Қара кетпеннің иесі

125

0

Ақ күріштің атасы, даңғайыр диқан Ыбырай Жақаевтың шәкірті, ізбасары, еңбек және тыл ардагері, бірнеше марапаттың, қара кетпеннің иесі Асанұлы Арғынбай аға туралы ойларымды талғам таразысына салып, қолыма қалам алдым.

Қызметтегі тазалық пен әділ шешімдер қай кезде де басшылықтың абыройы мен беделін биіктететіні белгілі. Оған қарамастан бір ғұламаның айтқаны еске түседі. «Табиғатта тек бүркіттер ғана өмір сүрмейді. Одан әлсіздеу құстар да бар ғой. Мысалы, қараторғай» деген.

Мұхтар Әуезов «Адамда екі түрлі қылықтың бары анық» дейді. Осылар менің кейіпкерімде бар болатын. Біріншісі – адамгершілік. Екіншісі – күнделікті тіршілік қамы. Азаннан кешке дейін егінді баптаудан басқа ойы жоқ, күріштен межеге жету. Бұл да – өнер. Өнердің өнері.

Арғынбай Ыбырай шәкірттерінің алдыңғы сапында болды. Колхоз түгілі ауданның алдыңғы күрішшілерінің тобынан түскен жоқ. Үйі Ыбекеңмен көрші. Басқаға ол қызық емес шығар, бұл кісілердің әңгімелесе қалса айтатыны күріш жағдайы еді.

Колхоз басшылары, агрономдар Күріш ғылыми-зерттеу институтымен тығыз байланыста болды. Ертеректе Ыбырай Жақаевпен арнайы жұмыс жасаған Әнес Алтынбеков Арекеңді көріп, күрішін аралап, жаңа сорт «Кубан-3»-ті егуді арнайы тапсырды. Кейіннен «Узрос», «Лиман», «Ақ маржан» сорттары егілетін болды. «Ақ маржанды» жергілікті ғалым-селекционер Құрманбек Бәкірұлы шығарды. Шиелідегі Ы.Жақаев атындағы күрішшілер мектебі маман даярлады. Арғынбай аға да барып білімін шыңдады, тәжірибе алмасты. Алғашқы кезде колхоздың агрономы Мұстафа Тәжіков еді. Кейін колхоз бастықтары Мәулен Рахметов, Рахмет Нұрекеев, Қазбек Оспанов, Әнуар Кенбаев, Мұхит Смайлов, агрономдар Сейілбек Асқаров, Сейілбек Жақаев, Омархан Пәшкеновпен күріш жөнінде бас қосқан жиындарда ақыл-кеңестерін тыңдады, оны іске асырды.

Арғынбай аға бесжылдықтардың, жетіжылдықтардың еңбек адамына қойған тапсырмаларын мүлтіксіз орындады. Жоғарғы өнімге қол жеткізіп, шәкірт тәрбиеледі. Күріштің әр гектарынан жоғары өнім алған Серікбай Бегалиев, Күлімхан Бекжігітова, Серікбай Сейтімханов, Әмір Бөпежановқа ағалық қамқорлығын аяған жоқ. Өз бригадасында Ыбекеңнен кейінгі орынды алып отырды.

Ұлы Абай «Адамнан адамның артықшылығы – білімінде» дегендей жаңалықтардың жаршысы бола білді. Күрішшіге тапсырма беру – мол өнім жинаудың, межені орындаудың кепілі. Күндіз-түні еңбек етті. Жұмысы тиянақты, іске адал, өзінің сөзімен, мінезімен, сенімімен, білімімен елге сыйлы болды. Елін, халқын сыйлады. Олар оны сыйлады. Жаратылысынан сүйегі мықты, қаны да, жаны да тәртіпті адам. Колхоз өміріне адал. Мәнді де сәнді, мақсатты өмір сүрді.

«Даңқ» орденін аларда ауданның сол кездегі бірінші хатшысы Орынбасар Бәйімбетов, Қален Әбдешов, Тастанбек Түкібаев орденді қырман басында тапсырды.

Бұл кісінің байлығы да, бақыты да, құты мен берекесі де Тұрсынкүл апам болды. Алпыс үш жыл қарашаңырақта күтіп, аялап баптады.

Апай Арекеңмен бірге отыз жылдан астам күріш екті. Дүниеге он ұл мен қыз әкелді. Батыр Ана атанды. Барлығы өмірдің сан саласында, үйлі-жайлы, өз орындарын тапқан азаматтар. Ұлдардан Әуезхан, Батырхан, Асылхан, Бақытжан – күрішшілер. «Таңат» шаруа қожалығы бар. Арекең мен апайдан қырық немере, қырық алты шөбере тарады. 2002 жылы екеуінің Алтын тойы өтті. Биыл республикалық «Мерейлі отбасы» байқауына қатысып, Шиелі ауданы бойынша бірінші орынды, облыстық байқауда үшінші орынды иеленді. Ұрпақтары футбол командасын құрған. «Бір атаның балалары футбол ойнайды» командасы Тараз қаласында ойнап, Қазақстан бойынша елу алты команда арасынан жүлделі төртінші орынды иеленді.

Бүгінгі әңгімеміздің бас кейіпкері Арғынбай Асанов – бар асыл қасиетті бойына жинап-сіңіру арқылы осындай еңбек жолынан, өмір мектебінен өткен, туған жерге тер төккен азамат.

Еңбекке деген ақыл-парасаттың, күш-жігердің, табандылықтың үлгісін көрсеткен еңбек адамына көше атауын беру игілікті іс болары сөзсіз.

Сәруар ЕСЕНҚҰЛОВ,

еңбек ардагері

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<