бетіне көтеріп шыққандай әсерге бөленесің. Бұлақ көрсе, көзін ашу; шыбық көрсе, ағаш етіп өсіру – оның адамшылық кредосы. Бұл әкенің қанымен, ананың сүтімен туабітті дарыған қасиеті деп ойлаймын.

Бауыржанның есте сақтау қабілеті көпшілікке екібастан мәлім. Мысалы, қай жылы, қай күні, қай пойызда, оның қай вагоны мен қай купесінде қандай кісімен бірге сапар шеккенін, әлгі жолаушының аты-жөні кім, ауылы қайдан, кәсібі не, мінезі қалай, т.б. туралы әңгімелей жөнелгенде, миының ішіне диктофон қондырып қойған ба деп ойлайсың. Бала күні жаттаған өлеңдері, тақпақтары, жырлары оның тілінің ұшынан сол күйінше төгіліп тұрады. Әдеби мұрасын өзінің кандидаттық диссертациясының тақырыбы етіп зерттеген Мұрат Мөңкеұлының дәуірінде өмір сүргенде, «Қырымның қырық батырын» таңнан таңға ұрып жырлайтын жампоздың нақ өзі боларына күмән жоқ. Әзіл-әжуаға жүйрік Бауыржан қазақтың зар заман әдебиетінің көрнекті ақынын зерттеп-зерделегенде, өзінің ой ордасын өлшемі өзге көркем кеңістікке көшіріп қоя тұруға іштей бейімделген шығар. Өйткені ол поэзияның өзегі – сарыуайым сарынға толы қайғы мен қасірет. Жаттан теперіш көрген ұлттың трагедиясы. «Еділдің бойы – қанды қиян, Жайықтың бойы – майлы қиян, Маңғыстаудың бойы – шаңды қиян, Адыра қалғыр Үш қиян!» деп шерін ақтарған Мұраттың қонысының бәрі – қайырсыз, құтсыз; онда Бауыржанның қаймағы бұзылмаған Қаратереңі мен жалауы жығылмаған 5-ші жатақханасына ұқсайтын мекеннің елесі де жоқ. Бірақ сол Мұратты сол Бауыржан тағы да жатқа оқиды. Демек, көкірегіне қос тарап қатар сыйып тұр деген сөз. Ал ғылымға баптаған тәлімгері, шешен сөздің хас шебері Зейнолла Қабдолов сегіз қырлы, бір сырлы шәкіртіне сүйсінгені сонша, бір дастарқанның үстінде оны келістіре мақтап келіп: «Тобықтай түйінін айтқанда, біздің Баукең – шын мәнінде бүтін бітім», –  деп  кейіптегенде, Бауыржан қасында тұрған бізге: «Бір түрлі сеніп қала  жаздайды екенсің…», – деп сыбырламасы бар ма? Қапелімде күлкімізді әзер тежедік. Кейін Бауыржан ұстазы туралы «Бүтін бітім» деп аталатын атан түйеге жүк боларлық естеліктер кітабын құрастырып шығаруға, оның «Менің Әуезовім» атты роман-эссесінің түрік тіліне аударылып жарық көруіне ұйытқы болды.

Ол әрдайым өзін әдебиетке баулыған ұстаздарын, ғылым жолында қол ұшын созған ағаларын аузынан тастамайды. «Мерейтойы жақындап қалыпты ғой… Мектептің аты берілсе жақсы болар еді… Ескерткіш қойғанға лайық… Қолжазбасын кітап қылып шығарған ләзім… Телеарнаға хабар түсірткен жөн…» деп, тірісіне ілтипатын көрсетіп, өлісінің аруағы алдында құрақ ұшады. Көбісіне портреттік мақала арнаса, бірқатарын тартымды суреттемелері мен этюдтерінде орайын тауып бейнелеп береді. Оның кейіпкерлер галереясында мектептегі мұғалімдері Бибайша Алпысбаева, Сәмен Құлбарақов, Шанжархан Бекмағамбетов, өзі қоян-қолтық араласқан әдебиеттану әлемінің игі жақсылары Қабиболла Сыдықов, Серік Мақпыров, Мұхамедрахым Жармұхамедұлы, Жұмағали Ысмағұлов, Жанғара Дәдебаев, Уәлихан Қалижан,  іргелес ғылымдардың жарқын өкілдері –  тілші Әділ Ахметов, фольклоршы Сейіт Қасқабасов, философтар Жабайхан Әбділдин, Ғарифолла Есім, Раушанбек Әбсаттаров, шығыстанушы Әбсаттар Дербісәлиев, тіпті биолог Рахметқажы Берсімбаев мәртебелі орнын тапқан. Ал жеке-жеке журналистік сұхбат құрған тұлғаларының аттарынан ат үркеді: Талғат Бигелдинов, Әбіш Кекілбаев, Серік Қирабаев, Мырзатай Жолдасбеков, Ақселеу Сейдімбек, Сергей Кляшторный, Қойшығара Салғараұлы, Дүйсен Қасейінов…

Адам мен адамды табыстырып жүретін Бауыржан өзінің докторлық диссертациясы арқылы ел мен елді қауыштыратын деңгейге жетті. Қазақ пен қырғыздың антиутопиялық әдебиетін сабақтастыра зерделеп, Дулат, Шортанбай, Мұрат, Әбубәкір Кердері, Албан Асан мұрасын Манас жұртының Қалығұл Байұлы, Арыстанбек Бұйлашұлы, Молда Қылыш Шамырқанұлы секілді шоң жыршылармен үндестірді. Шыңғыс Айтматовтың сүйікті шәкірті – қырғыздың көрнекті әдебиеттанушысы, академик Абдылдажан Ақматалиевпен ғылыми ынтымағы ағалық-інілік достыққа ұласып, бауырлас елдің ғалымдарымен байланысы әбден орнықты. М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты ежелгі әдебиет бөлімінің меңгерушісі болған Бауыржан Омаров мұнан әрі қарай зерттеу өрісін кеңейтіп, көне үнді сюжеттерінің түркі халықтары сөз өнеріне ену үдерісін түп-тамырымен қопара қарастыруды қолға алды. Алғашқы тың, тұшымды нәтижелерін ғылыми журналдарда жариялап та үлгерді.

Бесаспап Бауыржан барлық нәрсеге епті көрінер. Бірақ оның да аз-маз  «ақсап» жатқан тұстары бар. Мәселен, үй шаруасына қыры жоқ. Пәтер есігінің құлпы бұзылып тұрғанын көріп, ескерту жасасаң: «Тойған мәстір шақырып жатқан…», – дейді. Соғым сойдыратын кезде сөйлессең: «Қой, мен білмеймін, Тойған кеткен таңертеңмен мал базарға…», – деп былқ етпей отыра береді. Қысқасы, осылар іспетті мәселенің бәрі өмірлік қосағы, үш ұл, бір қыздың анасы, алты немеренің әжесі Тойған Нұрғалиқызына тіреледі. Соның арқасында Бауыржанға күнделікті күйбең бұйым емес. «Тылы мықтының тілі мықты» деген осы.

Ұшақ пен тікұшаққа секіріп мінетін, ғарыш кемесін тізгіндеуге де даяр Бауыржан Омаров жер бетінде жылжитын көлікке онша бейім емес. «Қаратереңнің көшелерінде мотоциклмен құйғытушы ек»,  – дейді. Сенгім келсе де, «еее… қайдам» деп қоям ішімнен. Қызылордада басшылық қызметте жүргенінде Тілектес деген өзінен жасы үлкен, бірақ рухани жағынан үйлесімді – «ұлты қазақ, руы қырғыз» шопыры болды. Бір күні Бауыржанның жүргізушілік өнерге аяқ астынан ынтасы оянды. Машықтанатын «автополигон» белгілі: қаладағы ескі әуежайдың ұшу алаңы. Үшеуіміз сонда бардық. Бір-екі ит көйлекті бұрын тоздырған Тілектес төрі бар жерде әдетте Бауыржаннан жоғары шығып отырып алатын. Енді бастығы соның есесін қайтарып, Тілектестің орнына жайғасты. Бауыржанның орнында қаздиған шопыры оның не қимыл-қозғалыс жасайтынын ежіктеп түсіндірді. Көлік ақырындап жылжып, бара-бара екпіні үдей бастады. Мен «Волганың» кең салонының арт жағындамын. Өзімізше тым тәуір келе жатқанбыз… бір уақытта аумағы ат шаптырым алаңның анау басынан қарайған мақұлық көрінді. «Ешкі», – деді Тілектес жәймен. Бауыржан жанұшыра: «А? Ешкі!», – деп әжептәуір жылдамдық үстіндегі көліктің тежегішін аямай басып қалды. Сүйегі ауыр мәшине жан екпінмен зырқ етіп, күрт тоқтады да, үні өшті. Бауыржанның кеудесі рөлге, Тілектестің маңдайы әйнекке соғылды. Арттарынан төніп тұрған мен екі орындықтың арасына сылқ еттім. Сонымен, Бауыржанның шопырлық курсы басталмай жатып аяқталды.

Одан бұрын да, әйтеуір тақымыма көлік тигелі бері, үйіміздің арасы ылғи жақын болғандықтан, Бауыржанды өзіммен бірге жиі таситынмын. Біз мінген көкжасыл «тоғыздықтың» нөмірінің сериясы «ЕЕМ» еді. Бауыржан оны  «еріккен екеудің машинасы» деп таныстыратын. Жастықта ерігетін де, зерігетін де кездер болатын шығар, бәлкім. «Айтатұғын сол шыным, Демен бұған өкіндім. Өмірі оған көршімін, Өмірі оған шопырмын» деген тақпаққа сәйкес, әлі де анда-санда сол міндетімді атқарып қоямын.

Хиросима мен Бангкокте өткен Азия ойындарына тілші ретінде барып, қазақ газеттеріне күн сайын репортаж жазған, бірақ жеке басының спортқа ебі жоқ,  дүниенің барлық тірлігін дөңгелететін, алайда үйіндегі қазан-ошаққа себі жоқ Бауыржан қазір жаяу жүрістің майталманы болған. Бес уақыт намазын қаза қылмайтын мүсілім секілді, 365 (366) күн бойына, яғни жыл он екі ай кешкі серуенін үзбейтін алашшыл академик досы Дихан Қамзабекұлының «командасына» қосылып, елорданың көрікті көшелерін армансыз адақтайды. Жүрісін жаяулатса да, тынысын баяулатпайтын бойшаң Бауыржан әркез  көштің алдынан көрінеді.

Әзілхан Нұршайықов оның «11-ші қаламұш» атты кітабына жазған алғысөзінде: «Журналистер төрт моторлы ұшаққа ұқсайды. Олар – әрі ақын, әрі тарихшы, әрі суретші, әрі ғалым. Осы төрт «мотор» жердегі жазушыны биікке самғатады», – депті. Дуалы ауыз қаламгердің батасы қабыл болып, ұшақты Қаратереңнің «төрт моторлы» баласы әрқашан  елінің аспанында қырандай шарықтасын дейміз.

Сөз соңындағы ескертпе. Бауыржан журналистика факультетін бітірерде өзінің дипломдық жұмысын профессор Темірбек Қожакеевтің жетекшілігімен «Бүгінгі қазақ пародиясы» деген тақырыпта қорғаған болатын. Мен осы жолы саналы түрде эссенің Бауыржан енгізген формасына шама-шарқымша еліктеп, пародияның элементтері бар мақала жазуға тырыстым. «Болмасаң да ұқсап бақ» деген…

Амантай ШӘРІП,

ҚР ҰҒА академигі,

филология ғылымдарының докторы, профессор

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<