Олжас Ысқақов, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы: «Дәрігер болу атамның арман-мұраты еді…»

418

0

Әдетте салалық басшылармен сұхбат құрғанда белгілі бір шеңбер ішін шиырлап қалатынымыз жасырын емес. Бұл жолы оның желісін өзгерек өзекке салдық.

Олжас Ысқақов – облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы. 40 жасқа енді келетін басқарма басшысы еңбек жолын емханадан бастап, министрлікте департамент директорының орынбасары қызметіне дейін сатылардан өткен.

«…Адам ғұмырында білім беретін және өмірлік ұстаз болады. Үйдегі ұстазым – әкем. Жас болсақ та жақсылы-жаманды көкейге түйгенді бөліскің келеді екен» – деді ол сұхбат алды сөзінде. Бұл ой неден туды?

Ендігісін әңгіме сарынынан салмақтап көрелік.

– Олжас Ермекұлы, әлгі ой ұстанымға қарағанда, қоғамның кейбір бет-бейнесін айқындап тұратын өмірлік ұстаз туралы айтарыңыз бар секілді. Шын мәнінде, біздің айналамыздағы құбылыстар алған тәрбие, көрген өнегемен өлшенетіні бар. Ашық, еркін пікірлестік болсын, бүгінгі беталыс қанағаттандырады ма? 

– Өмірлік ұстаз туралы әркім өз сана биігінде өлшем жасар. Әйтсе де, біз қазақпыз деп көкірек соққанымен, қарапайым отбасы құндылықтарын сақтаудың өзіне келгенде көші озық елдер бар екенін мойындауымыз керек. Айналамыз тәуір сөз, тұғырлы тақтаға толы болғанымен, іс жүзінде сол отбасылық құндылықтардың олқы соғып жататыны рас. Өркениетті мемлекеттерде отбасы, бала тәрбиесі, денсаулық мәселесі бәрі-бәріне үлкен мән береді. Адамдардың қарым-қатынасы, балаға деген өмірлік тәрбие ұстанымы қызықтырады. Бізде неге олай емес?

– Біз әлі ұраншылдықтың жетегінде жүрміз дейсіз ғой…

– Ойымыз ортақ түсті. Расында, қазіргі қоғамның тамыр соғысы бөлек. Бәрі тез әрі кей жағдайда адами құндылықтар қисынсыз күйге өзгеріп кетіп жатыр. Мұның бәрінен денсаулық саласы тысқары қалмайды. Шақалақтан бастап, айыпқа бұйырмаңыз, шалдың саулығына дейін халықтың амандығына араша тұратын мамандарды сол қоғамдық өзгерістер алаңдататыны шындық. Қаншама еңбек, көңіл, демеу, ем жасалып жатқанымен кейде бір ғана қисынсыз пікірдің барлық ақ халаттыларға дақ түсіретіні өкінішті.

Облыста 3 мың дәрігер бар. 12 мың орта буын, жалпы алғанда 20 мыңға жуық медицина қызметкері жұмыс жасайды. Кейде сол дәрігерлер арасынан беделді, белгілі, республика мойындаған мамандарды базбір кісілердің жамандап келетініне қарның ашады. Осындайды ой елегіне салғанда айналамыздағы тәлім-тәрбиенің өлшемі кейде ойландырмай қоймайды.

– Ұстаздан жолым болды деп ойлайсыз ба?

– Мен қалалық №235-ші орта мектепте оқыдым. Ол кезде беделді Үрбибі Тасқынбаева директорлық етті. Тәртіптің темір қазығын ұстаған нағыз ұлағат иесі. Екінші мөлтек ауданда қатар орналасқан көпқабатты үйде тұрдық. Өзге де көршілеріміз ұстаздарымыз болды. Біздің көп уақытымыз сол кісілердің көз алдында еді. Алғашқы әліппені үйреткен Ақнұр апайымыз болды, онан кейінгі сынып жетекшіміз марқұм Ұлман Асқарова білім-тәрбиесін берді. Әрбірімізге өз баласындай қарайтын. Балалық арманымызды ұштап отыратын. Әйтсе де мен дәрігер боламын деп ойлағаным жоқ. Атам да, әкем де құқық қорғау саласының өкілдері. Сол кісілердің жолын қууды ойладым. Бірақ, 9-шы сыныпты бітіргенде атам бұл ойымды өзгертті. Сондағы айтқаны: «Іштей арман-мұратым дәрігер болу еді, оның сәті келмеді. Медициналық училище оқыдым, Алматыға медициналық институтқа түстім, бірақ бұйырмады. Сол арманымды сен жүзеге асырсаң» деді. Қарсы болғаным жоқ. Несін жасырайын, атам осы елдегі бір-екі беделді кісіге қолқа салып жүріп, медициналық колледжге түсірді. Фельдшерлік топта 4 жыл оқыдым. Директорымыз Раиса Көзденова. Темірдей тәртіп. Бостекі сөз, берекесіз іс жоқ.

Несібемізге орай колледж бітірерде сол кездегі облыс әкімі Мұхтар Құл-Мұхаммедтің бастамасымен үздік түлектер Алматыға оқуға қабылданатын болдық. «Игілік» қоры демеушілік жасады. Бұл өңірде дәрігер жетіспеушілігі мәселесінен туған бастама еді.

Алматы білім, ғылым, мәдениеттің орталығы ғой, көп нәрсені үйрендік. Қазақ педиатриясының атасы Камал Ормантаев, Қалыбай Дүрманов сынды атақты ұстаздар сабақ берді. Оқу бітіріп келген соң жаңадан ашылған №3-ші емханаға жұмысқа тұру сәті туды. Ол кезде бас дәрігер – Болғанай Сейтжанқызы Сарышова. Алғашқы еңбек жолыма ұстаз болған, тәлім-тәрбие берген міне осы кісі. Аймақтық дәрігер ретінде жұмыс істедім. Арада алты ай өткенде екінші терапия бөліміне меңгерушілікке бекітті. Қобалжуыма қарамай сенім білдірді. Сол қызметті үш жылдан аса атқардым. 2015 жылдың аяғында Ақмарал Әлназарова басқармаға басшы болып келді. 2016 жылы аймақта медицина саласы жаңа қарқынмен іске кірісті. Тәртіп күшейді. Бәрін өзі аралап көріп, талдау жасайтын. 2017 жылы емханада бас дәрігеріміз ауысып, Гүлстан Әубәкірқызы келді. Тәжірибелі, басқармада жұмыс жасаған білікті маман. Екі-үш айдан кейін емдеу ісі жөніндегі орынбасар етіп тағайындады. Арада екі жылдай өткенде Ақмарал Шәріпбайқызының шақыруымен басқармаға бөлім басшылығына бардым. Бұл мемлекеттік қызметтегі алғашқы баспалдақ болды.

– Аяқасты шешім қабылдау оңай болмаған шығар?

– Әрине. Сол кезде әкемнің сөзі түрткі болды. «Үйреншікті дағдыдан шығу керек» деді. Басқармада мен келген емдеу ісі жөніндегі бөлімде Гүлмейрам Қуанышқызы Тәшенова секілді белгілі мамандар қызмет еткен. Әр уақыттың өз талабы бар ғой, көп нәрсені басынан бастауға тура келді. Арада 7 ай өткенде емдеу ісі жөніндегі орынбасар Жақсылық Әбдусаметов Шиеліге бас дәрігерлікке ауысты да орнына мені қолай көрді. Шынын айтқанда, жауапкершілікті мойынға алуға қорықтым. Бірақ, сенімге қарсы келе алмадым.

Бір қызығы, сол бұйрық алған сәттен екі күн өткеннен кейін басқарма басшысы үш апталық академиялық оқуға жіберді. Оның ізін ала министрлікте бір апта таныстық, тәжірибе алу мақсатымен жүрдім. Қазір соның бәрі өмірлік мектеп екенін ойлайсың.

Ақмарал Әлназарова жұмысқа келгенде жан аямайды. Түнгі 11-де қайтады, хат біткенді үйінен қарап, тапсырма беріп үлгереді. Арал, Қазалыда аудандық аурухана құрылысының, Қазалы емханасы мен Қан орталығы құрылысының жобалары сол кезде жасалған еді. Қазір олардың игілігін ел көріп отыр.

– Әлемді әбігерге салған пандемияның зардабы әлі күнге дейін бар. Сол арпалысқа толы уақытта дәрігерлерге деген құрметтің жаңа сипатын танығандай едік. Қазір қалай?

– Орынды мәселе көтеріп отырсыз. Мен алдымен сол уақыттағы жағдайға тоқталып өтейін. Облыстық басқармаға Жақсылық Әбдусаметов басшылыққа келген кез. Пандемия тарап, әдепкі қарбалас басталған шақта басқарма басшысы өзі індет жұқтырып ауырып қалды. Жағдай күннен-күнге ушығып, жұқпалы кесел елді жайлады. Қоғамдық қатынастар қызметі іркілді. Жолдар жабылды, мекемелер қашықтан жұмыс істеуге көшті. Міне, адамзат баласы әбігер күй кешкенде елді сабырға шақырып, салиқалы сөзімен бірлікке үндеген беделді кісілердің деңгейі осы кезде танылды. Сол уақытта облыс әкімінің орынбасары болған Наурызбай Байқадамов сынды азаматтардың дәрігерлерден бір пәс те кем емес жанкешті қызметін көрдік. Күндіз-түні бірге болды. Байқасаңыз, өмірлік мектеп деген үлкен ұғымның қабырғасы осындайда қаланады екен.

Артық болмас айтайын, сенбі күні болатын. Қолымда сол жұқпалы кеселден қаза тапқан адамдардың тізімі. Қарап отырып, келген жасты ірки алмадым. Біз осыншалықты дәрменсізбіз бе, қолымыздан неге келмейді деген өксік әбден көкейді буып алған еді. Күн ертеңгі жексенбіге ауғанда өзімнің ыстығым көтерілді. Шыдап баққанмен қатерлі індет қоя ма, он күннен кейін ауруханаға жатуға тура келді. Өкпені ковид тұтас жайлап алған. Жиырма күн ем алдым. Сол аралықта өмірге деген көзқарасым өзгеріп кетті. Тіпті, несін жасырайын, ауруханадан шыққан бойда несиемнің бәрін жауып, алаң күйге түстім. Ол уақытта басқарма басшысы болып республикаға белгілі білікті маман Сәбит Бексейітұлы Пазылов келген болатын.

– Министрліктегі қызмет әрине, аймақтық деңгейден бөлек. Ұстаздан тағы жолым болды дей аласыз ба?

– Шын мәнінде, солай. Мен барған департамент директоры қызылордалық Мағрипа Хамитқызы Ембергенова болатын. Үш ай өткен соң сол кездегі министр Ажар Ғинаятқызы сенім білдіріп, департамент директорының орынбасарлығына бекітті. Өзіңіз айтқандай, аймақ пен орталықтың деңгейі басқа. Міне, сол қызметті екі жылдан аса атқарған уақытта облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың қолдауымен облысқа басқармаға келудің сәті түсті.

Бір түйгенім, әрбір ұстаздың білім, тәлім-тәрбие, тәжірибе беруде өзіндік бағыт-бағдары, ұстанымы бар. Қазіргі талап басқа. Тез шешім қабылданады. Аймақтағы медицина саласына, яғни адамның өмірі мен денсаулығына қатысты маңызды мәселелер, алда жүзеге асырылатын іс-шаралар облыс әкімінің тікелей бақылауында.

Өздеріңіз білесіздер, кейінгі жылдары өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жаңа деңгейге көтерілді. Тұрғын үйлер, мәдениет ордалары, денсаулық нысандары салынып, қаланы ғана емес, ауыл-аймақтың өзін абаттандыру іс-шаралары бұрын-соңды болмаған қарқынмен жүргізіліп жатыр. Мұның бәрі халықтың көңіл-күйіне, денсаулығына тікелей әсер етеді. Бұл санатта біздің қандай да бір елге пайда әкеледі деген бастамаларымыз қолдаусыз қалған емес.  

– Денсаулық демекші, медицина саласы түрлі реформаны бастан өткеріп келе жатыр. Салыстырмалы түрде айтыңызшы, отандық медицина қаншалықты ілгерілеу үстінде? Ел арасында түрлі пікір бар, мына көрші Өзбекстанды сөз ететіндер де аз емес дегендей…

– Өте маңызды мәселе қозғадыңыз. Қазір расында министрлікке оңай соғып тұрған жоқ. Қаржылық мәселе қиын. Кешегі су тасқыны, қаңтар оқиғасы, пандемия, жарылыстар, міне осының бәрі ізсіз қалған жоқ. Зардабы әлі екі-үш жылға дейін созылуы мүмкін. Алайда, отандық медицина жасанды жүрек орнату секілді әлемдік озық тәсілдерді жүзеге асырып жатқанда ілгерілеу жоқ деу қисынсыз. Бұл көрші елдерге қарағанда жетістік. Ал енді, әлгі айтылған Өзбекстан жөнінде туралыққа келгенде «қолда бардың қадірі жоқтың» керін келтіріп отырғанымызды несін жасырамыз. 

Бір мысал айтайын. Министрлікте жұмыс істеп жүргенде бір оқиға болды. Ол кезде науқасты шетелге жіберу комиссиясының мүшесімін. 7-8 жасар бала қатерлі дертке шалдығып, әкесі маған келді. Баласын шетелге емдеткісі келеді. Біздің Алматы, Астанадағы институттар баланы несіне жібересіздер, несіне қинайсыздар деген кеңес айтты. Бірақ әкесі көнбеді. Ешкімнің басына салмасын, ата-ананың үміті ғой. Сонан Испанияға алып кетті. Барселонада сондай ауруды емдейтін институт бар екен. Соған жатқызды. Әкесі күнделікті баланың жағдайын бейнебайланыс арқылы көрсетіп тұрды. Бала жақсарып келеді екен, біздегілер сандалған екен деген ой келді. Біздің бұл ойымыз мүлде қате болып шықты. Ол жақта заң қатал. Әйтсе де, сырттан келген балаға ата-анасының келісімімен емдеудің әдістемелік тәсілін қолданған. Олар өздерінің азаматтарына ондайды жасамайды. Қысқасын айтқанда, дәріні сынап отыр. Өкінішке орай, сол бала қайтыс болды. Ал олар баланың мәйітімен қоса ата-анасының есебіне 250 мың еуро аударды. Осыдан-ақ түсіне беруге болмай ма?

Қазір өзбек еліне баратындар көп. Олар ешқашан емдей алмаймыз деп айтпайды. Өйткені, ақша келіп тұр. Енді қараңыз, бізде емделмейтін, хаттамада жоқ, буынға, жұлынға укол салу, қан алмастыру деген тәсілдерді олар қолдана береді. Адамда қаржы жұмсап емделгеннен кейін жақсарып қалдым деген сезім пайда болады. Сосын бізге келеді де «сендер емдей алмайсыңдар, Тәшкенге бара жатырмын, ақшасын бер» деп байбаламға басатындар бар.

Бәлкім, біздің медицинаның қалыс қалып тұрған тұстары бар шығар, бірақ халықтың денсаулығы үшін мемлекет аянып жатқан жоқ. Кешегі күйікке түскен балаларды орталық алып кетіп, емдеп жатыр. Мұның өзі министрліктің аймаққа деген қолдауы, жақсы көзқарасы. Сондықтан, дұрыс пайым жасаған жөн. 

– Әлеуметтік желіге қатысты ойыңызды іркіп қалған жоқсыз ба?

– Жоқ, олай емес. Бәрін де ашық айтқан жөн. Бұл енді сөз жоқ, шиеленіскен мәселе. Кейде адамдық қасиетке сыймайтын жағдайларға қарның ашады. «Бұрын өкінішке орай ота үстінде кісі қайтыс болса, «қолдарыңнан келгенді жасадыңдар ғой» дейтін адамдар болатын. Ол біз үшін де оңай емес, кісіні жоғалтуды дәрігер жүрекпен қабылдайды. Ал қазір ота сәтті шықса да бүлікке бүйірі тартып, сол жерден кінәрат іздеп тұратындар бар» деген еді мыңдаған ота жасаған белгілі дәрігер ардагеріміз. Мұндайда не деуге болады?

Дәрігер ешқашан адамға қастық жасамайды. Білместік, тәжірибе жетіспеушілік не қателесу болуы мүмкін, бірақ қатыгездікке бармайды.

Қоғамда дәрігерге деген көзқарас өзгеруі керек.

Тағы бір мысал айтайын, біздегі балалар ауруханасына лор және окулист дәрігерлер келді. Жас, жалындап тұрған жігіттер. Амал қанша, ата-аналардың өктеміне шыдамай басқа облыстарға ауысып кетті. Оларға не дейсің?

«10 жыл оқыдық, енді келіп әркімнің айқайын, әкесін алып келіп қорқытқанын не шешесінің әлеуметтік желіге саламын деп бопсалауын көтеріп жүре беруіміз керек пе» дейді. Қандай жақсы мамандар. Сол жерде жүрсе талай істі игерер еді, талай балаға ем жасар еді.

Емханада жұмыс жасағанда небір сорақылықты көрдік. Он жылдан кейін ЭКО арқылы нәресте көтеріп, жұмыс үстінде көше аралап жүрген учаскелік медбикеге итін босатып жібергенді де білеміз. Қыс ауасы болып қалың күртенің арқасында аман қалды. Ал үй иесі «кім келіп тұрғанын қайдан білейік, бәлкім ұры шығар» деді. Міне, медицина қызметкерлерінің кей тұстағы жағдайына әділ баға берілуі керек.

Жасыратын несі бар, өзді-өзімізге жанымыз ашымаса өзге келіп ешқашан жарылқамайды.

– Сұхбат алды пікірлестікте бүгінгінің ертең тарих екенін айтып қалдыңыз. Сол тарих қай қағаздың жүзінде қалғаны абзал?

– Менімше, ақылы дүниенің азуы оңай. Осы жерге күнде болмаса да күнәра түрлі ұйымдардан өкілдер келеді. «Өмірбаян, қызмет туралы жазайық, 100-150 мың теңге берсеңіз «жұлдыздар» санатына енесіз» дегенді айтады. Ол бізге не үшін керек? Сатып алған кітап, сатып алған атақ абырой емес.

Қазірдің өзінде ақпарат әлемінің ақ-қарасы айқындалып келе жатыр. Елдің дәстүрлі БАҚ қызметіне көзқарасы қайта оңала бастады. Солай болуы да заңдылық. Сондықтан тарихқа айналатын сөз бен іс сенімді құралда қатталуы тиіс.

– Ұл-қыздарыңыздың қай мамандықты таңдауын қалар едіңіз?

– Өзім ер баладан жалғыз болдым. Екі қарындасым бар. Әйелім өзіммен бірге медициналық университетті қызылға бітірді. Шын мәнінде оның кәсіби әлеуеті жоғары. Бірақ, ол менің еңбек жолыма таңдау жасады. 90 жастағы әжеміз бен ата-енесіне, балаларымызға қарап, үй шаруасын дөңгелентіп отыр. Ал ұл-қыздың өз қалауындағы білім, еңбек жолында жақсы ұстаздар кезігуін тілер едім.

Иә, бәрі де жаңа оқу жылының алдында білім берген, өмірлік жол сілтеген ұстаздар еңбегіне ой жүгірткеннен шығып жатыр ғой. Десе де, бүгінгі әңгіме-сұхбатымыз өзіңіз айтқандай салалық шеңберден еркін ой алмасуға екпін алған секілді.

Қазір облыстың медицина саласында атқарылып жатқан қыруар жұмыс бар. Оның жүзеге асу деңгейін елге жеткізуде өңірдегі БАҚ өкілдерінің, оның ішінде облыстық «Сыр бойы» газетінің ықпалы зор.

Айтқандай, басылымның 95 жылдық айтулы белесі құтты болсын!

– Рахмет! Қоғамның ең қымбат қазынасы – адам саулығы жолындағы еңбектеріңізге табыс тілейміз!

Сұхбаттасқан

Қуат Шарабидинов,

«Сыр бойы».

Суреттерді түсірген

Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<